Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Көкпекті ауданы басшылығына Асхат Сайдахметұлы Смаилов келгелі аудан тұрғындары арасында елімізді серпілткен, санамызды сілкінткен нағыз «Рухани жаңғыру» жүріп жатыр. Ауданымыздың басты елді мекендерінің бірі Самар ауылында Абай ата ескерткіші орнатылып, көрікті алаң жасақталды.

Осы жылдарда тұңғиығынан қоңырау тарта күмбірлеген Бейнетеңіздің жағасындағы Тассай ауылы қайтадан түлеп серпілді. Ауылдың әрбір үйіне таза ауыз су тартылып, тұрғындардың игілігіне берілді. Жазғытұрым қыстың сызы қалмаса да, тасқынның ізі Кілеңжырада қалып, су шайып кететін көпір де мықтай шегенделіп, жөнделді. Тастай боп бекінген бірлікті елге мереке келіп, береке кірді. «Тассай барысы», "Салбұрын" саятшылық мерекелері осы ауылдың төрінде өтті. Мәдениет деңгейі көтерілген Тассай ауылының көркемөнерпаздары ауданымызға, облысқа, республикаға таныла бастады. Катрен сал Байжұманов, Нығметжан Смағұлов, Тасқайнат Әлкеев, Қалырбек Қайсановтар тассайлықтардың өнер бастауын-да тұрса, бұлардың ізін Саяхат Тұрлыбеков, Берік Байгереев, Серік Қайсанов, Зульфат Қайсанов, Тілек Бүкүмбаев және басқалар жалғастыруда.

 

 

 

 

Ән салған алтын аймағы
Тассай ауылынан аттанған екі «Газель», «Гранта» және «Тойо-та» ел үмітін арқалаған өнерпаздарды алып еліміздің жүрегі, мемлекетіміздің тірегі, аяулы да сүйікті елордамыз Нұр-Сұлтанға маңдай түзеді. Түн ауа өнер керуені астанамыздың бас көшесіне енді. Тассайлық жерлестерін сағына күткен кезінде Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесінің бірнеше мәрте депутаты болған, қос орденді кеудесіне қадаған атақты шопан-тәлімгер, тассайлық жерлесіміз Рысхан Құсайынова бала-шағасымен, сол жердегі Тассай ауылының төл тумалары және бұрынғы тұрғындарымен бірге қарсы алды. Екі кабатты салтанатты сарайда қырық кісі әнші-күйшіні қарсы алған сәт - Құддыс шәрифте кездескен Жүсіп пен Жақыптың жолығуындай болды. Шашуы шашылып, сағынысқан құшақтары жайылып, мәре-сәре болған жұрт таң ағарып атқанша шаршамады, талмады. Өзі Алматы қаласында бола тұра, Тассайлық жерлестерін астана төрінде қарсы алып, күтуге атсалысқан жерлесіміздің бірі Гүлмира Тоқанқызы Сабурова екен. Ән салған алтын аймағы ескі Тассай мен Қайнардан, Үшкөмей мен Ақсудан жеткен ағайын алдын ала хабарласып, тіпті әлеуметтік желіде «Тассайлықтар» деген топта құрып қойыпты. Рысхан апа өзі бастаған іс-шара Абай ата сөзімен айтқанда «Адамның адамшылығы істі бастағанынан көрінеді» дегендей қасиетті батамен, ақ адал шашумен басталды.

Түп қазығым – ата жұртым Тассайым
Тассай ауылынан келген өнерпаздарды астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының төрінде қала тұрғыны Асқат Нұрғабденұлы бастаған – “Қазыбек Сәменбетұлы ұрпақтары” ұжымы да қарсы алды.
- Тассай ауылдық округі аумағында қазақ халқының әйгілі батыры Қазбек Сәменбетұлының зираты табылып, атамыздың жатқан жерінің орны белгіленгені қуанарлық жайт. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ел тарихын, жер тарихын жинау, жарыққа шығару нәтижелі іс болуы керек. Елге ел қосылып, қазақ халқының басы бірігіп, Қазақстанға жиналуы керек. Ортақ Ота-нымыз Қазақстанды гүлдентуге, елімізді өркендетуге әрқайсымыз, әр азамат атсалысу керек, – деп сөзін түйіндеді делегация басшысы.
Кездесуде Жамбыл Омарұлы Артықбаев - тарих ғылымдарының докторы, Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті профессоры, Тұрсынхан Законұлы - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Шығыстану кафедрасында профессор, тарихшы, жазушы, Таласбек Керімбайұлы – ҚХР ШҰАР жазушылар қоғамының мүшесі, тарихшы және Егемен Қазақстан газетінің тілшісі Майгүл Сұлтан қатысты. Отырысты жүргізген Ақытбек Шеризатұлы - “Қазыбек Сәменбетұлы ұрпақтары” ұжымы төрағасының көмекшісі. Кездесудің түпкілікті шешімі Қазбек Сәменбетұлы ұрпақтарының «Түп қазығым – ата жұртым Тассайым» деген сенімдері шегенделіп, ата жұртқа бет бұрып, көшіп келген ел жат емес бауырың, бөтен емес туысың екенін көрсетті. «Қар кетісімен Зайсан көліне келетін аққу, қаздай болып тізіліп жетерміз», - деген ел Тассай жерінде сағынышпен қауышуға асықты.
Нұрлы Нұр-Сұлтан қаласының
сахнасында
Сағат 17.00-ден бастап Жастар театрының фойесіне ауданымыздағы айтулы қолөнер шебері Ғалия Оразғалиева әкелген көрме қойылды. Көрмеде Қалба таулары петроглифтерінен репродукция, киізден жасалған картиналар мен акварельмен салынған суреттер көрсетілді.
Тура сағат кешкі алтыда жүргізушілер Катрен Байжұманов пен Мейірлі Садықованың бастаған концерттің шымылдығын Абай өлеңдерін мәнерлеп оқыған оқушылар түрді. Абай үні, Абай өсиеті саханадан жыр боп төгіліп, Саяхат Тұрлыбеков салған «Сегіз аяқ» әніне ұласты.
Зайсан мен Ертістің ақ толқындарының маржан тамшысындай «Елге сәлемі» толғауын екі дауыста шырқаған Әнеш Ақатаев пен Бақытбек Елтайұлы алтын домбыраларын әуелете бебеулетті. Ел сағынышы, жұрт сүйіспеншілігі көрерменге әсем әуенмен қалықтап, ерекше сезіммен араласып жатты. Тіпті Жастар театрының алқаракөк шымылдығы да ағарып кеткендей болды.
Ел сәлемінен кейін елордалықтар мен конақтарды құттықтауға абыз ақсақалымыз, ақын, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы, елағасы, Шығыс Қазақстан облысы Құрметті азаматы Бәделхан Камалханұлы, аудан әкімінің орынбасары, делегация басшысы Марат Теміржанов, жерлесіміз, атақты шопан апамыз Рысхан Құсайынова шықты.
- Кейінгі жылдары ауданның атын міне осындай игі шаралар шығарып жатыр. Тассайлықтар Семейден де озды бүгін. Ұлы Абайдың тойын бастап елордаға келгендері өте шарапатты іс. Бұл аудан басшылығының «Рухани жаңғыру» бағдар-ламасындағы міндеттерді мақсатына жеткізе орындап жатқанын білдіреді, - деп сөз бастаған Несіпбек ағамызды, елге деген туыстығы мен ағайындығын жеткізе сөйлеген Беделхан Камалханұлы ағамыз қостап, тассайлықтарға сәттілік тіледі.
Сөзін өлеңмен бастаған Рысхан апамыз да елге деген сағыныш пен құрметін ақжарма тілегімен жеткізді. Бұдан кейін орындалған Тілек Бүкембаевтың авторлық «Туған жерім Тассайым» әні Тассай ауылы мен ауылдастарына арналған әнұрандай естілді.
«Жанай керім, жанай сылқым, жанай бұлбұл жанерке-айға» басқан әжелер ансамблін көпшілік қолпаштап десте-десте гүлдің астында қалдырды. Бұдан кейін Біржан Байжұмановтың орындауындағы «Сарыарқа» атам қазақтың алтын арқасына, сары жайлауына деген перзенттік махаббаттың символындай естілді. Жанболат Сахыпжанов салған «Айналдым елім», Мейрамгүл Маутқанқызы сызылтқан «Бір бала» Құрайлының ызғыған қамыс сазының, Мысықұясы тауының ерке самал лебін әкелгендей болды, астана төріне. «Кербез сұлу» күйі жүректен кіріп, бойды алғанда Бәтіш-Жүзтайлақтың, Тұржан-Қаламқастың еркелей әсем басып, кербезденгені көз алдыңа келгенедей болды», - дейді көрермен ішінде болған Түркі Академиясының жауапты хатшысы Ақеділ Тойшанұлы. Ботагөз Мауытбекова, Зульфат Қайсанов, Айнұр Жунусова, Лаура Абикенова, Гүлнар Алкеева, Айман Бапабаева, Бақытбек Елтайұлы салған әндер мен шерткен күйлер астана көрермендерін тәнті етті.
- Кішкентай ғана ауылдың рухани қуатын жүрегімізге түйіп әкелдік.
Бір жарым айдай дайындалған еңбегімізді ел бағалап, көрермен кошеметтеп жатыр. Қырдағы ел мен ойдағы елді араластырған аудан басшыларына, ауылымыздың әкімі Ержан Мәзібаевқа алғысымыз зор, – деді кезінде Тассай халық театры мен ұлт аспаптар оркестрін құрысқан Мейірлі Жанұзаққызы.
Көкпекті ауданы мәдениетінің өркендеп, өнерінің үстем болуына барлық жағдайды туғызып отырған аудан басшылығына, аудан әкімі Асхат Сайдахметұлы Смаиловқа ризашылығын білдірген жұрт Жастар театрын толтырып жіберді. «Аншлаг тағы да аншлаг болды», - дейді Бармақ батырдың ұрпағы Мұрат Абылов.
Концерт барысын жерлесіміз Олжас Нұрекенов бастап әкелген «Евразия 1» арнасы бірінші болып түсіріп, эфирге шығарса, «Қазақстан», «КТК», «Хабар 24» арналары да кезек-кезек сұхбат алып, жедел түсірілімдерін жасап жатты. Осы кезде телетүсірімдермен қамтамасыз еткен елорда-дағы жерлестеріміз – Серік Есқалиев, Динара Ізғұттиноваларға ауыл көркемөнерпаздарының алғы-сы шексіз. Сонымен қатар, концертті бастан аяқ толық түсірген тассайлық Саят Тастанов болды.
Тассайлықтардың елордасына келіп концерт қоюына демеушілік көрсеткен ауылдың Атымтай-Жомарт азаматтары мен ауқатты шонжарлары екені сөзсіз. «Ауылым – алтын бесігім» деген тассайлықтар өнер керуенін Нұр-Сұлтанға қалай шығарып салса, қайтқан өнерпаздарды бір кісідей Катрен сал Байжұманов басқаратын клуб үйінде құшақ жая қарсы алды.

Қайрат БЕСБАЙЫС 

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қаңтар 2020 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
    1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
28 29 30 31    

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз