Мемлекеттік рәміздер күніне арналып өткізілетін дәстүрлі мереке - елімізде аталып өтетін мерекелердің бірі емес бірегейі, ұлық мереке.Биыл бұл атаулы датаны ел арасында ұлықтап жүргенімізге 22 жыл толып отыр. Аталмыш мерекені көкпектіліктер ерекше бір ықыласпен жоғары деңгейде қарсы алды.Азаматтыққа және отансүйгіштікке, өз Отаны — Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын құрметтеуді қалыптастыру, сондай-ақ олардың мәні мен маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйіндегі шараға ауданның ұстаздар қауымы, оқушылар, дербес бөлім басшылары, ауыл халқы қатысты. Жиналған қауым салтанатты түрде Әнұранды орындағаннан кейін алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары К.Смаиловаға берілді. - Тәуелсіз мемлекетіміздің рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны ел егемендігін айғақтайды. Туымыздың көк түсі – азат Қазақстанның шексіз көк аспанын білдірсе, Тудағы күн – жаймашуақтық пен жылылықтың белгісі. 22 жылда Қазақстан нығайды, үлкен жетістіктерге жетті. Енді біздің міндетіміз – қол жеткенді көздің қарашығындай сақтау. Қазақстан қашан да Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбарлы. Сондықтан, көк байрақтың астында барлығымыздың жүрегіміз Отан деп соқсын! - деп ақ тілегін білдірді Клара Рафикқызы.
Елдікті насихаттайтын шарада еңбегімен, ерлігімен көзге түскендер марапатталды. Олар – спорт, заң саласының және ардагерлер ұйымының өкілдері. Сонымен қатар, партия қатарына қабылданған белсенділерге партиялық билеттер, 16 жасқа толған азаматтарға жеке төлқұжат табысталды.
Шара барысында сөз сөйлеген аудан прокуроры Қ.Мұхамеджанов, Тассай ауылы ардагерлер кеңесі төрайымы С.Чалова, жастар атынан сөз алған Р.Қанапиянова ұлттық нышандардың шығу төркініне тоқталып, мемлекеттік рәміздер елімізді әлемге айшықтайтын негізгі белгілердің бірі екенін баса айтып өтті.
Осы күні сахна биігінен елдің мәртебесін арттыратын, елдік намыс пен абыройды көтеретін патриоттық әндер шырқалып, айналаны думанға бөледі. Әнұрандай қастерлі әуенді әндер жаңғыра әуелеп, аталмыш күннің мерейін асыра берді. «Матис» тобыныңзаманауи және ұлттық биді тоғыстыра орындаған флеш-моб биі де мерекелік күйді әрлей түсті. Мәдениет үйінің өнерпаздары ән-күйлерімен мерейлі мерекенің мәнін асқақтатты.
Салтанатты жиынның соңы орталық көше бойынан бастау авто шеруге ұласты. Бірыңғай ақ түсті жеңіл көліктерден құралып, әйнектерінен көк байрақ желбіреген көліктер аудан ішін айнала салтанат құрып, ұлттық рәміздердің сәнін паш етті.
Мереке аясында шараға жиналған қарапайым халықпен сұхбаттасып, рәміздердің маңызы жайлы ой өрбіткен едік.
Маркален Әнкебаев, ауыл тұрғыны:
-Мемлекеттік рәміздер — мемлекетіміздің негізгі құрамдас бір бөлігі. Алтын күн мен қыран бейнеленген көк Туымыз, барша қазақстандықтардың шаңырағы ретінде бейнеленген Елтаңбамыз бізді бүкіл әлемге тәуелсіз Қазақстан ретінде танытты. Еліміздің қарыштап дамуына өз үлесін қосты. Осы күнде ұлттық рәміздерімізбен мақтанып, әйгілі елдердің қатарынан орын алып отырғанымыз Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы деп білемін.
Ұрпағына «Туың жығылмасын» деп бата берген қазақ үшін көтерілген байрақ ерлік пен елдіктің, бірліктің белгісі. Алмағайып күн туғанда, ұлы бабалар дабыл қағып, Ту көтерген. Елім деген ерлер, қашанда Ту түбіне жиналған. Жауға тойтарыс берген. Қуанышта да осылай болған. Көк байрақ көтерілген жерден мерекенің мерейі үстем болған.Ендеше, көк байрағымыз қасиеті мен қадірін жоғалтпағай!
Вазира Қалбағаева, І.Жансүгіров атындағы орта мектеп мұғалімі:
-Рәміздер — белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс-ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын білдіретін белгі. Әр елдің Мемлекеттік рәміздері географиялық, мәдени, тарихи жағдайларына байланысты қалыптасады. Мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі ерекше.
Мемлекетті мемлекеттік саяси рәміздерсіз елестету мүмкін емес. Әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді аялауға, жанашырлықпен қарауға, құрметтеуге, сонымен қатар жұмыс орнында дұрыс қолдану мен насихаттауға жүктелген жауапкершілікті түсінуі тиіс. Мемлекеттік Тудың түсі өңіп кетпеуін, бүлінбеуін, биікте желбіреп тұруын қадағалап, бақылау жұмыстарын жүргізуі қажет. Осы орайда, аудан халқын мерейлі мерекемен құттықтай отырып, барымызды бағалай білейік, рәміздерімізді қастерлеп, құрмет тұтайық деген тілегімді айтамын.
Виталий Лебеденко, Палатцы ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы:
-Елтаңбамыз, Әнұранымыз, көк Байрағымыз бұл Қазақстанның атын барлық дүниежүзіне танытатын елдік белгі ретінде танимын.
Көк байрағымыз көкте желбіреп, Әнұранымыз асқақтап, төрімізде қасқайып Елтаңбамыз жарқырап тұрса кім біздің елдігімізге шүбә келтіре алады. Қаншама сайыс, жарыстарда суырылып алға шыққанда өзгенің сағын сындырып, мысын басатын да осы бір құдіреті күшті рәміздеріміз емес пе?! Талай ұлт тоғысқан біздің аудан, республика халқының қадір тұтар символына айналған мемлекеттік рәміздер күні бұл достықты, бірлікті, тыныштықты паш етер күн. Барлығыңызды осындай айтулы мерекемен құттықтаймын!
Ақмарал Мұрсәлімова, Көкжота ауылының тұрғыны:
-Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген таңда өз алдына мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызбен және кез келгеннің паттриоттық рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік.
Азат елдің символы саналатын рәміздерімізді құрметтеп, қастерлей білу – Отан алдындағы ұрпақтар борышы. «Туы биік елдің – тұғыры биік» деген дана халқымыз. Бірлігіміз жарасып, жарқын болашаққа нық қадамдар жасай берейік. Рәміздерге деген құрмет арта берсін!
Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.