Құрметті кеңеске қатысушылар!
Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр.
Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды.
Халықтың денсаулығын сақтау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.
Енді Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады.
Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режимі аяқталды.
Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр.
Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті.
Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады.
Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады.
Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты.
Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады. Саябақтар ашылады.
Жолаушыларға арналған әуе тасымалының жұмысы қалпына келеді.
Бұған дейін 6 қаланың әуежайы ашылған болатын. Енді оған тағы 7 қала қосылады.
Көптеген шектеулер алынып тасталды.
Алайда, күнделікті өмірде сақтық шараларын қатаң ұстанған жөн.
Үкімет жаңа санитарлық ережелерді дайындап, енгізуі қажет. Шағын, орта, ірі компаниялар жаңа ережелерге сәйкес жұмыс істеуі керек.
Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, көпшілік жиналған жерде бетперде тағып жүру қалыпты жағдайға айналуға тиіс.
Облыстар арасындағы көлік қатынасына қатысты шектеулер қала береді.
Қоғамдық көліктер жартылай жүктемемен жұмыс істейді.
Жолаушылардан бетперде тағу талап етіледі.
Көшеде топтасып жүретіндер 3 адамнан аспауы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің 50 пайызы қашық-тан жұмыс істей береді.
Жеке кәсіпорын басшылары қанша қызметкерді жұмысқа шығаратынын өздері анықтауға тиіс.
Жұрттың көбі әлі де үйде отыра тұрғаны дұрыс болар еді. Бұл – ең алдымен, адамның қауіпсіздігіне байланысты мәселе.
Жұмыс орнында әлеуметтік арақашықтық және қатаң санитарлық режим сақталуы қажет.
Індеттің екінші кезеңі басталып кетуі мүмкін.
Сондықтан, өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек.
Індет қайта өршіген жағдайда Үкімет нақты шұғыл іс-қимыл жоспарын дайындайды.
Өздеріңізге мәлім, менің тапсырмам бойынша елімізде дағдарысқа қарсы шаралардың екі топтамасы жүзеге асырылуда.
4,5 миллионнан астам адамға 42500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілуде.
1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілуде.
Коммуналдық төлемдердің тарифі төмендетілді.
Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосымша көмек алады.
2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді.
Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді.
700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі азайтылды.
Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алды.
Жұмыс барысында олқылықтардың болғанын да мойындауымыз керек.
Індет көп таралып, экономикалық мәселелер қатты ушығып кеткені рас.
Соған орай, біз дер кезінде шұғыл шаралар қабылдадық.
Көптеген мәселе қоғам өкілдерінің белсене қатысуы арқылы шешілді.
Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды.
Коронавирус пандемиясы әлемдік рецессияның басталуына себеп болды.
Тіпті ұзаққа созылатын экономикалық дағдарысқа да алып келуі әбден мүмкін.
Жер-жерде протекционизмнің күшеюі белең алуда.
Экономиканың тұтас салалары тоқырауға ұшырап жатыр.
400 миллионнан астам кәсіпорын банкрот болудың алдында тұр.
Әлемдегі еңбекке жарамды халықтың жартысына жуығының табысы азайды.
Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр.
Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді.
Бізде қаржы резерві жеткілікті және мемлекет қарызының көлемі мүмкіндігімізге орайлас.
Ең бастысы, біз жаңа ахуал жағдайында жұмыспен қамтамасыз ету және экономикалық тиімділікті арттыру үшін ресурстарды қайда жұмсау керектігін білеміз.
Енді дағдарыс кезіндегі және одан кейінгі дамудың басымдықтарына тоқталып өтейін.
Ең бастысы – барша азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау.
Азаматтардың табысын арттыру.
Бизнесті қолдау және оны дамыту. Білім және ғылым жүйесін жетілдіру.
Жуық арада ең өзекті деген мынадай мәселелерді шешуіміз керек.
Бірінші. Қазақстан экономикасының өзін-өзі қамту деңгейін арттыру.
Осыған орай еліміздегі қуатты шикізат базасы негізінде өнеркәсіп саласындағы өңдеудің тың тәсілдерін дамыту қажет.
Біз Қазақстан экономикасының келешектегі құры-лымына жаңа көзқараспен қарауымыз керек.
Оның өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету сияқты басты салаларының рөлін айқындаған жөн. Басқаша айтқанда, шұғыл түрде экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыруға тиіспіз.
Энергетика секторына айтарлықтай реформа жүргізу қажет.
Дағдарыстан кейін бұл сала бұрынғыдай болмайды.
Орта мерзімдегі кезеңде «жасыл энергетикаға» бет бұру – аса маңызды міндет.
Индустрияландыру үдерісіне қатысты ұстанымды қайта қарау қажет.
Экспорттық және ішкі нарықтардағы нақты мүмкіндіктерді айқындауымыз керек.
Бұл ретте алға қойған мақсаттарды, әдіс-тәсілдерді белгілеп, ілгерілей түскен жөн.
Мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алу жүйелерін тиімді пайдалану – экономикалық белсенділікті қалпына келтірудің бірден-бір жолы.
Отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік сатып алудың ерекше тәртібі биылғы тамыз айына дейін жалғасады.
Өз материалымызды және құрал-жабдықты барынша пайдалану бизнесті дамытудың басты талабы болуға тиіс.
Инфрақұрылымдық бағдарламалар бойынша жергілікті мүмкіндікті пайдалану деңгейін 40 пайыздан 60-70 пайызға дейін жеткізу керек.
Үкіметтің, әкімдердің және ірі компания басшыларының жұмысы, көбіне, осы көрсеткіш бойынша бағаланады.
Азық-түлік қауіпсіздігін сақтау – мемлекет қауіпсіздігінің басты міндеті. Мұны қалыптасқан ахуал анық аңғартты.
Сондықтан біз ауыл шаруашылығы саласына барынша қолдау көрсете береміз.
Біз алдын ала сатып алу шараларын қолға алдық.
Бұған қосымша оффтейк-келісім шарттарын енгізіп, «КазАгро» несиесі бойынша қарызды қайта құрылымдаймыз.
Осы арқылы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеміз.
Қазақстанда 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық бар.
Бірақ, олардың өнімі сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмайды және өңдеу кәсіпорындарына жеткізілмейді.
Мемлекетке бұдан салық түсіп жатқан жоқ. Онда жұмыс істейтіндер әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған.
Үкіметке «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс даласынан – дүкен сөресіне дейін» атты пилоттық жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын.
Содан кейін оның ауқымын кеңейтіп, 2021 жылдың ортасына қарай толыққанды бағдарлама әзірлеуге болады.
Осы бағдарламаны жүзеге асыру кезінде «КазАгро» арқылы жылдық мөлшерлемесі 6 пайыз болатын жеңілдетілген шағын несие беріледі.
Бұл ретте «Даму» қорының кепілдік беру тәсілдерін пайдаланған жөн.
Сондай-ақ, тұрақты сатып алу және сату жүйесін қалпына келтіру керек.
Жобаға қатысушыларды оқыту және олардың аграрлық саладағы құзыретін арттыру ісін де қолға алу қажет.
Мұның бәрі 2 миллионға жуық ауыл тұрғындарының табысын көбейтуге, отандық ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жүктемесін 53 пайыздан 70 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің импортын азайтуға болады.
Екінші. Біз «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отырмыз.
Бұл – қомақты қаражат. Оны шағын бизнесті несиелеу-ге де пайдалануға болады.
Соның бәрі құзырлы органдардың бақылауында болып, толығымен мақсатқа сай жұмсалуға тиіс.
Осы күрделі кезеңде қаржыландырылып жатқан жобалар арқылы ең алдымен жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.
Бұған жұмысшыларды барынша көптеп тарту керек.
Үнемі экономикалық табыс әкелетін немесе адами капиталды дамытатын бастамалар қолға алынуы қажет.
Осыған орай, мектеп, аурухана және басқа да нысандар салынып, жаңғырту жұмыстары жүргізілуге тиіс.
Біркелкі нысандардың әр аймақтағы құны өте алшақ болуына жол бермеу аса маңызды.
Өкінішке қарай, мұндай жағдай бізде көп кездеседі.
Жүзеге асқан жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне талдау жасалады.
Үшінші. Қолжетімді тұрғын үй құрылысы экономиканы дамытуға, жұртты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ баспана мәселесі әлеуметтік қолдау көрсетудің маңызды факторына айналуы керек.
Елбасының бастамасымен қолға алынған «7-20-25» бағдарламасы ипотекалық несие беру ісіне және тұрғын үй құрылысына тың серпін берді.
Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін тұрғын үй несиесімен қамтамасыз етуге арналған «5-10-20» жаңа жобасын іске асыруды тапсырамын.
Осыған орай дағдарысқа қарсы бөлінген қаражат есебінен 390 миллиард теңге бөлеміз.
Биыл елімізде бұрын-соңды болмаған көлемде тұрғын үй салынады.
Атап айтқанда – 15 миллион шаршы метр немесе 150 мың пәтер.
Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту – маңызды мәселе.
Шын мәнінде, бұл – Үкімет жұмысындағы стратегиялық басымдығы бар бағыттардың бірі.
Сол үшін институционалдық құрылымды жаңғырту керек.
Үкімет жыл соңына дейін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы негізінде толыққанды даму және қолдау институты саналатын «Отбасы банкін» құруға тиіс.
Бұл құрылым тұрғын үй есебін, кезекке қою және үй беру тәртібін бір орталықтан жүзеге асыратын болады.
Азаматтарымыздың зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға пайдалануы осы саладағы жүйелі өзгерістің жалғасы болмақ.
Мен аталған мәселе бойынша бұған дейін тапсырма берген болатынмын.
Бірақ төтенше жағдай режиміне байланысты оның орындалуы созылып кетті. Осыған орай шешім қабылдайтын кез келді. Оны Үкімет 1 шілдеге дейін жария етуге тиіс.
Төртінші. Әлеуметтік әділдік үшін жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке кіріс салығының үдемелі өлшемін енгізу мәселесін пысықтайтын уақыт жетті.
Үдемелі өлшемге сәйкес жалақысы төмен азаматтар салықты қазіргіден аз төлейді.
Ал еңбекақысы жоғары қызметкерлердің төлейтін салығы артады.
Мақсатымыз – еңбекақы төлеудің мейлінше кең тараған әрі жасырын тәсілін «көлеңкеден» шығару.
Егер тиісті салық мөлшері қысқаратын болса, жалақыны жасырын төлеудің қажеттілігі болмайды.
Халықтың табысы төмендеген қазіргідей жағдайда тұтынушыларға несие беру нарығына мониторинг жүргізуді жалғастыру маңызды.
Бұл азаматтардың қарызға белшесінен батуына жол бермеу үшін керек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қарызын төлей алмай отырған несие алушылардың ахуалын оңалту мүмкіндігін қарастыруға тиіс.
Қарыз алушының жағдайына және өнім түрлеріне қарай несие бойынша сыйақы мөлшерлемесін есептеу әдісін қайта қарау керек.
Азаматтардың мүддесін қорғау үшін банктік емес несие ұйымдарына бақылау күшейтіледі.
Ал келесі жылдан бастап микроқаржы қызметін лицензиялау жүйесі енгізіледі.
Еліміздегі әлеуметтік саясаттың тағы бір қырына тоқталғым келеді.
Жаңа әлеуметтік төлемге қол жеткізу үшін Бірыңғай жиынтық төлем талап етілді.
Аталған әлеуметтік көмекті алған азаматтардың 40 пайыздан астамы Бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төледі.
Бұлар – шын мәнінде, мемлекеттік көмекке мұқтаж жандар. Оларды экономикаға барынша тарту қажет.
Осы азаматтардың өзімен-өзі қалып, қайтадан «көлеңкеге» кетуіне жол бермеу қажет.
Қиын-қыстау кезеңде мемлекеттік қолдауға, әлеуметтік көмекке, лайықты зейнетақыға, ең алдымен, заңды жұмыс істеп, салық төлегендер ғана қол жеткізе алады.
Сондықтан уақытша жұмыссыз қалғандармен қатар осындай азаматтар да Үкімет пен әкімдердің ұдайы назарында болуы керек.
Нарықтық экономика жағдайында кез-келген адам жұмысынан уақытша айырылып қалуы мүмкін.
Осыған орай Үкімет еңбек биржасына тіркеуді барынша жеңілдетуі қажет.
Сондай-ақ, белгіленген рәсімдерді азайтып, жұмыс-сыздық мәртебесін және тиісті жәрдемақы алу уақытын қысқартқан жөн.
Бесінші. Ұлттық бизнесті қолдау.
Сұраныс көлемі азайып, активтер мен кепілдегі мүліктің нарықтық құны төмендеген жағдайда «Даму» қорының несиені кепілдендіру мүмкіндігін пайдалану аса маңызды.
Қордың кепілдігі Ұлттық банктің айналымдағы қаражатты несиелеу бағдарламасы арқылы берілетін займдарды қамтиды.
Оның мөлшері – 600 миллиард теңге. Қажет болған жағдайда көлемі ұлғая түсетінін еске салғым келеді.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі экономиканы несиелеу көлемін арттыру үшін пруденциялық шектеулерді қысқарту және өтімділікке қысым көрсетуді азайту шараларын қабылдады.
Бұл банк секторында шамамен 600 миллиард теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді. Аталған қаражат ел экономикасын дамыту үшін жұмсалуға тиіс.
Уақытша пруденциялық қосымша шаралар әзірлеу керек. Сол арқылы банктердің экономиканы несиелендіру мүмкіндігін арттырамыз.
Микро және шағын кәсіпкерлік саласына да ерекше көңіл бөлу қажет.
Бұл сала өкілдеріне банктердің стандартты өнімдерін пайдалану үшін қатаң шектеу қойылып отыр.
Осыған байланысты «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында шағын бизнес үшін арнайы шаралар қарастыруды тапсырамын.
Үкімет пен «Атамекен» бұған бөлінетін қаражат көлемін айқындауға тиіс.
Банктер мен басқа да қаржы ұйымдары бірқатар салаға қатысты несиені қайтару мерзімін шегерді.
Жеңілдік берілген мұндай салалардың тізімі кеңейтіледі. Бұл – бизнесті қолдаудың тағы бір нақты шарасы.
Бұған сауда, өңдеу өнеркәсібі, көлік және қойма, қонақ үй және тамақтану, ақпарат және байланыс, білім және денсаулық сақтау салалары енгізілуге тиіс.
Өңдеу өнеркәсібіне басымдық бере отырып, экономиканы әртараптандыру әрдайым негізгі міндетіміз болады.
Бұл сектордағы ұзақ мерзімге арналған жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанның даму банкіне қосымша қаржы бөлу қажет.
Сонымен қатар өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері бойынша жиналған қаражат есебінен Өнеркәсіпті дамыту қорын құруға болады.
Оның жұмысы бизнесті қолжетімді несиемен қамтамасыз етуге бағытталады.
Мұндай несие өңдеу ісімен айналысатын болашағы зор кәсіпорындарға 3 пайыздан аспайтын мөлшерлеме бойынша беріледі.
Алтыншы. Шетел капиталы үшін бәсекелестік артқан кезде әрбір қаржыгермен тікелей жұмыс істеуге баса мән беру қажет.
Әр инвесторға арналған жекелеген қолдау шаралары қолға алынуы керек.
Сол шараларды басымдылығына және тұтас экономикаға тигізетін нақты әсеріне қарай қабылдаған жөн.
Осы маңызды жұмыс барысында Үкімет басымдығы бар салалардағы стратегиялық инвесторлар үшін бүкіл инвестициялық заңнаманың тұрақтылық режимін қамтамасыз етуге тиіс.
Біз инвестиция тартып, қор нарығын дамыту үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек.
Бұл мемлекеттік активтерді жекешелендіру барысында аса маңызды болмақ.
Сонымен қатар бизнестегі дау-дамайлар кезінде отандық кәсіпкерлер үшін ағылшын құқығының басымдығы мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының арбитражын пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету қажет.
Ұлттық компанияларымызға тиесілі жекелеген құрылымдарды шетелдік заңнаманың аясынан «Астана» халықаралық қаржы орталығының құзырына біртіндеп көшіруді бастаған жөн.
Егер өз компанияларымыз басқа ел заңнамасының құзырында болуды қалап жатса, шетелдік инвесторлардың сеніміне ие бола алмаймыз.
Үкімет, Сыртқы істер министрлігі және шет елдердегі өкілдіктер «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестициялық салықтық резиденттігі жөніндегі бағдарламасын насихаттауға күш жұмылдыруы қажет.
Орталық әкімшілігі 2025 жылға дейінгі жаңа стратегия-ны әзірлеуде.
Қазіргі күрделі жағдайда инвесторлардың, бизнестің ұлттық валютаға және ақша-несие саясатына деген сенімі аса маңызды болмақ.
Осыған байланысты ұлттық валютаға қатысты алып-сатарлықты азайтудың мәні зор.
Бұл – Ұлттық банктің және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің міндеті.
Жетінші. Өкінішке қарай, біз кәсіпорындардың бәрін және барлық жұмыс орнын сақтай алмаймыз.
Әрбір бизнестің де тұрақтылығын қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл – бүкіл әлемге тән жағдай.
Сондықтан төтенше жағдай режимінің енгізілуі одан көбірек зардап шеккен экономика секторлары үшін форс-мажор болғанын заң жүзінде мойындау керек.
Бұл ретте жеке кәсіпкерлер мен шағын бизнес өкілдері сотқа жүгінген кезде төтенше жағдай режимі форс-мажор ретінде мойындалуға тиіс.
Сонымен қатар осы күрделі кезеңде кәсіпкерлердің экономикалық белсенділігін қол-дап, жекеменшік пен бәсекелестікті қорғау аса маңызды.
Биылғы 1 қазанға дейін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерге қатысты банкроттық рәсімдерді бас-тауды тоқтата тұруды тапсырамын.
Бұл алаяқ кредиторлардың қысым жасауына жол бермеу үшін керек.
Келесі мәселе. Осыған дейінгі дағдарыстардың салдарынан банктердің балансында экономикалық айналымнан шығып қалған активтер саны көбейді.
Банктер тұралап қалған активтерді сату үшін нақты жоспар әзірлеп, соған жауапты қызметкерлердің жұмысын бақылауды және бағалауды күшейтуі керек.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қатердің алдын алуға бағытталған қадағалау шарасы арқылы банктердің қиындыққа тап болған активтерге қатысты жұмысына мониторинг жүргізуді және бақылауды күшейту қажет.
Тұралап қалған активтердің өркениетті нарығын құру – жүйелі шешім.
Секьюритизация мен сақтандырудың қарапайым әрі оңтайлы тетігін қалыптастыру керек.
Азаматтарды қолдау мен бизнесті дамытуға арналған осы және басқа да шараларды жүзеге асыру үшін Экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленіп жатыр.
Бұл жоспар жуық арада бекітіледі.
Мемлекеттік органдар оны жүзеге асырудың барлық жолдарын мұқият пысықтауы қажет.
Сондай-ақ, олар өздерінің орынсыз әрекеттері арқылы бұл шаралардың маңыздылығын жоққа шығаруға жол бермеуі керек.
Дағдарыстың күрделі кезеңін қалай еңсеретініміз, елімізді және экономиканы одан әрі дамуға қалай бейімдейтініміз осыған байланысты.
Біз дағдарыс салдарынан әлемдегі ахуалдың және ұлттық экономиканың түбегейлі өзгергенін анық көріп отырмыз.
Қазіргі ахуал мен факторлар, алдағы өзгерістер 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының жаңа нұсқасында ескерілуге тиіс.
Жоспарда экономиканы және мемлекетті басқару ісін барынша жандандыратын институционалдық және құрылымдық реформалар қамтылуы қажет.
Құрметті әріптестер!
Бұл дағдарыс медицина, білім беру, әлеуметтік қорғау жүйесі салаларының өте маңызды екенін бүкіл әлемге көрсетіп берді.
Бізге денсаулық сақтау жүйесінің сапасын жақсарту, медицина мекемелерін технологиялық тұрғыдан толық қайта жабдықтау, дәрігерлердің құзыретін арттыру үшін түбегейлі өзгерістер қажет. Осы саланы төтенше ахуалдың кез келген жағдайында жедел әрекет етуге бейімдеу керек. Халық арасына жұқпалы аурудың таралуын бақылау, телемедицинаны және қашықтан диагностика жасау жүйесін енгізу әдістері әзірленуге тиіс.
Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық қызметті барынша күшейту қажет.
COVID-19 және соған ұқсас індеттер бір жолғы құбылыс емес екенін аңғардық.
Сондықтан біз бұған іс-жүзінде ғана емес, ғылыми тұрғыдан да әрдайым дайын болуымыз керек.
Үкімет беделді ғалымдар мен сарапшыларды жұмылдырып, Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі кеңес құруға тиіс.
Білім беру ісін барынша оңтайлы еткен жөн.
Студенттер мен оқушыларды қашықтан оқытудың хаттамалары мен әдістемелерін әзірлеу қажет.
Еліміздегі барлық оқу орындарында цифрландыру ісін аяқтау керек.
Қашықтан оқытудың заманауи технологиясын жылдам енгізген абзал.
Білім беру бағдарламаларының мазмұнын қайта қарап, оны қолжетімді және интерактивті етуіміз қажет.
Ал, педагогтарды даярлау мәселесі жаңа талаптарды ескеру арқылы жүзеге асырылуға тиіс.
Мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру ісі еліміздің Стратегиялық жоспарының маңызды бағытына айналады.
Қалыптасқан жағдайды пандемиядан кейін қайта електен өткізу арқылы жаңа әдістер енгізілетін болады.
Қашықтан жұмыс істеу форматы маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде заманауи технологияны қолданудың қажеттігін және тиімділігін дәлелдеді.
Орныққан жұмыс тәсілі ретінде Үкіметтің, министрліктердің, әкімдіктердің түрлі жиындарын қашықтан өткізуді ұсынамын.
Қажетсіз рәсімдерді, келісімдер мен кеңестерді, уақыт пен қаражатты шығындайтын басқа да шараларды жою керек. Мұндай жұмыс тәсілінің қажеті жоқ. Шешімді жылдам қабылдап, ең бастысы, оны орындау керек.
Індеттен кейінгі кезеңде де бастамашылдық көрсетіп, жауапкершілік таныту, белсенділік сақтау өте маңызды.
Бізге ахуалдың өзгеруіне қарай шұғыл шешім қабылдайтын тиімді әрі ыңғайлы мемлекеттік аппарат керек.
Мемлекеттік институттарды дамыту реформалары жалғаса береді.
Халыққа арналған Жолдауымды жүзеге асыру барысында олардың құрылымдарына реформа жүргізіп, мақсат-міндеттерін нақтылау ісі қолға алынды.
Кейбір функциялардың қайталануы, жекеше-лендіруді жалғастыру, квазисектордың сатып алу жүйесіне отандық кәсіпкерлердің қол жетімділігі сияқты мәселелерді толық шешуіміз қажет.
Электронды үкімет тұжырымдамасының мәнін қайта қарап, кеңес алу, анықтама алу, өтініш беру жөніндегі рәсімдерді онлайн режиміне толық көшіру керек.
Ал «egov» жүйесінің тілі халық үшін әрдайым қарапайым әрі түсінікті болғаны жөн.
Бизнес пен мемлекеттің қарым-қатынасы толықтай цифрлық форматқа ауысып, беттеспейтін жүйеге көшеді.
Осыған байланысты мемлекеттік қызмет көрсету және қолдау шараларына қатысты барлық үдерісті цифрландыру ісін аяқтаймыз.
Экономиканы және қоғамды цифрландырудың барлық үдерісіне тың серпін беру маңызды.
Құрметті әріптестер!
1 мамыр күні Өзбекстан Республикасындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан Түркістан облысында су тасқыны болды.
Бұл – техногенді сипаттағы төтенше жағдай.
Мақтаарал ауданына қарасты 5 ауылдың 1 мыңнан астам тұрғын үйін су басып қалды.
Сондай-ақ 9 елді мекенді су басу қаупі туындады.
Шұғыл қабылданған шаралардың арқасында су тасқынының әрі қарай таралуына жол бермедік.
Қазір су тасқынының зардаптарын жою, тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету басты назарда.
Біз ауданның күнделікті тіршілігін қайта қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылдаймыз.
Жалпы күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынады.
Зардап шеккен әрбір адамға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленеді.
Мал шығыны, тасқынның ауыл шаруашылығы алқаптарына тигізген зияны өтеледі.
Жалпы, зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Оларға жәрдем береміз.
Зардап шеккен ауданға көмектесіп жатқан азаматтардың бәріне ризашылығымды білдіремін.
Тасқын болған жерде әкімдік, сондай-ақ, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан мен Төтенше жағдай жөніндегі комитет бөлімшелері және полиция қызметкерлері жұмыс істеуде.
Отандық және шетелдік ірі бизнес өкілдері де зардап шеккен тұрғындарға айтарлықтай көмек бергенін ерекше атап өткен жөн.
Мұндай азаматтарды халқымыздың шынайы патриоттары, тілеулестері деуге болады.
Баршаңызға алғыс айтамын!
Қазақстандықтар бұл жолы да бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білді.
Біз бірге болсақ, барлық қиындыққа төземіз.
Кез келген міндетті орындауға мүмкіндігіміз жетеді.
Біз күрделі кезеңді бастан өткерудеміз.
Халқымыздың бекем бірлігі бәрімізге күш-қуат береді.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл.
Біз бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсереміз деп сенемін.
Akorda.kz
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.