Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Қазіргі таңда мемлекетімізде саяси-экономикалық және әлеуметтік маңызы зор мәселелер іске асырылуда. Құқық тәртібін нығайту, қылмысқа қарсы күресті өрістету тұрғысында қолға алынып жатқан ауқымды шаруалар баршылық. Заң талаптары құқыққорғау органдарына, оның ішінде ішкі істер бөлімі қызметкерлеріне үлкен міндеттер жүктейтіндігі белгілі. Осы жолда полиция қызметкерлерінің көтерер жүгі де жеңіл емес. Олар егемен еліміздің құқықты мемлекет болып қалыптасуына үлестерін қоса отырып, қоғамымыздағы белең алған заңсыз іс-әрекеттерге және қылмыс атаулының барлығымен белсене күрес жүргізуде.

1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары» Заңын қабылдады. Бұл Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт болатын. Ал, 2007 жылдың 5-ші маусымында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен маусым айының 23-і «Полиция күні» болып бекітілді. Осы орайда біз мызғымас тәртіптің арқасында ауданда тыныштықты ретке келтіріп, қоғам игілігіне жұмыс жасап отырған тәртіп сақшыларының бүгінгі тыныс тіршілігімен танысу мақсатында Көкпекті аудандық ішкі істер бөліміне ат басын тіреген едік. Аталмыш бөлімді 25 жыл осы салада табан аудармай қызмет жасап келе жатқан білікті азамат, полиция полковнигі Ерлан Сейілханов Әділғазыұлы басқарады.

-Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс», - деп атап өткен болатын. Бұл әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі - басты назарда, - деп бастады әңгімесін мекеме басшысы. – Біздің бөлімде бүгінгі таңда 105 қызметкер жұмыс істейді. Бөлім бірнеше бөлімшелерден тұрады. Атап айтар болсақ, кезекші бөлім, штаб, криминалдық полиция бөлімшесі, жеке криминалдық бөлімше, анықтау жəне тергеу бөлімшелері, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау бөлімшесі, кəмелетке толмағандар істері жөніндегі топ, патрульдік полиция ротасы, көші-қон полициясы, жол полициясы қызмет жасайды. Сондай-ақ, бөлімге Самар ауылдық округі полиция бөлімшесі де қарасты. Олардың басты міндеті - қоғам тыныштығын күзетіп, халықтың бас амандығын қамтамасыз ету болып табылады, - деді Ерлан Әділғазыұлы бөлім құрамы туралы айта келіп.

Сонымен қатар, білікті басшы құқыққорғау органында қажырлы қызмет жасап, бүгінгі күні полицияның абыройын асқақтатып жүрген жандар жайлы да айта кетті. - Өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерін адал атқарып, аудан тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз етуде, қылмыспен күрестеайтулы еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген бөлім озаттары ретінде Самар полиция бөлімшесінің тергеушісі Б.Смаилов, криминалдық полицияның бас жедел өкілі Н.Әкімбаев, әкімшілік полиция бөлімі басшысының орынбасары Қ.Алғазинов, криминалистика маманы Ф.Аверко, полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Т.Қалиев, А.Нұрсейітовты мақтанышпен атап өтуге болады. Ішкі істер бөлімінде қоғамдағы тыныштықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп, қылмыстың алдын алу мен тергеуде, оны анықтауда мол үлес қосып келе жатқан майталман мамандармен қатар жастар да еңбек етуде. Мәселен, Самар полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Р.Садықов, ақпараттық-аналитикалық топтың қызметкерлері Н.Советханова, Б.Шайкенова сынды жас мамандар бүгінде сенім үдесінен шығып, артылған міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда. Бөлім бастығының орынбасарлары – И.Новиков, С.Құсайынов, Р.Бельдеубаев пен Самар ауылдық полиция бөлімі басшысы С.Құнафин және оның орынбасары М.Байжуминов қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды жауапты істе табандылық танытып, кейінгі мамандарға өзінің өнегелі ісімен үлгі болып жүрген майталман қызметкерлер, - деді полиция полковнигі.

Ерлан Әділғазыұлының айтуынша, қабылданып және іске асырылып жатқан іс-шаралар нәтижесінде Көкпекті ауданында криминогендік ахуал тұрақты саналады. Жыл басынан бері аудан көшелерінде жиі орын алатын бұзақылықтардың біршамасы тыйылып, қоғамдық қауіпсіздік тұрақталған. Қылмыстардың кемуін айғақтайтын дәлел статистикалық көрсеткіштер екенін ескерсек, былтырғы жылдың осы мезгілімен салыстырғанда биыл қылмыстылық 21,5 пайызға төмендеді. Оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыс 90 пайызға, ал орташа салмақты қылмыстар 15,2пайызға азайып отыр. Жыл басынан бері аудан бойынша 73 іс тіркелсе, бүгінде олардың 63 бойынша қылмыс ашылған. Ұсталғандардың барлығы да жасаған кінәларын мойындап, қазіргі уақытта қолымен жасағанды мойынымен көтеруде. Қалған істерді ашу бойынша да жұмыстар қызу жүргізілуде. Әрине, мұның барлығы бойына борыш пен намысты, ар ұғымы мен адалдықты серік еткен, қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда, қылмыстылықпен күресте аянбай еңбек етіп жатқан тәртіп сақшыларының ерен еңбегінің нәтижесі екені анық.

Қоғам қауіпсіздігі жолында аянбай еңбектеніп жүрген сақшылар абаттандыру мәселесін де бір сәт естен шығармайды. Аудан әкімі бекіткен екі айлық тазалық жұмыстарына белсене атсалысып, мекеме ғимаратының алдын көркейтуді де қолға алған бөлім қызметкерлері «Тазалық ұдайы жинастыратын жерде емес, тазалық - ластамайтын жерде сақталады» деген қағиданы берік ұстанады екен. Сондай-ақ, құқыққорғау органының азаматтары ұдайы қоғамдық шаралар барысына да қатысып отырады.Ішкі істер бөлімі қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын көркемөнерпаздар байқауы мен спорттық сайыстарда өз өнерлерін паш етіп жүрген қызметкерлер аз емес. Мәселен, А.Сапаров, Е.Қанапиянова, Т.Қалиев сынды спорт сүйер азаматтар облыстық, аудандық волейбол ойыны бойынша жарыстардан жүлделі орындарға ие болып жүрген жандар. Әңгіме соңында АІІБ басшысы Е.Сейілханов әріптестеріне деген құттықтауын жеткізіп,жылы лебізін білдірді. – Әріптестерімді және сала ардагерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, бірлік, жұмыстарына жетістік тілеймін. Қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі –біз үшін аса маңызды міндет. Осынау абыройлы да аса жауапты міндет биігінен көріну жолында біздің ішкі істер бөлімі қызметкерлері күш-жігерін аянбай, ел алдындағы антына адал қызмет ете берсін демекпін, - деді Ерлан Әділғазыұлы.

Полицияның жұмысы былайғы жұртқа оңай көрінгенімен, өзіндік қиындығы да жетерлік. Сондықтанда, тәртіп сақшыларына жол көрсетіп, кешегі көрегендігі және  жылдар бойы жинаған тәжірибесімен  бөлісіп отыратын қарт ардагерлердің де пікірін білу біздерді қызықтырмай қоймады. Осы мақсатта 2001-2013 жылдар аралығында Көкпекті ауданының ішкі істер бөлімінде аға анықтаушы қызметінде болып, қазіргі уақытта соңынан ерген жастарға жол сілтеп келе жатқан аудандық ішкі істер бөлімі ардгерлер кеңесінің төрағасы Қайрат Дәулетқазыұлы Жүнісовпен ой бөлістік. – Бүгінде біздің кеңесте 80 ардагер бар. Былтырдан бастап кеңестің жұмысы мықтап қолға алынып отыр. Барлық мерекелерде әр ардагерге жіті көңіл бөлуге тырысамыз. Биыл да осы үрдісті жалғастырмақпыз. Атқарылған ауқымды шара ретінде айтарым, биыл біз «Илья бұлағын» толығымен жөндеуден өткізіп, абаттандыру бойынша жұмыс жасадық. Қазіргі таңда тәртіп сақшыларына қажетті барлық жағдайлар жасалуда. Сондықтанда, олардың тек қана халықтың тыныштығы үшін жұмыс жасауы қажет. Бізде соңымыздан ерген жастарға қолымыздан келгенше жол сілтеп, бұрынғы тәжірибемізбен бөлісіп отырамыз. Бұл жерде, әсіресе, жиындарға қатысып, ақыл-кеңестерін беріп отыратын Р.Аринов сынды ақсақалымыздың еңбегін айта кеткім келеді. Ал, бейбіт елдің берекесін берік ұстауда еңбек етіп жүрген осы сала мамандарын кəсіби мерекелерімен құттықтай отырып, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тілеймін,-деді ардагер.

Осы бір қызығынан гөрі қиындығы басым мамандықты таңдап, батылдылық пен табындылықты бойына сіңірген, адалдық пен әділеттілікті ту етіп ұстаған жанның бірі –аудандық ішкі істер бөлімінің әкімшілік полициясы басшысының орынбасары, майор Қайрат Алғазинов. «Еңбегім елім үшін, қызметім халқым үшін» деген ұстанымды ұстанатын полиция майоры өмірінің 20 жылын осы салаға арнап келе жатқан аптал азаматтардың қатарынан. Қызметіне адал жан полиция қызметкерлері қандай қасиеттерге ие болуы керек деген сауалымызға: «Ең əуелі полиция қызметкерлері адами тұрғыдан адал, шыншыл болуы керек. Өз ісін бүге-шігесіне дейін меңгерген, жан-жақты білімді болуы қажет. Алдына келген азаматтардың мəселесін шешіп бере алатындай деңгейде қызмет көрсетуі – басты міндеті», - деп жауап берді. Әріптестеріне деген ізгі тілегін де жасырып қалмады білікті жан. - Қызметі қиын да жауапты қызметтестерімді бүгінгі кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Қашанда заң бұзушылыққа жол бермей, тәртіптің сақталуын күзетуде сапқа тұрар осы саланың қызметі сапалы болуына тілектеспін. Ел тыныштығы мен адамзат амандығын тілей отыра, әріптестеріме жұмыстары жемісті болусын дегім келеді, - деді ол.

Қазақстандық полиция өзінің құрылған күнінен бастап ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша алға қойған міндеттерін табысты жүзеге асырып келеді. Осынау ортақ іске Көкпекті ауданының ішкі істер бөлімінде 15 жыл еңбек өтілімі бар Махмутов Фирхад Равхатұлы өз үлесін қосуда. Тыныштықтың сақшысы, адамдардың қорғаны атанып, күн-түн демей тынымсыз да беймаза істер атқарып келе жатқан Фирхад Равхатұлының жұмысы ерлікпен пара-пар десек, артық айтпаған болар едік. Бізге өз қызметі жайлы баяндаған ол құқыққорғау органында қызмет жасау жауапкершілігі мол жұмыс екенін айтып өтті. - Полицияда қызмет істеу – маңызды әрі жауапкершілігі мол жұмыс. Қоғамдық тәртіпті қорғау, азаматтардың құқықтарымен бостандықтарын қамтамасыз ету және қылмыспен күрес, оның алдын алу бойынша күрделі міндеттеріміз бар. Күнделікті қызметте адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге атсалысамыз. Жұмысымыз жеңіл емес, алайда біз үшін ең маңыздысы - халықтың тыныштығы, - деген ол тәуліктің кез келген уақытында қол ұшын созуға даяр, әріптестері әрі арқа сүйер достары болып келетін Руслан Ибраев, Дамир Баймашев, Мансұр Құрмашевті мақтанышпен атап өтті.

Қоғамның қауіпсіздігін сақтау жолында жүрген Ф.Махмутов тек антына адал полиция қызметкері ғана емес, ол өз жанұясының қамқоры, ардақты әке, жарының тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Халық игілігі үшін тәулік бойы жұмыста болатын оған отбасындағы береке-бірлікті сақтап отырған зайыбы түсіністікпен қарап, әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Табанды тәртіп сақшысы әңгіме соңында полиция күніне орай әріптестеріне деген жылы лебізін жеткізді. – Барлық қызметтестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!Оларға мықты денсаулық, ырыс пен береке және еңбекте толағай табыс тілеймін, - деді ол өз сөзінде.

Полиция қызметкері болу оңай емес. Ол үшін білім де, білік те, білек те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Олай болса, осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығып жүрген аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлерін біз де төл мерекелерімен құттықтап, жұмыстарына толағай табыстар тілейміз.

Арайлым МИРАТҚЫЗЫ,

Жібек ЕРЛАНОВА

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Маусым 2014 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз