Адамзаттың абзалы болған, Алланың сүйікті құлы, Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммед Мұстафаның (с.а.у.) - туылған күні Мәуліт мерекесі соңғы бірнеше жыл қата-рынан Көкпекті аудандық Мәдениет үйінде дәстүрлі түрде аталып өтіп жүр.6 қаңтарда қасиетті жұмакүні болып өткен рухани мерекеде Пайғамбарға салауат айтылып, Аллаға шүкіршілік етілді. Игілікті жиынға аудан әкімінің орынбасары Ерлан Қалдыбаев, Көкпекті ауданы ауылдық округтерінің мешіттерінен келген имамдар, бүкіл мұсылман жамағат көптеп жиылды.
Осының өзі Тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы бері бас бостандығы қолына тиген халқымыздың мұсылман дініне қарай бетбұрысының түзелгенін айғақтайтындай. Имандылық шарасының жүргізушісі, исламға алғаш бойұсынған ауыл жастарының бірегейі – Манарбек Бекішовтың аузынан төгілген жыр жолдары кім-кімнің де болса көңіл көзін оятқаны анық. Ең алдымен орталық мешіттің бас имамы Нұрнәсір Дүйсенсахна төріне көтеріліп, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) рухына және дүниеден өткен ата-бабаларымызға арнап құран бағыштады, ал ауыл имамдары қосылып шырқалған салауат жиналған қауымның жүрегін ислам нұрымен нұрландырды. Аудан әкімінің орынбасары Е.Қалдыбаев жамағатқа құттықтау сөз арнады. Келесі кезекте бас имам Нұрнәсір Дүйсен жиналған жұртқа Пайғамбарымыздың туылған күнімен құттықтау сөзін арнап: - Алла тағала елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болғай. Шарапаты мол мәуліт мерекесі біздің халқымызға да құтты болсын. Осынау айтулы мейрамның аясында Алла Елшісін (с.ғ.с.) көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың (с.ғ.с.) әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай! - деді. Одан әрі қарай «Мәуліт – туылған күн деген мағынаны береді. Яғни, екі дүние сәруәрі, барша Пайғамбарлардың абзалы пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с. туған күні қараңғы дүниеге жарық келіп, мүбәрәк нұрымен жерді нұрландырған қасиетті де ұлық күн.Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) милади жыл санауы бойынша 571 жылы Раббиғұл әууал айының 12-сі дүйсенбі күні таң ата дүниеге келді. Күллі мұсылман қауымы адамзаттың абзалы болған, екі дүниенің сардары пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесін тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтуде», - деп Пайғамбарымыздың ұлылығы жайында уағыз айтты
Көкпекті мешітінің наиб имамы Кенжебек Ахметқалиев Пайғамбарымыз (с.ғ.с)-ның өнегелі де ғибратты өмірі, исламға еткен еңбегі, көрген қиыншылықтары және әдептері, әділдігі, қарапайымдылығы, мінезінің көркемдігі туралы уағыз айтып, Мәулітті оқудың, тойлаудың сауабы тәрбиелік адамгершілік маңызы өте зор екенін жеткізді.Теректі ауылының молдасы Сәрсенхан «Мәуліт-мархаба» оқып, Шұғылбай ауылының имамы Өмір Рахымжанов ақсақал мәулітке жиылған жамағатқа ақ батасын берді.
Кеш барысында бүгінде жоғары оқу орындарының студенттері, Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп түлектері, мешіттегі ұс-таздардан тәлім алып, дін жолын ұстанған шәкірттер Әділбек Ахметқалиев, Әділжан Ғалымов, Ермахан Мағауиянов, мектеп оқушысы Ерасыл Баяхметов сияқты жастар Пайғамбар хадистерін және салауат айтып, құран оқу шеберліктерін көпшілік назарына ұсынды
Сондай-ақ, бұл күні Кеней Зейнолланың орындауында «Алдай-ау», Гүлшекер Айтолла Майлықожаның термесі «Арқалы елім» атты тәрбиелік маңызы зор термелері, балғын дауыс-ты әншілер Нұрлан Қайратұлы мен Тоқтарбек Заманбековтың «Дүние керуен» атты діни әндері көптің көңілін тебірентті. Ә.Қалиакпаровтың қазақтың қара домбырасында орындаған«Алатау» күйі тыңдарман құлағының құрышын қандырса, 6 сынып оқушысы Нұрай Қалиакпарова көрерменге «Уақыттың қадірі» атты монологымен ой салғаны аян. Кеш соңы «Эльдорадо» дәмханасында берілген ас үстінде ақ дастархан басында жал-ғасын тапты.
Жаратушы Иеміз баршамызды жақсылықта, сауапты істерде, ел игілігі жолындағы жұмыстарда, берекелі басқосуларда жолықтырғай! Екі дүниеде де жүзіміз жарқын, мұратымыз асыл, дұғамыз қабыл болғай!
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.