1 маусым - Балаларды қорғау күні. Бұл балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын күтетін басты мерекелерінің бірі. Жалпы алғанда, бөбектерге қамқорлық көрсету, олардың құқықтарын қорғау тек белгіленген бір күн емес, әрқашан да үлкендердің назарында.
Халықаралық балаларды қорғау күні – күллі әлем балаларының жағдайына қоғамның назарын аударту мақсатында әртүрлі іс-шараларды өткізумен аталып өтеді.
Бұл мерекені Көкпекті жұртшылығы да назардан тыс қалдырған емес. Жайма-шуақ жаз айларының алғашқы күні Көкпекті ауылындағы аудандық Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде және орталық алаңда балаларға арналған мерекелік іс-шаралар өтті. Ауданнның барлық ауылдарынан мерекеге арнайы келген бүлдіршіндер мен ата-аналар орталық алаңға жиналып, «Шуақты Шұғыла», «Балерке» балабақшаларының бөбектері мен балалар өнер мектебінің оқушылары қойған концертті тамашалап, жылдағы дәстүр бойынша балалар түрлі-түсті бормен асфальтқа әр түрлі суреттер салды. Қайсар есімді 5 жасар бүлдіршін ең әдемі күннің суретін салса, 12 жастағы Нұқ Ыбырайұлы натюрморд салып, ондағы алмұрт, алма мен қыш құмыраны қанық түстермен айнытпай бояп шықты. Ал, Әйгерім есімді кішкентай балдырған Елордамыз Астананы бейнелеп, суреттің ортасына күнмен таласқан Бәйтерек салған. – Мен еліміздің Астанасын тек теледидардан ғана тамашаладым. Бәйтерекке барсам деп армандаймын. Сол себепті осындай сурет салдым, - дейді Әйгерім
Сондай ақ, бұл күні Көкпекті аудандық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мәдениет үйінің ішінде аудандағы қызмет алушы балалар мен олардың ата-аналарына арнап, мерекелік іс-шара өткізді. Ұйымдастырушылық шеберлігі жағынан ауданда алдыңғы қатарда тұрған мекеменің бұл жолғы қойылымдары да театрландырылып, жоғарғы деңгейде өтті. Мекеме қызметкерлері балалардың көңілін аулап, әр түрлі ойындар өткізсе, қызмет алушы балалар қазақ, корей билерін және флеш-моб билеп ата-аналар мен келген қонақтарды таң қалдырды. Сондай-ақ, Көкпекті аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлия Мұқашева қызмет алушы барлық балаларға тәтті-дәмділер таратып, бүлдіршіндердің бір сәттік қуанышына себепкер болды. Ал, мереке соңында ата-аналар, балаларға ерекше қамқорлық көрсеткен мекеме қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Өйткені, бүгінгі бала - елдің ертеңгі болашағы. Дана халқымыз өсіп келе жатқан баланы жас ағашқа ұқсатады. Егер ағаштың артық өскен сабақтарын қырқып, түбін әктеп тұрса, ол ағаш түзу өсіп, құрылысқа жарамды ағашқа айналады, ал еркімен өскен ағаш қисайып шіріп, ақыр соңында отыннан басқаға жарамай қалатындығы сөзсіз. Сондықтан да, балаларды қорғау күні мереке ғана емес, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Болашақ ұрпақтың бақытты өмір сүруіне мүмкіндік жасауға арналған күн. Келешегін ойлаған ел бүгінгі күннен бастап балалардың тәрбиесіне бей-жай қарамай, осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды жиі өткізіп тұрса нұр үстіне нұр болатыны анық.
Балаларды қорғау күні – бұл тек қана көңілді мереке емес, бұл балалардың бақытты болып өсуі, жақсы жағдайда оқуы, өзінің сүйікті ісімен айналысып, болашақта еліміздің құрметті азаматтары мен абыройлы ата-ана болулары үшін, қоғамға бала құқығы туралы жеткізу мерекесі. Бұл мереке - әрбір күні бақыт пен қуанышқа толы болып, қоршаған әлем кең байтақ болып көрінетін балалық шақтай жарқын көңілмен, көңілді әуенмен, шаттықпен тойланады. Бала – біздің болашағымыз, біздің үмітіміз!
Жанерке АБЫЛХАН
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.