26 қазан күні Марокка елінде өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері Серікболсын Тлебалдин туған жеріне оралып, жерлестерінің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленді.
Самбодан ардагерлер арасында өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесін жеңіп алған жерлесіміз Серікболсын Тлебалдиннің жетістігі туған жерінде елеусіз қалмады. Аудан әкімі Асхат Смаиловтың атынан иығына оқалы шапан жабылып, қаржылай сыйақы табысталды. Ал, тассайлық азаматтар ардагер палуанға ат мінгізді.
Ардагер спортшымызды қарсы алу салтанаты Көкпекті ауылындағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алаңында өтті. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин, маслихат хатшысы Талғат Сарманов, жас кезіндегі бапкері Нығмет Смағұлов, жерлесі, досы Жәнібек Дайырбековтер құттықтау сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін арнады. Мәдениет үйінің әртістері әуелете ән салып, ардагеріміздің мерейін үстем етті.
Серікболсын аға жас кезінде қайсар мінез қайраттылығымен талай жерде қарсыласының сағын сындырған спортшылардың бірі. Жерлесіміз ардагер спортшы, самбо күресінің спорт шебері, ШҚО «Қазақ күресі» федерациясының мүшесі, Көкпекті ауданы бойынша «Қазақ күресі» федерациясының Президенті Серікболсын Асырандыұлы Тілебалдин Марокконың Касабланка қаласында өткен ардагерлер арасындағы Әлем чемпионатына қатысып жүлделі ІІІ орын, қола медальді қанжығалап қайтты.
Белдескеннің белін «сындырып», тірескеннің тізесін бүктіретін ұлтымыздың қаймақтарының өзгелердің алдында мерейін үстем ету – біздің міндетіміз. Осы орайда жасы алпыстан асса да, спорттан қол үзбей келе жатқан Серікболсын Асырандыұлыны үлгі етуге болады. Ол – спортты жанына серік етіп қана қоймай, шетелде қазақтың туын желбіреткен ардагер спортшы. Қартайдым деп тірліктен күдерін үзбей, ұрпаққа өнегелі ісімен танылып жүрген оның күні бүгінге дейін жігерін жасытпаған да – осы спорт.
Серікболсын Тлебалдин 1957 жылдың 31 қазанында қасиетті Қарағандыкөл топырағында дүниеге келген. Жастайынан сергектікті серік еткен ол мектеп қабырғасында жүріп-ақ спортқа деген қызығушылығын таныта бастайды. Әсіресе ол үшін самбоның орны бөлек-тін. «Шынықсаң шымыр боларсың» деген ұранмен күндіз-түні тынбай шынығып, қатарының алды болуды мақсат етті. Зейнетке шыққан соң Серікболсын ағаның жігері жасыған жоқ, керісінше өрши түсті.
61 жастағы ардагер спортшымыздың батылдығы өзге елде туымыздың көкке көтерілуіне себепкер болды. Осы жасқа келіп, намысты қолдан бермеуге тырысып жүрген Серікболсын аға жоғары жақтан қолдау күтеді. Мұнысы орынды. Бұл күні ауданның ғана емес, елінің намысын қорғап жүрген Серікболсын Тілебалдин сынды азаматты халқының рухани демеуінің өзі бір сергітіп тастады.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.