Көкпекті ауданы прокурорының міндетін атқарушы, кіші әділет кеңесшісі Бақытбек Қарымсақовтың ұйымдастыруымен және аудан әкімі Рамиль Нығметжанұлы Сағандықовтың төрағалық етуімен аудан әкімдігінің мәжіліс залында бүгінгі күні ауыл тұрғындарының алаңдаушылығын тудырып отырған өзекті мәселелерінің бірі - мал ұрлығы жөнінде жиналыс өткізілді. Жиналысқа ауыл әкімдері, тиісті мекеме басшылары, учаскелік полиция қызметкерлері қатысты.
Ауданның елді мекендерінде мал ұрлығы жиілей бастады. Тіпті бұл бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. «Мал ашуы – жан ашуы» деген, бірінің ақ адал малы судан, бірінікі түн жамылған қудан қолды болып, шығынға ұшырап жатқан соң, мал иесінің зар илеуін түсінуге болады. Қорасын қойға, шарасын майға толтырсам деген шаруақор жұрттың жігерін құм қылған да осы – мал ұрлығы. Осы айтылған мәселе төңірегінде мәжіліс залында қызу талқыланды.
Жиналыста алғашқы сөз алған Бақытбек Батанұлының айтуынша, Соңғы үш жылда, яғни 2014, 2015, 2016 жылдары мал ұрлығы азаймай, керісінше қылмыстың ашылмауының пайыздық көрсеткіштері өсуде. Осы 3 жыл ішінде барлығы 62 мал ұрлығы тіркелсе, оның 32-сі әлі ашылмағанын айтты. Сондай-ақ, талдау жұмыстарының нәтижесі бойынша аудандағы 17 округтің 16-сында мал ұрлығы тіркелген. Тек Теректі ауылында мал ұрлығы қылмысы жоқ болып шықты.
Аудан тұрғындарының күнкөріс көзі төрт түлікпен біте қайнасып жатыр. Сол себепті әрбір малдың ұрлануы олардың қолында барын қаққанмен бірдей. Биылдың өзінде 1 ай ішінде 4 мал ұрлығы тіркелініпті. Әрине, құқық қорғау органдарынан бөлек, мал иелерінің де жауапкершілікті сезінгені жөн.
Сондай-ақ, басқосу барысында аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Қайрат Бытебаев осы бағытта түрлі жұмыстар жүргізіліп жатқандығынан хабардар етті. Ал, жергілікті полиция бастығы Ферхат Мавлютов Көкпекті ауданы бойынша 2016 жылдың мал ұрлығының алдын-алу шаралары туралы ақпарат берді.
Ветеринария мамандары «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ережесі аясында малдарды сырғалап, паспортпен қамтамасыз етіп келетінін Көкпекті ветеринария бөлімінің басшысы Ербол Төлешов айтып өтті. Жиналыс барысында жарыссөзге шыққан Үлкенбөкен ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов: - Үлкенбөкен ауылдық округі үлкендігі жағынан Көкпекті, Самар округтерінен кейін үшінші орында. Қазіргі таңда біз мал ұрлығының алдын алу бойынша учаскелік полициямен бірге жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Жекеменшік мал иелері үйір-үйір жылқысы мен сиырларын жайылымға иен тегін жібере салады. Осыдан келіп, қараусыз малға көз сүзген ұрылар ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланады. Өздеріңізге белгілі қазіргі таңда қолға алған кооператив құру, мал ұрлығының алдын алу шараларының бірі іспеттес. Бақташы малды бар жауапкершілігімен бағып, иесіне өткізіп отырады Айта кетерлігі, мал иелерінің 90 пайызы қарауындағы түліктен сыртта жүргенде көз жазып қалады. Сан рет қайталанған бұл жағдай оларға да сабақ болғаны жөн, - деді.
Кездесу соңында аудан әкімі мал ұрлығын азайту үшін құқыққорғау және ветеринария қыз-меткерлерінің жұмыс тәртібін айқындап, бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Шынында да осы мәселені, яғни ауылдағы жеке-меншік малды бағатын бақташымен қамтамасыз етуді барлық ауыл әкімдері ұйымдастырса, мал ұрлығы тыйылып, халықтың алаңдаушылығын тудырмас еді.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.