Көкпар – нағыз ерлер ойыны. Егінбұлақ ауылында білектілер мен жүректілер жарысы абыроймен өтті. Командалық көкпар ойыны өткізілген аудандық жарысқа 4 құрама қатысты. Жарыс жеңімпазы Ақой және Үлкенбөкен ауылы көкпаршыларынан құралған «Көкпекті жастары» командасы.
Егінбұлақ ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер, елжанды азамат Дамир Геккель ұлы Арманның 1 жас тойына орай командалық көкпардан аудандық жарыс өткізді. Дүбірлі додаға Көкпекті аудандық Ұлттық спорт ойындары орталығының мамандары басшылық жасады. Биғаш ауылдық округінің әкімі Қайрат Ахметқалиев шараның ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі. Шараның жоғарғы деңгейде өтуіне Егінбұлақ ауылының тұрғындары бір кісідей атсалысты. Көршілес Биғаш, Жарық ауылының азаматтары да ортақ қуаныштан тыс қалмады.
Жартылай финалда Егінбұлақ және Көкпекті жастары командалары кездесті. Аса тартысты өткен ойын нәтижесінде Көкпекті жастары финалға жолдаманы жеңіп алды. Екінші жартылай финалда Ажа ауылы мен Тассай ауылының көкпаршылары кім мықтыны анықтады. Сәл ғана басымдықпен Тассай құрамасы финалға берілер жолдаманы тақымына басты. Ең қызықты ойындардың бірі 3-орын үшін талас болды. Нәтижесінде 2-1 есебімен жеңіске жеткен Ажа ауылының құрамасы 3 - орынды қанжығаларына байлады. Финалдық кездесудің тартысты болғаны сондай арнайы сойылған серке екіге жыртылып дал-дұлы шықты. Жаңа серкені сенімді тақымдаған Ақой мен Үлкенбөкен жастары жеңісті жұлып алды. Тассай балуандары 2 - орынды иеленді.
Алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтарға арнайы дастархан жайылып, ас тартылды. Артынан жаппай көкпар ойнатылды. Егінбұлақ ауылының азаматтары қомақты салым қойды. Салым қорына 1 жылқы, 1 тайынша, 3 қой және 100 мың теңге ақшалай сыйлық аталды. Аудандық жарыс болса да көкпардың жалпы жүлде қоры 1 миллионнан асты. Дәстүр бо-йынша «Өгіз өлді» салымы ойнатылып, Егінбұлақ ауылының көкпаршысы Арман Сиянов салымға қойылған жылқыны қанжығасына байлады.
Тақымында тұлпарын тулатқан, жұртының айбынын асқақтатқан Алаш азаматтарының саны жыл сайын артып, көкпар сайысы дәстүрлі түрде өтіп келе жатқандығы қуантады. Атқа қонса атойлап алға шығар, тақымындағы тұлпары туласа көрермен халықтың қанын қыздырып, жанын рахатқа бөлейтін көкпар ойыны әрқашан көздің қарашығындай қорғалып ғасырдан ғасырға жететіні ақиқат. Қазақ барда - көкпар өлмейді!
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.