Күнделікті өмірімізді санаққа алып отыратын статистика бөлімі екенін көпшілік қауым біле бермейді. Статистика жалған сөйлесе, мемлекеттің ілгері қадам басуына, экономикасына кері әсері тиеді. Мысалға тұтынатын тауарын, мал-жанның санағы, жалақы, зейнетақы, қысқасы қандай да бір мемлекет ең алдымен өзінің статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, болашағына бағдар жасап, ертеңгі күнінің тағдырын болжап отырады. Биылғы жылы елімізде статистика бөлімінің құрылғанына 99 жыл толып отыр. 1920 жылы 8 қарашада Жоғарғы Кеңестің ұйғарымымен құрылған статистика саласы, бір ғасырға жуық жұмыстарын үзбестен үздіксіз халыққа, елге қызмет атқарып келе жатыр. Көкпекті ауданы бойынша статистика бөлімінің басшысы Гүлғана Құжатқызы Беспаевамен алда келе жатқан мейрамдарына байланысты құттықтап, әрі әңгімелесу үшін мекемелеріне бас сұққан едік. Статистика бөлімі 1997 жылы Семей және Шығыс Қазақстан облысының біріктірілуі нәтежиесінде Шығыс Қазақстанның Статистика басқармасының Көкпекті ауданының Статистика бөлімі болып қайта ұйымдастырылды. 2009 жылы Көкпекті аудандық Статистика бөлімі Көкпекті ауданының Статистика басқармасы болып өзгертілді. Басқарма басшысы Гүлғана Құжатқызы 2006 жылдан бастап осы мекеменің тізгінін ұстап келеді. 2006 жылы ауданда екі кезеңнен тұратын, бірінші Ұлттық ауыл шаруашылық санағы ойдағыдай өтті. Ал 2009 жылы Көкпекті ауданы Ұлттық халық санағын өткізу бойынша үздіктердің қатарында болды.
- Гүлғана Құжатқызы, ең алды-мен алда келе жатқан атаулы мерекелеріңіз құтты болсын. Көпшілік қауым статистиканың не екенін біліп, ұғынып түсіне бермейді. Статистика дегеніміз не?
- Рахмет. Расында статистика дегеніміз не деген сауал көпшіліктің көкейінде болуы мүмкін. Статистика бұл «status» латын тілінен аударылғанда жай-күй деген мағынаны білдіреді. Аты айтып тұрғандай қоршаған орта мен қоғамның тіршілігін, халықтың санағын, нарықтағы бағаны бәрін тіркеп-жазып, мәлімет көздерімен растап отыратын орталық.
- Халықтың санағы дедіңіз. Ха-лық не киеді, не ішеді, қандай тауар тұтынады, оны да тіркеп отырасыздар ма?
- Әрине, міндетті түрде тіркеп жазып отырамыз. Өмірге қанша сәби келді, қанша адам шетінеді. Сонымен қатар халықтың ішіп-жемі қандай, қандай киімге сұраныс бар. Күнкөріс деңгейі қандай, барлығынан міндетті түрде мәлімет алынады.
- Өзіңіз басқарып отырған бөлімде қанша адам жұмыс істейді?
- Шағын ұжым. 6 адам жұмыс істейді. Шағын болсақ та қаншама жұмыс атқарамыз. Сырт көзге білінбеуі мүмкін. Бірақ таңның атысы, күннің батысы біздің қызметкерлер дамыл таппайды. Ауданымызға қарасты әр мекемеге қоңырау шалып, кіріс-шығысын сұрап, өз қызметтерін адал атқарып жүр.
- Статистика саласында қызмет істеу үшін қандай мамандық иесі болу керек?
- Негізгі мамандығы экономист болу керек. Жай экономист емес білікті экономист.
- Ұжымда ұзақ жылғы еңбек өтілі бар, кейінгі толқынға үлгі болатын қызметкерлеріңіз бар ма, атап өтсеңіз?
- Иә, бар, Александра Юревьна Митрофанова21 жылдан бері бас маман болып қызмет атқарып келе жатса, Салтанат Құнапиянова 7 жылдан бері біздің салада еңбек етеді. Және жастарымыз осы аға буын қызметкерлерімізге қарап, үлгі тұтып, бой түзейді. Алмагүл Қоңкабаева, Айтуар Шакенов, Алфия Насибулина сынды өз ісінің кәсіби мамандарымен мақтана аламыз. Ұжым шағын болса да тату-тәтті.
- Әр жұмыстың өзіндік қиындығы болады. Статистика саласында қиындықтар бар ма?
- Бар ғой. «Жан қиналмай жұмыс бітпес» демекші. Көпшілік мекемелер статистикалық мәліметтерін мерзімінен кеш әкеледі. Жоғарғы жақ бізден сұрайды. Жұмыстың қорытындысы, мәлімет көздері қайда? - деп. Біз шабан жұмыс істейтін мекемелерге жедел қоңырау соғамыз.
- Басшы ретінде жастардың бойынан қандай қасиет байқап жүрсіз?
- Менің ұжымымда біразы жастар. Бәрі өз істерінің маманы деуге толық негіз бар. Жұмыстарын біледі. Көпшілік жастарды солай, жастарымыз былай деп жатады. Кез-келген жасты тәрбиелеп, тәліммен жолға салатын аға буын. Аға буынның ақылы кемшіл болса, артқы буынның мойыны бекімейді. Жастарды түзу жолға салатын алдыңғы толқын, сондықтан жастардың бәрі бірдей емес. Заманына қарай оза шауып, бәйге алып жүрген жастар бар. Олармен мақтану керек. Мен өзімнің ұжымымдағы жастардың бойынан адамгершілік, инабаттылық, үлкенді силайтын кішіпейілдікті көріп жүрмін. Сондықтан жастарымыз қадірсіз емес.
- Гүлғана Құжатқызы, алда келе жатқан атаулы мейрамдарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. Еңбекте табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз. Ел үшін атқарып жүрген еңбектеріңіз жемісті болсын, уақыт бөліп әңгімелескеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.