Қалиқан Алтынбаевтың «Көкпекті» кітабының 14-бетінде; «Швец жолдаған архив деректері бойынша Көкпекті казак - орыс бекінісі 1763 жылы салыныпты» – деген. Құжат көзіне сілтемесі жоқ, үзілді-кесілді ақпарат бар. Мұндай ақпаратты кітапқа кіргізу оңай да, ал атақты ақынымыздың сөзін жоққа шығару қиынырақ болатын көрінеді. Осы уақытқа дейін, Көкпектінің тарихын ешкім құжат арқылы жаза алмай жүр. Менен де ауық-ауық оқушы қауым осы туралы сұрап қояды, бірақ қолымда құжат болса да, оны жазудың сәті енді түсті. Н.Коншиннің мақаласын қазақшаладым, менің қосымшаларым осындай курсивпен жазылды. Коншиннің мақалаларының ең құндылығы, оның қолында бүкіл Семей облысы архивының құжаттары болған. Сондықтан Коншин қазақ даласындағы болған оқиғаларды, көзі көргендей, құжат негізінде жазған.
«Көкпекті округының ашылуына» деген еңбегінде:
Көкпекті немесе Кокпектинск – өткен ғасырдың 30-40 (1830-40) жылдары Семей облысының батысында Орыс-Қытай шекарасындағы ең басты әскери бекеті, ал қазір шамалы ғана (заштатный) қала.
Менің бұрынғы шыққан «Аякөз округінің ашылуына» деген мақаламда айтылғандай, өткен ғасырдың 20-жылдарында қазақ руларының болыстары, басшылары арасында, бітпейтін итіс-тартыстың салдарынан, осылардың өкілдері қазақ даласында, 1822 жылғы ережеге сәйкес, округ ашу туралы біршама талап қоя басталды.
Соған байланысты, қазақ сұлтандары бір-біріне шағым түсіріп, жиі-жиі, өздерін қолдаушы әскери күш сұрай бастады.
Батыс Сібір әкімшілігінің шет ел қазақтарының ісіне белсенді түрде қол сұғуы, әсіресе, орыс қожалығын қазақ даласына қарай кеңейтуді қолдайтын, Батыс Сібір Генерал-Губернатор міндетіне генерал-лейтенант Н.А.Вельяминовты, 1827 жылы сайлаған кезден басталды. Өзінің ұсынысына жоғарғы жақтың жаңа округ ашуға рұқсат алып, Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға, Ертістің арғы жағына, Қалба тауының маңына отряд жіберуге нұсқау береді.
Қазақтардан ешқандай қарсылық көрмеген орыс отряды, Көкпекті өзенінің бойына келіп, тоқтайды да, 1830 жылы сол жерге бірнеше ағаш үй салып, оның атын, өзенге ұқсатып Көкпекті қояды.
Орыстардың бұл Зайсан жазығына келіп орналасуы, бір бекеті осы жаңадан салынған елді мекеннен алыс емес, Бөкен деген жерде орналасқан қытайлықтардың, үлкен наразылығын тудырады.
1831 жылы, шекарадағы бекеттерін аралауға, Шәуешектен шыққан қытайдың амбаны, Көкпектіде тұрған сотник Недорезовке, өзінің шенеуніктерін жіберіп, Қытай қоластына қарайтын, Ханғожиндердің жаз жайлау жеріне кіріп алған орыстардың, жерді босатуын, бірнеше мәрте, болар да болмай талап етеді.
Қытайлықтардың бұл ұсынысын Недорезов орындаудан бас тартып, оған жазбаша: өздерінің Ресейдің жоғарғы бастықтарының нұсқауымен келіп отырғанын және олардың бұйрығынсыз кете алмайтынын айтып, жауап береді.
Амбань оған ешқандай да жауап бермей, бірақ, кейінірек Батинский бекетінде, Бұхтарма әскери балықшыларының бақылаушысы хорунжий Корниловпен кездесіп, орыстардың қытай жерін басып алғанын айтып, шағымданыпты. Тіпті оларды Көкпекті өзенінің бойынан күшпен қуып шығамын депті.
Әрине, қытай амбаны айтқан қоқан-лоқысын орындаған жоқ, бірақ қытай шенеуліктерінің Көкпектіге келіп кеткені, қазақтардың арасына тез тарады. Орыс отрядын қуып шығу үшін, қытайдан 500 тіпті, 1000 кісілік әскер шығыпты, олардың алды келіп те қойыпты, деген сияқты қауесет те айтылып жатты. Осындай өсектің салдарынан кей кезде, мысалы Матай болысы (Қарауыл-жасық болар), 10 казак отрядымен барымташыларды қуып келе жатқан урядник Рагозинді, өз жерінен өткізбей де қойыпты.
Осы секілді көптеген жағдай, шетел шекара әскери отрядының бастығы хорунжий Ньюхалевті, тым мазасыз болыстарды аралап, ешнәрсеге елең болмаңыздар деп, тыныштандыруға мәжбүр етті. Матай болысына барғанда, Ханқожа сұлтанның ұлдары Жанбөбек пен Сыбанқұл осы болысқа жақын жүретінін және олардың қытайлықтармен тұрақты байланысы бар екенін естіді. Саржомарт болысынан қайтып келе жатып, Себі мен Ағынықатты бекеттерінің арасында, қарауыл-жасықтармен бірге қытайлықтарды кездестірді. Олардың айтуынша қарауыл-жасықтар қытайлықтардың Бөкен және Құлынжон бекеттеріндегі жылқысын «Қытайлықтардың өтінішін сыйлағандықтан» – (Ньюхалев Омбы облыс бастығына осылай деп жазыпты), бағып жүрген көрінеді.
Ал өздерін Қытай мемлекетінің құзырындамыз деп санайтын қарауыл-жасықтар біздерге «бұл жерден тезірек Қалбаға қарай, ең кемінде 30 верста кетіңдер» деп бұйрық берді.
«Қазақтар, қытайлықтардың бұл жерді өз билігінде сақтай алмайтынын байқап, Ресейдің қол астына кіргісі келетіндіктерін және қытайлықтардың өзіне «біздің жайлауымызды қорғап, кейде малымызды барымташыларды қуа алмасаңдар, онда бізді өзіміздікі деп, ешқашан айтпаңдар» депті. (Өткен ғасырдың 20-40 жылдары сұлтан Ханғожиндер Аякөз және Көкпекті қазақтарының ішіндеайтарлықтай беделді орын алды. Бұлардың орыс әкімшілігінің Аякөз округін ашу және ұйымдастыру кезіндегі қарсы әрекеттері менің «Аякөз округінің ашылуына» деген мақаламда толық баяндалған).
Қарауыл-жасықтардың Қасаболат және Дүйсен тармағынан шыққан, 1918 жылы Орыс үкіметінен старшын атағын алған екі биі, және Бұрынбай орыстардың қоластына өтпекке тілек білдірді, тек Ньюхалевтің келесі келген кезінде» (Бұл Ньюхалевтің Омбы облыс бастығына жазған хаты).
Ньюхалевтің шекарада болған уақиға туралы хабарын алған Омбы облысының бастығы де Сент-Лоран, оған, қытайлықтарға өздерінің Көкпектіге келген себебі туралы жазбаша жауап бергені үшін, Недорезовке «өте қатаң сөгіс» бер деп бұйырды. Келешекте қытай шенеуліктері қайта келсе, оларға өте-мөте сыпайылық көрсетіп, егер тағы да мекен туралы сөз болса, бізді жоғарғы бастықтарымыз қазақтардың арасында байсалдылық, тыныштықты сақтау үшін жіберіп отыр десін. Ньюхалевтің өзіне де Сент-Лоран, Қытай мемлекетінің наразылығына ұрынбау үшін, қытай қоластындағы қазақтармен ешқандай байланыс жасамауын тапсырды.
Батыс Сібір генерал–губернаторына барлық жағдайды хабарлай отырып, де Сент-Лоран: «Егер Қытай шындығында бізді бұл жерден қуу үшін отряд жібере қалса, бізге қандай бұйрық бересіздер, соны хабардар етсеңіз», – деп сұрақ қойыпты.
Де Сент-Лоранның өз ойы бойынша, «Біздіңше, бір ыңғайлы сылтау тауып, отрядты қытай қоластындағы қазақтардың жерінен алшақтау, басқа жерге өзіміз көшіріп қойғанымыз дұрыстау болар еді. Әйтпесе, қытайлықтардың талабы арқылы көшсек, қазақтардың арасында бұрыс сөз болмас еді», – депті.
Бұл сұраққа Вельяминов, де Сент-Лоранға: «Ньюхалев отрядымен қытайдың бекеттерінің қасына барған кезде, өзінің абайсыз ісімен оларды ренжітіп алып, сол арқылы қытайлықтардың қоластындағы қазақтардың наразылығын тудырып, қытай қоластында қала беруді артығырақ көретіндей ой тудырмау керек», – деп, үнемі айтып отыру керек депті. Тіпті, жоғарыда айтылған Ньюхалевтің Себі бекетінің қасында, қытайлықтармен сөзі, Генерал-губернаторға тұрпайы көрінді. Ол Ньюхалевке ескерту жасап: «Ресей мен достық қарым қатынастағы мемлекеттердің қоластындағы адамдарымен дөрекі сөйлеп, ақылға сыйымсыз қылық жасамау керек», – депті.
Ал де Сент-Лоранның тура қойылған «Егер Қытай бізді бұл жерден қуу үшін отряд жібіере қалса не істейміз?» – деген сұрағына, Генерал-губернатор өзі де не істеу керек екенін білмеген болар.
Қытайлықтар Көкпекті өзенінің бойына келіп орыстардың жер иемденгеніне қарсы болып қана қоймай, 1830 жылы округ аша бастаған Аякөз жағының қазақтарының арасына, бар ынта-жігерімен іріткі сала бастап еді. Сондықтан, Генерал-губернатор өз бетімен қытайға қарсы әрекет жасауға бата алмай, 1831 жылы қыркүйек айында, қытайлықтардың Көкпекті мен Аякөз жеріне дәмелі екенін Вице-Канцлерге хабардар етіп, оның: «Мархабатты Император, қастандық істелген жағдайда алған жерімізді қытайға босатып берейік пе, әлде тойтарыс беруге ризашылығын бере ме екен?» соны біліп беруін сұрапты.
Генерал-губернатордың қозғалған сұрағы жалпы Сібір және Азия комитеттерінде, 28-желтоқсан 1831 жылы қаралыпты.
Менің «Аякөз округының ашылуына» деген мақаламда айтылғандай, комитеттер қытайлықтардың талабы орынсыз деп тауып шешті:
1. Қазақтардың шекарасы, Қытай мемлекетімен жасанды (формально) арақатынас жағына кірмейді. Ол туралы Трибунал бізге, не Иркутскінің губернаторына арақатынасқа шықпаса.
2. Батыс Сібірдің Генерал-губернаторына нұсқау беріледі:
1) Көкпекті шатқалындағы және Аякөз округындағы біздің отрядтарды сол тұрған жерінен тапжылтпай, ерекше бұйрықсыз, одан әрмен қытай шебіне қарай да жылжытпау керек.
2) Егер ойламаған жерден Қытай мемлекеті мәселені түсіндірмей тұрып, қытай шекарашылары күш көрсетіп, отырған орнымызды қалдыр десе, онда ол қимылды мемлекеттің ісі емес, тек жергілікті шенеуніктердің өз бетімен жасаған қимылы деп қарап, оларға біздің мемлекет пен Қытай мемлекеті бейбіт және достық қарым-қатынаста екенін және жергілікті қарауылдың алдына қойылған бұйрық, бір жағынан береке-бірлікті сақтау, екінші жағынан, екі мемлекеттің келісімі болмаса, отырған жерін қорғап, сақтап қалуы керек екенін мықтап тұрып түсіндіруі керек. Егер бұл айтылғандарға күш көрсетушілер, құлақ аспаса, тек күш жағынан үстем болса ғана, шегінуі керек.
Жоғарыда аты аталған комитеттердің ортақ қатысу журналын, 9 қаңтар 1832 жылы Ұлы мәртебелі тақсыр қарап, 14-қаңтар күні комитеттер шешімге келді:
«Журналдың көшірмесі Батыс Сібір Генерал-губернаторына орындау үшін хабарлансын, ал Вице-канцлер мен Шығыс Сібір Генерал-губернаторы ол туралы мағлұматтандырылсын.
Жоғарыдағы комитеттердің шешімін, Генерал-губернатор Омбы облысының бастығына хабарлап, бұрыннан одақтас қарым-қатынастағы Қытай мемлекетімен достықты қатаң сақтап, олардың наразылығын тудыратын ешқандай сылтау туғызбай, қытай қарауылы мен шенеуліктерінің көзіне түсетіндей әрекет жасамай, олардың шекарасынан аулақ жүріп, сонымен қатар комитеттердің шешіміне сәйкес, орнығып алған жерлерін бермей, олардың да жеріне кірмеулері, заң жүзінде қатаң қадағаланатынын ескертті. Егер қытайлықтар айтылған пікірге місе тұтпай, күшпен отырған жерлеріңнен қуамыз десе, шамалары келгенше, егер сан жағынан басым болмаса, тойтарыс беру керек.
Ньюхалевтің де Сент-Лоранға жедел берген құпия хабарына қарағанда, қытайлықтар Көкпектідегі орыс отрядын, қуып шығу қаупін туғызбаса да, көпке дейін мазалапты. Төменде мен Ньюхалевтің құпия хабарына толық тоқталамын. Меніңше, онда қытай мен орыс шекарашыларының арасындағы қатынасы жақсы суреттелген.
15 маусым 1931 жылы, Ньюхалев болыстарды аралап келген күні, қытайдың Бөкен бекетінің басқарушысы галдай, достық ретінде ме, әлде басқа шаруасы бар ма екен, «аман-сәлем үшін» екі қалмақты жіберіп, «отрядтың хал-ахуалын» сұратыпты. Оған жауап ретінде, Ньюхалев те өз кісілерін жіберіп, естуінше оның «қант пен шарапқа мұқтаждығын» ескеріп, Ньюхалев оған оның «мұқтаж заттарын» да жеткілікті мөлшерде беріпті. Сонан соң, Ньюхалевтің шақыртуымен, екі жұмадан соң, галдайдың өзі, қасына 10 төменгі шенді адамын ертіп, келіпті. Ньюхалев оны тиісті сый-сыяпатпен өз пәтерінде қарсы алыпты. Сөз арасында галдай, «Шәуешек амбаны жарлық етіп, орыс отряды Көкпекті бойында әлі отыр ма, біздің уаң, сұлтан Ханхожиндер мен қарауыл-жасықтардың келешек қыстауына қыспақ көрсетпей ме, деп сұрады», - дейді. Ньюхалев ондай қимыл болмайды деп галдайды сендіріп, онан соң «шай, арақ, қонақасы» беріп, қасындағы адамдарына да шеніне сәйкес күтім көрсетіпті. Кетерінде галдайға киім тігіп кию үшін вельвет сыйлапты, ал сотник Недорезов онан бұрын галдаймен танысып, оған жорға ат сыйлаған екен.
Үш күн өткеннен соң, Ньюхалев, Недорезов және толмаш Корнилов бір урядник және 3 казак ертіп, қарсы қонаққа барыпты. Бұларды да жақсы қарсы алып, достық қатынастарын сөз етіп, шай, өздері жасайтын шараптарын құйып, қонақасы беріпті.
Қытайлықтар келесі жолы 1832 жылы сәуір айының аяғында, 6 галдай, және 15 төменгі шенді адамымен келіпті. Ньюхалев бұларды да тиісті сый-сыяпатпен бәр пәрменімен құрметтеп, әскери тәртіппен қарсы алыпты.
Галдайдың басшысы Ньюхалевке: «бізді амбанымыз, тек бір ғана, орыс құрылыстарын бұл жерден алып тастау тапсырмасымен жіберіп отыр. Себебі қытай мемлекетіне бағынышты қазақтар мен олардың сұлтандары, әсіресе Ханхожиндер осы туралы шағым түсіріпті», – деді.
Ньюхалев оған, қазақтардың наразылығы орынсыз, біз тіпті қытайлықтардың талабына сәйкес, құрылысымызды өзеннің арғы жағынан екінші жағына қарай көшіріп, қайта салдық .Орыстардың құрылысы өте үлкен болмаса да, әр жаз сайын үйлерімізді қайта-қайта көшіре беру бізге де қиындыққа соғады, біздің үйлер қазақтардың киіз үйі емес қой деп, өз сөзін дәлелдеуге тырысып бақты.
Сонан соң әңгіме «қызметке қатыссыз басқа ағымға түсіп», аяқ жағы галдайларға арналған қарапайым сый табақ-шәй, арақ, қонақасына айналды. Қытайлықтардың төменгі шендері де, өз шамаларына қарай күтілді. (Шын мәнінде үйлерді көшірудің нағыз себебі, Көкпекті өзені тасыған кезде, тасқын су үйлерін алып кету қаупінен еді).
(Жалғасы бар)
Сыдықов Мүсәйіп Қыдырқанұлы, шежіреші, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Алматы қ., Қазақстан
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.