Домбыра – көнеден қалған асыл мұра, көзіміздің қарашығы әрі ұлттық кодымыздың айнымас бөлігі. Жуырда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Қазанғап, Дина, Сүгір сынды бабаларымыздан мирас болып қалған күй өнерін жандандыруда бұл күннің алар орны ерекше. Алпыс екі тамырды идіріп, ет жүректі елжіреткен қоңыр домбыраның киелі үні кез келген жан баласын таңғалдырмай қоймас.
Елбасы Жарлығымен Қазақстанда тұңғыш рет шілденің алғашқы жексенбісі Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Осыған орай қазақтың жаны болып табылатын халықтық аспаптың құрметіне арналған мерекелік шаралар Көкпекті ауданында кеңінен тойланды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесіп жатқан мерекелік шара Көкпекті ауылында таңертең Уақ Бармақ батыр ескерткішінің жанында бастау алып, кешкісін жеңіс саябағында жалғасын тапты. Осы жерде жергілікті мәдениет үйінің әртістері күйден көрермендерге шашу шашты. Олардың орын-дауындағы «Тарбағатай таулары», «Қызылжар Семей», Күй «Бозінген», «Серпер», «Армандар», «Беу-айдай», «Еркемін», «Астана» әндері мен күйлері Көкпекті ауылының жұртшылығы күй құдіретін, саз сиқырын жан жүрегімен түсіндірді.
Бұл күні ауданның әр түкпірінде ауылдарда домбыра аспабын ұлықтаған көрмелер өтті. Ұлттық рухты көтеретін, сананы сілкіндіретін мұндай мереке бізге ауадай қажет еді. Ел қажетін ескерген Елбасының бұл бастамасы алдағы жылдары домбыра тойы мағыналық, мәндік тұрғыдан толығып, кемелдене беретіндігіне сенімдімін. Домбыраны жанына серік еткен жандардың пікірлеріне құлақ түрсек:
Кеней Зейнолла, мәдениет үйінің әртісі:
- Ұлттық домбыра күнінің белгіленуін біз, әрине, үлкен қуанышпен қабылдадық. Домбыра - жай аспап емес, бабалар аманаты, қасиетті аспап. Домбыраны ұлықтау ұлт болмысындағы ізгілік атаулыны ұлықтау деп білемін, сондықтан бұл мереке арқылы біздің ұтатынымыз көп болмақ.
Дәурия Ахметжанова, Балалар өнер мектебінің әдіскері:
-Жаңа мереке - Ұлы Даланы мыңдаған жылдар бойы мекен етіп, өр рухын мәңгі сақтаған ата-бабаларымыздың домбыраға деген құрметінің жалғасы. Бір жақсысы, бұл олқылықты түзеуге, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулуға ұмтылатын ата-аналар көп, музыка мектептеріне, домбыра үйірмелеріне баратын балалардың саны жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны қуантады. Ұлттық домбыра күнінің белгіленуі жастарымыздың ұлттық өнерге деген ықыласына, домбыраға деген қызығушылығының артуына да игі әсер етеді.
КЛАРА ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.