Шағын ғана ауыл Құлынжоннан шығып, өнер көгінде жұлдыздай болып жарқыраған жұдырықтай ғана қазақ қызы Елназ Бақытбекова 23-26 мамыр күндері Алматы қаласында «Майра» продюсерлік орталығы ұйымдастырған «САМҒА, ЖҰЛДЫЗ» республикалық балалар және жасөспірімдер арасындағы ән байқауынан тағы да жүлделі оралды.
Елназ ұзын саны 45 бала қатысқан әнші балапандардың арасынан Кеш YOU тобымен қосылып «Туған жер» әнін орындаудағы шеберлігі үшін «Эстрада вокал» аталымы бойынша бас жүлдегер ретінде марапатталды және естелік сувенир сыйлығына ие болды. Байқаудың әділқазылар алқасында Майра Ілиясова, Ақжол Мейірбеков сынды өнер тарландары және Халықаралық, Республикалық конкурстардың лауреаты Мирас Бекжанов шешім шығарыпты. Осыған орай, Елназдың байқауға қатысуына мүмкіндік бергені үшін аудандық білім беру бөліміне «Майра» продюсерлік орталығының директоры Майра Ілиясованың өзінен алғыс хат келді. Сөйтіп, балауса әнші тек өз ауылы ғана емес, ауданның, облыстың мәртебесін асқақтатуға үлкен үлесін қосты. Ол үшін ең алдымен отбасындағы ата-анасы мен туған-туыстары, достары шаттанса, мектеп ұстаздары мен ауылдастары да мақтаныш сезіміне бөленгені анық.
30 жылдан аса уақыт бойына өнер сахнасында келе жатқан Қазақстанның еңбек сiңiрген әртiсi, «Құрмет», «Парасат» орденiнiң иегерi Майра Iлиясова – көпшiлiктiң ыстық ықыласына бөленген әншi. Қолына қазақтың үкiлi домбырасын ұстап, зор талғаммен ұлттық киiмдi үлбiретiп киетiн оның өнердегi алғашқы баспалдағы қазiргi Жүсiпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжiне оқуға түсуден басталған-ды. Майра Iлиясова – «Майраның әнi», «Арман-ай», «Кидiм камзол», «Ақтамақ» сияқты халық әндерiн нақышына келтiрiп орындаған бiрегей әншi. Талғамы биiк, талабы жоғары Майра – кәсiби әншi ғана емес, өзiнiң iскерлiгiмен де жұртшылықты мойындатқан мiнезi өжет, алға қойған мақсатын қаймықпай орындай алатын қайсар өнер иесi. Заманға сай жаңа жобаларды жарыққа шығарған ол әрқашан iзденiс арқылы биiк белестердi бағындырып келедi. Тәжiрибелi әншiнiң қамқорлығы мен тәрбиесiнен көп тәлiм алған түлектер мыңдап саналады. Халқына сiңiрген еңбегiне сай кеудесiне «Құрмет» орденiн қадаған Майра Iлиясова – айналасына шуақ шашып, қолдан келген қамқорлығын көрсетiп жүретiн көпшiл жан. Өзi құрған «Майра» продюсерлiк орталығы, «Жан анам» қайырымдылық қоры арқылы ол талай игiлiктi iстер атқарып келедi. Ол сонымен қатар ұлт мәдениетiнiң ертеңiне де алаңдайды, болашаққа үмiтпен көз тастағысы келедi. Мұның жарқын мысалы – «Майра» продюсерлiк орталығында тәрбиеленiп жүрген, түрлi ән кештерiнде, сахнаға шыққан балғын өнерпаздар. Олардың осындай бүлдiршiн шағында-ақ кең дауыс, керемет шеберлiк танытып жатқанының өзi – әншi еңбегiнiң көрiнiсi дерлiктей. Әншiнiң айрықша қажыр-қайратын, айшықты рухани нәрiн, айқын ұлттық ұстанымын жас әнші Елназдың бойынан көргiмiз келеді.
Естеріңізде болса, өнерпаз өрен туралы газеттің 2014 жылы 17 сәуірде шыққан нөмірінде толық ақпарат берген болатынбыз. Өрге сүйрейтін өнер баспалдақтарымен біртіндеп жоғарылап келе жатқан балғын қыз ол жолы Семей қаласында өткен республикалық «Балдәурен» байқауынан жүлделі бірінші орынға қол жеткізген еді. Сыныптастары жазғы демалыста балажайларда демалып, жаз қызығына кенеліп жүргенде, «САМҒА, ЖҰЛДЫЗДАН» 22 маусымда болатын «Айгөлек» республикалық ән байқауына жолдама алған Елназ болса, бүгінгі күні Семей қаласында дайындық үстінде. Ылайым, еңбегің жансын жас талант демекпіз оған. Сондықтан, бізге Елназбен жолығудың сәті түспей, оның әкесі Аман Қанғашовтың өзі редакциямызға келіп, қуанышымен бөліскен болатын.
-Көзіміздің ағы мен қарасындай екі құлынымыздың үлкені Ернат Бақытбек қазір Семей медициналық университетінің 2 курс студенті. Ал, Елназымыз 6 сыныпты тәмамдады. Мен өзім ауыл мектебінде қатардағы қарапайым жұмысшымын. Жарым Меңсара Қанғашова өнер десе ішкен сын жерге қоятын жан, музыка пәнінің мұғалімі. Бармақтайынан өнерге құмар қызымыз Елназды баптап, өнер сайыстарына қатыстыруда болды. Міне, ақыры сол еңбектің жемісі осы алып отырған жүлделері. Мен өзімді балапанымның жеткен жетістігі арқасында бақытты әке санаймын. Елназдың байқауда ән орындағанын теледидардан көрсеткенде төбеміз көкке жеткенде болдық. Енді 20 маусым күні «Хабар» телеарнасынан көрсетеді, - дейді қуаныштан жүзі бал-бұл жанған Аман.
Сондай-ақ, ұрпағы үшін мақтанса мақтануға тұратындай мәртебесі өскен жас әке Аман Қанғашов, егер жан-жақтан қолдаушылар болмаса қызының бұндай биіктерді бағындыруына жалғыз отбасының шамасы келмейтінін мойындайды. Сол үшін демеушілік қолдарын созған аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ш.Мұстафиноваға, ауыл әкімі Шәмшібану Шайырғазинаға, мектеп директоры Ринат Қажиакберовке шексіз алғысын білдіретінін жеткізді. «Ел іші – өнер кеніші» деген қанатты сөздің дәлдігіне көз жеткізіп, өнерімен еліне елеулі, халқына қалаулы болып жүрген балғын қыз – Елназға Майра апасының жолын берсін дегеннен асқан тілек болмас.
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.