Жаңа Кодекске енгізілген негізігі өзгешеліктер ретінде онда сот қадағалауын жүзеге асыратын тергеу судьясының лауазымы қарастырылғанын атап өтуге болады. Кодекстің 54 бабының 3 бөлігіне сәйкес оның процестік-құқықтық статусы былайша көрсетілген, тергеу судьясы – бірінші сатыдағы соттың судьясы, оның өкілеттігіне қылмыстық сот ісін жүргізуде адамдар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына сот бақылауын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асыру жатады.
Тергеу судьясының өкілеттілігіне сотқа дейінгі іс жүргізу барысында мынандай мәселелерді қарау жатады:
1) күзетпен ұстауды санкциялау;
2) үйқамақты санкциялау;
3) лауазымынан уақытша шеттетуді санкциялау;
4) жақындауға тыйым салуды санкциялау;
5) экстрадициялық қамақты санкциялау;
6) күзетпен ұстау, үйқамақ, экстрадициялық қамақ мерзімдерін ұзарту;
7) кепілді қолдану;
8) мүлікке тыйым салуды санкциялау;
9) күзетпен ұсталмайтын адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптама жүргізу үшін медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыру;
10) бұрын өзіне қатысты күзетпен ұстау қолданылған адамның психикалық ауру фактісі анықталған кезде, оны ауруларды қатаң оқшаулау жағдайында ұстауға лайықталған, психиатриялық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға ауыстыру;
11) мәйітті эксгумациялау;
12) күдіктіге, айыпталушыға халықаралық іздеу жариялау мәселелерін қарайды.
Сонымен қатар тергеу судьясы Кодексте көзделген жағдайларда:
1) анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің және прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне жасалған шағымдарды қарайды;
2) тез бұзылатын немесе қылмыстық істі мәні бойынша шешкенге дейін ұзақ сақталуы елеулі материалдық шығындарды қажет ететін заттай дәлелдемелерді өткізу туралы мәселені қарайды;
3) сотқа дейінгі іс жүргізу барысында жәбірленуші мен куәның айғақтарын сақтауға қояды;
4) адвокаттар мен прокурорларды қоспағанда, сотқа дейінгі іс жүргізуде процестік міндеттерді орындамайтын немесе тиісінше орындамайтын тұлғаларға ақшалай өндіріп алуды қолданады;
5) прокурордың ұсынуымен қылмыстық іс бойынша процестік шығындарды өндіріп алу туралы мәселені қарайды;
6) сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, қылмыстық іс үшін маңызы бар кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру және қылмыстық іске қосып тігу туралы мәселені қарайды;
7) қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың уәжді өтінішхаты бойынша, егер қылмыстық қудалау органы осындай өтінішхатты қанағаттандырудан негізсіз бас тартса не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаса, сараптама тағайындау туралы мәселені қарайды;
8) қылмыстық процесті жүргізетін органға айғақ беруі үшін келуін қамтамасыз ету қиындық тудыратын, бұрын өздері жауап алған куәні, қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттың өтінішхаты бойынша, мәжбүрлеп әкелу туралы мәселені қарайды;
9) Кодексте көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайды.
Тергеу судьясы өз өкілеттіктерін Кодекстің қағидаларына және тиісті баптарында көзделген ерекшеліктерге сәйкес жүзеге асырады. Ол өз құзыретіне жатқызылған мәселелерді сот отырысын өткізбей, жеке-дара қарауға құқылы. Ал егер заңды және негізделген шешім шығару үшін маңызы бар мән-жайларды зерттеу қажет болса, тергеу судьясы тиісті тұлғалардың және прокурордың қатысуымен сот отырысын өткізе алады. Сот отырысын өткізу міндетті болған жағдайда, қорғаушы тарап пен прокурорға сот отырысының уақыты мен орны туралы күні бұрын хабарланады. Сот отырысы тергеу судьясының өкімі бойынша бейнебайланыс режимінде жүргізілуі мүмкін.
Тексеру барысында тергеу судьясы сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органнан қаралып жатқан мәселе бойынша қосымша ақпаратты талап етуге, тиісті сотқа дейінгі іс жүргізудің барлық материалдары -
мен танысуға және оларды зерттеуге, процеске қатысушыларды сот отырысына шақыруға және олардан қылмыстық іс бойынша қажетті ақпаратты алуға құқылы.
Алайда тергеу судьясы істі мәні бойынша шешу кезінде сотта қараудың нысанасы болуы мүмкін мәселелерді алдын ала шешуге, тергеп-тексеру бағыты және тергеу әрекеттерін жүргізу туралы нұсқаулар беруге, сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамдардың және қадағалаушы прокурордың, сондай-ақ істі мәні бойынша қарайтын соттың орнына әрекет жасауға және шешім қабылдауға тиіс емес.
Сонымен қатар, күдікті өзіне азаптау және басқа да заңсыз әрекеттер қолданылғаны туралы арызданған немесе онда күш қолданудың іздері болған кезде тергеу судьясы қадағалаушы прокурорға көрсетілген фактілерді дереу тексеруді жүзеге асыруды тапсыруға міндетті.
Қорытындылай келсек Кодекске тергеу судьясының лауазымын енгізу бұл адамдардың және заңды тұлғалардың қылмыстық іс жүргізу барысында құқықтары мен бостандықтарын, заңмен қорғалатын мүдделерін заңсыз шектеу немесе өзге де бұзу фактілерін болдырмауға кепілдік болады.
Ә.Бақытбекұлы
Көкпекті аудандық
№1 сотының судьясы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.