Табиғаттың әр мезгілі жан-жануарлар әлемінде өзінше орын алады. Әсіресе қарашаның соңы мен желтоқсан айларында жануарлардың көші-қонын (миграция) байқауға болады.
Адамдар сияқты олар да бір тіршілік ету аймағынан екіншісіне ауысады. Көші-қон құстарда (құстардың ұшуы) және балықтарда жиі кездеседі. Көші-қон жануарлары аз зерттелген, өйткені олар жасырын өмір салтын ұстанады. Соның ішінде еліктер қыс басталысымен таудан қар аз түсетін шалғынды қырдың күнгей беттеріне қоныс аудара бастайды. Еліктердің қысқы көшуі қардың көптігіне және жайылымдық жерлерге байланысты. Еліктер бір жерде жиналуы немесе топтарға бөлініп, бірнеше жерде болуы мүмкін. Қыс айларында олар көбіне 5-10-нан топтасып жүреді. Елік - өте сақ жануар. Есту қабілеті өте жақсы дамыған, 800 м-ге дейінгі қашықтықтағы дыбыстарды бірден сезеді. Қазақ халқы адамның әдемісін «еліктің лағындай» десе, Еуропа ақсүйектері оларды ешқашан аң аулау нысаны ретінде қарастырған емес.
Еліміз бойынша еліктер Талас, Іле, Жетісу (Жоңғар) Алатауында, Батыс және Орталық Тянь-Шаньда, Қаратауда, Тарбағатайда, Сауырда және Оңтүстік Алтайда кездеседі. Ауданымызда 46 мың гектар аумақты алып жатқан Құлынжон қаумалында еліктің Сібір елігі аталатын түрі тіршілік етеді. Таудың тасты-тақырлы бөліктерін, шалғындар мен жайылымдарды мекендейтін сұлу жануар жеміс-жидек, мүк, қына сияқты шөптесін өсімдіктермен қоректенеді. Өсімтал жануар, көбіне егізден, үш-үштен мамыр - маусым айларында лақтайды. Кейде 16 жылға дейін өмір сүреді. Еркегін қазақ халқы «күлміз» деп атайды, тармақталған мүйізі болады. Ешкілері «сөге» деп аталады, аздап кішілеу келеді. Ал еліктің лағын «еңлік» — деп атайды.
Бүгінде ерке еліктердің азаюына себеп көп. Ормандар оталып, егістік жерлер артып, өріс тарылған соң, олар басқа жаққа ауып кетуге мәжбүр. Бұдан бөлек қасқыр, түлкі, сілеусін, шибөрі және бұралқы иттер еліктің қас жаулары. Көбінесе олар жаңа туылған жас төлдерге қырғидай тиеді. Дегенмен бірінші себеп – адамдардың елікті есепсіз аулауы болып отыр. Жыл сайын қазан айының 15 жұлдызынан бастап еліктің қоныс аударуына байланысты аң аулауға ты йым салынады. Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес «Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу деп аталатын 382-бабының 3-тармағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жасалған әрекет – әкімшілік құқық бұзушылық заттары және (немесе) құралы тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – жетпіс, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз он, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға не аң аулау құқығынан екi жылға дейiнгi мерзiмге айыруға әкеп соғады» деп жазылған. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық Кодексiнің 337-бабында: «Заңсыз аң аулау, оның ішінде атыс, пневматикалық, лақтырылатын, суық қаруды, қолға түсірудің басқа да құрал түрлерін, иттерді, аңшы жыртқыш құстарды, салт атты, жегін көлікті қолданып заңсыз аң аулау, егер бұл іс-әрекет айтарлықтай залал келтіре отырып жасалса, сол сияқты жарылғыш құрылғыларды немесе жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдарды, авиа-, авто-, мотокөлік құралдарын, оның ішінде қарда жүретін техниканы не шағын көлемді кемелерді қолданып, заңсыз аң аулау – мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не сегіз жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады»-деп көрсетілген.
Қатты аязда еліктер ауылдардың маңына, елді мекендерге жақындайды. Тоғайлар мен қалың бұталарды аршып, азық іздейді. Жыл са йын бұл маңда Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің мамандары еліктерге күзгі-қысқы санақ жұмыстарын жүргізеді. Бүгінде Құлынжон қаумалы тарапынан ерекше қорғауға алынған жан-жануарларды қорғау мақсатында түрлі шаралар атқарылуда. Жануарлар есепке алынып, олардың саны тіркеледі.
Аң-құстарымызды аман сақтайық!
Н.Беркінбаев, Тарбағатай МҰТП бойынша
Құлынжон қаумалының инспекторы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.