Адамзатқа ертеден белгілі сыбайлас жемқорлық – заманмен бірге өсіп-өркендеп, небір тегеурінді қарсылықтарға төтеп беріп, тамыр жайып, бүгінге дейін жойылмай отырған қауіпті кеселдің бірі. Өкінішке орай, әлемнің барлық елдері сияқты «сыбайлас жемқорлық» біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықтың ұлттық қауіпсіздігімізге үлкен қауіп төндіретіндігін нақты көрсетіп, әрбір Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алудағы негізгі бағыттарды айқындап отырды.
Ағымдағы жылы шілде айында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығына сәйкес тәуелсіз құқық қорғау органы – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Агенттік жұмысының басым бағыттары ретінде – сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясын жүзеге асыру мәселелері айқындалды. Осы орайда, Агенттік алдында тұрған ауқымды мәселелердің бірі – «жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші» осы келеңсіз құбылыспен күресте тек мемлекеттік қызметшілердің емес, барлық қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіру.
Сыбайлас жемқорлық деңгейі өте төмен елдердің озық тәжірибесін зерттей келе, сыбайлас жемқорлықты жеңудің бірден-бір жолы – оның алдын-алу екендігі, яғни превентивті шараларды кеңінен қолдану қажеттігі анықталды. Шенеуніктерді отырғызудан ұзақ мерзімді нәтиже болмайтынына көзіміз жетті. Қазақ халқында «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын» деген қанатты сөз бар. Сондықтан, біздің алдымызда тұрған ауқымды мақсат, зор жауапкершілік – қазақстандық қоғамның менталитетін, санасын өзгерту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, сыбайлас жемқорлыққа деген берік иммунитет, оған деген жұртшылықтың теріс көзқарасын қалыптастыру. Яғни, әрбір адам үшін парасаттылық қағидаттары: адалдық, әділдік, әдептілік және сатылмаушылық сияқты құндылықтар мінез-құлық нормасына айналуы тиіс.
Парасаттылық тек заңдылық пен әдепті сақтау ғана емес, бұл қоғамға қызмет ету құндылықтарына бейімділік, адамдардың мәселелеріне жанашырлық таныта білу. Тіпті азаматтың өтінішіне заңға ресми сілтеме жасай отырып, құрғақ заң тілімен емес, барлығын егжей-тегжейлі зерттеп, мәселені шешуге көмектесуге тырысу – бұл парасаттылық.
Осы орайда, парасаттылық ұғымын кеңінен насихаттау мақсатында, Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің ШҚО бойынша Департаментімен бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылуда.
Мысалы, биылғы оқу жылында барлық оқу орындарында өскелең жас ұрпақты адалдыққа дәріптейтін «Адалдық сағаттарының» өткізілуі – соның бір айқын дәлелі. Бұл жарқын бастама жас буынның рухани болмысын бекітіп, адам бойындағы ең асыл қасиет – парасаттылықты дәріптеуге зор мүмкіншілік берді.
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз», - деп ғұлама ақын Абай айтып кеткендей, «Адалдық сағаттарында» балалар осындай даналардың қуатты сөздеріне қанығып, парасаттылық, әділдік және сенім ұғымдарының философиялық мән-мазмұндары тереңнен түсіндірілді.
Білім беру жүйесінде сыбайлас жемқорлықты жою, патриот жастарды тәрбиелеуде «Саналы ұрпақ» жобасының алар орны ерекше. «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» жастар арасында қолдауын тапқан «Саналы ұрпақ» жобасы жастардың тың идеяларымен үнемі толықтырылуда. Жуырда С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Адал бол!» атты студенттер форумы өтті. Форум барысында студенттер «Таза қол» жобасының презентациясын ұсынды. Ар-ұят, намыс құндылықтарын насихаттайтын бұл жоба басқа оқу орындарында да жалғасын табады деп сенемін.
Облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан сыбайлас жемқорлықпен күрестегі тың жобалардың бірі дін өкілдерімен бірлесе құрылған «Адалдық ілімі» атты ақпараттық-насихаттау тобы. Топ құрамына «Халифа Алтай» Өскемен орталық мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай, Өскемен қаласы Свято-Андреевского кафедралды шіркеуінің клиригі Константин Дьяков, облыстық мәслихат депутаты Олег Чернышов, ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ренат Набиев енген. Аталған ақпараттық-насихаттау тобы еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, Ислам, Христиан діндеріне сәйкес сыбайлас жемқорлықтың кесірін, рухани-адамгершілік салдарын түсіндіреді.
Жемқорлықпен күрес — уақытша науқан емес, жүйелі әрі ұзақ мерзімді қажет ететін мемлекеттік саясат. Оны сәтті жүзеге асыру біз үшін абыройлы міндет.
ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет)
ШҚО бойынша Департаментінің басшысы
Е.Н.Жалмағамбеттің
авторлық мақаласы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.