22-24 қазан аралығында Курчатов кентінде таэквон-до спорты бойынша кадеттер арасында Қазақстаннан Халықаралық чемпионатқа іріктеу кезеңіндегі облыс біріншілігі өтті. Дүбірлі жарысқа Көкпекті ауданынан 10 жас және 12-13 жастағы балалар арасынан 3 спортшы қатысты. Екі бала алтын медальды төсіне тағып чемпион болса, біреуі жүлделі орынды жеңіп алды.
Атап айсақ, Анатолий Бойков пен Сұңғат Ерланов І-орын, ал Ерасыл Бауыржанов ІІІ-орынға лайық болып, қоржындарын алтын және қола медальдармен қомдады. Алтын медаль алып, іріктеу кезеңінен өткен спортшыларымыз 2018 жылдың басында Алматы қаласында өтетін Халықаралық чемпионатқа жолдама алып, Қазақстанның намысы үшін жекпе-жекке түсетін болады.
Жас спортшылар жаттықтырушысы Бақыт Рахимовтың сенімінен шығып, ауылда олармен бірге тақымдарын қысып, тілектес болып отырған ата-ананың да үмітін ақтады. Өз жеңістерімен, ауданның мерейін асырып, абыройын тасытты.
Бұл жерде балалардың болашағын спортпен байланыстыруға ықпал етіп, салауатты өмір салтына бейімдеген ата-аналардың орны ерекше. Курчатов қаласында өткізілген намысты додаға қатыстыру үшін спортшылардың шығындарын өздері қаржыландырып, аудан спортының дамуына үлес қосқан мектептің ата-аналар ұйымына, балалардың ата-аналарына жат-тықтырушы Бақыт Ғазизұлы үлкен алғысын жеткізеді.
Анатолий Бойков, 7 сынып оқушысы, Көкпекті орта мектебі:
- Менің таэквон-до спортымен шұғылданғаныма 5 жыл болды. Мектеп табалдырығын аттап, бас-тауыш сыныпта оқыған кезден таэквон-додан өткен жарыстардың жанкүйері болып, тамашалайтынмын. Содан бастап спорттың бұл түріне қызығушылығым оянды. Бұл спорттың маған ұнайтын жағы, сен өз дайындығың мен күш-жігеріңді, қимыл шапшаңдығы мен байқағыштығыңды қолдана білсең, қарсыласыңнан басым шығып, жеңіске жетесің. Рухың шынығады, бойыңдағы табандылық, шыдамдылық, жігерлілік, қайсарлық және мақсаткерлік қасиеттерің жетіледі.
Өз мектебің, кіші отаның Көкпектің, кең-байтақ Қазақстаныңның намысын асқақтату жолында жекпе-жекке шығу мен үшін үлкен мәртебе. Спорттың қай түрін таңдарын шеше алмай жүрген балалар болса, таэквон-доға келіңдер дер едім. Осындай мықты болуға баулып, үйретіп, шынықтырып жүрген жаттықтырушым Бақыт Ғазизұлына еліктеп, ол кісі сияқты атақты спортшы болғым келеді. Енді Алматыда өтетін маңызды жарыста тағы бір алтынмен қоржынымды толтырсам деген ойым бар.
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.