Бұл 29 мамыр күні аудан әкімі Д.М.Мусиннің төрағалық етуімен Белое ауылында өткен жұмыс кеңесі барысында айқындалды. Аталмыш жиынға ауылдық округ әкімдері, аудандағы мәдениет саласының барлық өкілдері және Белое ауылының тұрғындары қатысты. Жұмыс кеңесі барысында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Саржанов, бөлімге қарасты мекемелер басшылары тыңдалып, келелі мәселелер мен оларды шешудің жолдары талқыланды. Аудан әкімі Подгорное ауылында өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы мен мерекелік шаралардың дайындық барысына баса назар аударды.
Алғашқы сөз кезегін алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлібек Саржанов соңғы жарты жылда атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, мемлекеттік тіл, ономастика бойынша өткізілген шараларды атап өтті. Ал, бүгінгі таңда орын алып отырған келелі мәселелер ретінде ауылдық кітапханашылардың штаттық жұмысының аздығын, мәдениет қызметкерлеріне стипендиаттар тағайындау қажет екенін атады. Алайда, ауданның мәдени өмірінде орын алып отырған орасан кемшіліктер әлдеқайда көп. Осы мәселелерді көтерген аудан әкімі, ең алдымен, ауданның өзінің жеке қазақтың халық аспаптары оркестрінің жоқтығына тоқталды. Иә, шынымен де, кезінде аттары республика көлеміне мәшһүр болып, талайдың таңдайын қақтырған «Шалқыма» сынды оркестрі болған Көкпектінің бүгінде сахнасы жұтаң, ауыз толтырып айтарлықтай ұлттық аспаптарда ойнайтын өнер ұжымы жоқ. Бұл мәселені аудан әкімі осыдан бірнеше жыл бұрын көтеріп, нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Алайда, арада 5 жыл уақыт өтсе де, оркестр құрылмады, тапсырма өз орындаушысын таппады. Оркестр құруға ауданда жағдай жасалмаған деген желеуді алға тартуға әсте келмес. Аудан әкімінің бастамасымен ауданның ірі екі елдімекеніндегі Мәдениет ошақтары, сонымен қатар, шағын ауылдардағы клубтар толық жөндеуден өткізіліп, халық игілігіне ұсынылған болатын. Алайда, артылған үміттер, құйылған қаржы өзін ақтамады. Бұл, әрине, ауданның мәдени өміріне жауапты басшының әлсіз жұмысының жемісі. Ол, тіпті, оркестр құрамына қанша өнерпаз кіру керектігінен де бейхабар болып шықты. Аудан басшысы осы тапсырма бойынша ешқандай жұмыс атқарылмағандығын айта келіп, мәдениет саласының жұмысына жетекшілік ететін орынбасарына ескерту жасады. – 2011 жылы мен нақты тапсырма берген болатынмын. Алайда, бүгінгі күнге ешқандай жұмыс атқарылмаған, алға жылжушылық жоқ. Мәдениет үйінде оркестр құру үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті аспаптар толық құрамда бар, тіпті, музыканттарға пәтер жағы да қарастырылған. Мен сендерге оркестр құру туралы бастаманы көтердім, қолайлы ортаны қалыптастырдым, ал сендер бұның күлін көкке ұшырдыңдар. Бөлім тарапынан оркестр құру мақсатында ешқандай жұмыс жасалмайды. 5 жылда аудан бойынша екі қобызшы бар деген ұят емес пе! Біз уақыт талабына сай жұмыс жасауымыз керек. Осы мәселе бойынша орынбасарым К.Смаилова мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ә.Саржановқа халық аспаптары өркестрін ұйымдастырып, олардың мектеп түлектеріне арналып өткізілетін аудан әкімі балында өнер көрсетуін тапсырамын, - деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Сонымен қатар, оркестр құрылымы мен оған жаңа мамандарды тарту бойынша жұмыс жоспарын құру тапсырылды.
Екінші көтерілген мәселе – Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы бойынша дайындық, осы бағытта бүгінгіге дейін атқарылған жұмыстар. Аудан әкімінің бұл сұрағы жауапсыз қалды. Аталмыш мереке бойынша тапсырмалардың берілгеніне біраз уақыт болса да, өз ниетімен бастама көтеріп, ұсыныс жасаған ешкім болмады. Ал, уақыт өз орнында тұрмайды. Сонда бас көтерер мәдениет қызметкерлері қайда қарап жүр? Дайындық жұмыстары неге әлі күнге дейін қолға алынбаған? Бұл сұрақтар ашық күйінде қалды. Осыған орай, Дүйсенғазы Мағауяұлы 2015 жылға арналған Ұлы Жеңістің мерейтойына дайындық және оны өткізу бойынша жоспар құруды тапсырды.
Келесі кезекте ауылдағы өнерпаздарды түрлі деңгейдегі байқауларға қатыстыру үрдісі төмен екендігі аталды. – Қазіргі таңда ауданымызда еліміздің ең талантты әншілерімен теңдес, ерекше дарын иелері бар. Алайда, олар тек аудан көлеміндегі шағын концерттерде ән шырқайды. Неге соларды облыс, республика деңгейінде өтетін байқауларға қатыстырмасқа? Ән өнерін асқақтатып жүрген жеткіншектер де бар. Неге олар «Әнші балапан» байқауына қатыспайды? Өзінің шығармашылық еңбегімен халықтың көңілін көтеріп, дауысымен жан-жүректі жадыратып, елге қуаныш сыйлай білетін жергілікті өнерпаздардың шашбауын көтеруіміз керек. Ол ауданның беделі емес пе? Ал, сахнаға бар ғұмырын арнап, талай жылдар халық игілігіне жұмыс жасаған мәдениет саласының ардагерлерінің көбі бүгінде атақ-дәрежесіз, еш құрметке бөленбеген. Бұл мәдениет бөлімі басшысы мен оған жетекшілік ететін орган тарапынан жіберілген қателік, – деді Дүйсенғазы Мағауяұлы.
Аудан әкімі наразылығын тудырған тағы бір мәселе – аудандық мұражай әлі күнге дейін облыстық теңгерімге өткізілмеген. Бұл аудан үшін қаншалықты маңызға ие екенін ескерсек, осы тапсырманың атқарылмауы - мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі қызметкерлеріне артылар сын. Осы бөлімнің басшысы Ә.Саржановтың айтуынша, мұражайды облыстық теңгерімге өткізу үшін ондағы тарихи жәдігерлердің саны 5 мың дананы құрауы тиіс. Мұражайдағы жәдігерлер аталған көлемде болмағандықтан, олар тапсырманы жүзеге асыра алмай отырған жайы бар көрінеді. Алайда, тарихи тамыры терең, әлімсақтан негізі бар біздің өлке тарихи жәдігерлерден кенде емес екені баршаға мәлім. Олай болса, мәселе жәдігерлердің санында емес, іздестіру, зерттеу жұмыстарының әлсіздігінде болып тұр.
Аудан тарихы демекші, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы, тіпті, аудан орталығы - Көкпектінің іргетасы қашан қаланғанынан да бейхабар күйде екен. Білмеуі заңды да. Себебі, қазіргі таңға дейін болжаммен айтылған бірнеше жылдың қайсысы дұрыс екенін зерттеген ешкім жоқ. Осы жағдайды қолға алып, бақылауға тиіс болған аталмыш бөлім еш әрекет жасамауда.
Аудан көлемінде тілдерді дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да көңіл көншітерлік емес. – Мен осы бағытта атқарылып жатқан мардымды істерді көріп жүрген жоқпын. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлерді былай қойғанда, әкімдікте отырған басшылар қазақ тілін білмейді. Неге сондай азаматтармен жұмыс жасамасқа? Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру сіздердің тікелей міндеттеріңіз, - дей келе аудан әкімі жұмыстың нашар жүргізіліп жатқандығын айтты. Сонымен қатар, ауданда мемлекеттік тілден өзге тілдерді оқыту мәселесі де қолға алынбаған. Мәселен, үш тұғырлы тілдің бірі - ағылшын тілін оқыту бойынша ауданда бірде бір үйірме жоқ. Осы мақсатта аудан әкімі жазғы уақытта «Ағылшын филологиясы» мамандығында білім алып жатқан ауылдың студенттеріне ұсыныс жасап, тегін үйірме ашу туралы бастаманы көтерді. Егер бұл іс қолға алынса, ауыл балалары шет тілін меңгеріп, ал студенттер қосымша ақша табуға мүмкіндік алады.
Ауданның мәдениет саласын бәсекеге қабілетті қылудың жолдары жайлы Қ.Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінің директоры Нұрлан Тоянкенов баяндап берді. Алайда, ауданда «дыбыс жазу студиясының» ашылуынан басқа ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылмаған. - Тіпті, ауданның бетке ұстар өнер ұжымы «Толағай» тобын алып қарайықшы - жаттанды әндер мен көзге жауыр болған костюмдер. Көздің жауын алатын, жаныңды елітетін сахналық номерлер жоқ, - деді аудан басшысы. Сондай-ақ, мерекелік шаралардан өзге жастар мен зейнеткерлердің бос уақытын ұйымдастыру қолға алынбаған. Әсіресе, жазғы демалыс кезінде оқушыларға арналып концерттік бағдарламалар, тіл мәселесі тақырыбындағы дөңгелек үстел, жиындар өткізілсе, және оған тәрбиесі «қиын» жасөспірімдер мен балалар үйінің тәрбиеленушілері тартылса, олардың бос уақыттары тиімді өткізіліп, құқықбұзушылықтар орын алмас еді. Осы мәселе бойынша аудан әкімі Көкпекті және Самар Мәдениет үйлері әртістерінің өзара тәжірибе алмастыру концерттік бағдарламаларын жандандыру, шағын ауылдарды назардан шығармай, олардың халқы үшін концерттік кештер мен басқа да мәдени шаралар ұйымдастыру сынды тапсырмалар қойды.
Жиын барысында сөз алған Көкпекті аудандық кітапхана директоры С.Қасымова кітапхана жұмысы, техникалық базаның жандануы мен келіп түскен жаңа кітаптар жайлы айтып өтті. Алайда, аудан әкімі оқырмандарды тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың әлсіз екенін атады. – Кітапханада өзіңе бай рухани азық алатындай кітаптар қоры мол. Бірақ, оларды оқитын, қызығатын оқырмандар күннен күнге азайып келеді. Әсіресе, оқушылар, жас жеткіншектер кітап оқуға мүлде қызығушылық танытпайды. Осы мақсатта кітап көрмелерін, әдеби кештер ұйымдастыру қажет. Аталған бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатырсыздар? – деді Дүйсенғазы Мағауяұлы. Бұл сауалға С.Қасымова көшпелі кітапхана ұйымдастыруды қолға алғалы отырғандарын жеткізді. Алайда, бұл жұмыстар неге ертерек қолға алынбағаны белгісіз.
Ал, жарыссөзге қатысқан Самар ауылының өнерпаздары жеке көлік бөлу мен сахналық костюмдердің тапшылығы мәселесін көтерді. Аудан басшысы өз кезегінде бұл мәселелер келесі жылдың ақпан айына дейін шешімін табатынын жеткізіп, Ә.Саржановқа бюджеттен қаражат бөлуді қарастыруды тапсырды. Сонымен қатар, О.Гебель классификацияны көтеру үшін курстарға білім алуға жіберу туралы өтінішін білдірді.
Аудан әкімінің орынбасары К.Смаилова аталған барлық мәселе бойынша қатаң шаралар қолданылып, тиісті жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.
Кездесуді қорытындылай келе, аудан әкімі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысына төмен баға берді. Ауданға жаңа кадрларды тарту мәселесі де қолға алынбаған. Күрделі жөндеуден өткізілген Белое және Преображенка ауылдарының клубтарында материалдық-техникалық база – сахналық костюмдер мен музыкалық аспаптардың жоқтығы салдарынан ешқандай шаралар жүргізілмейді. – Ауданның мәдениет саласында 100-ге жуық маман қызмет жасайды. Алайда, жұмыс нәтижесі жоқ. Бұл жерде осы бөлімнің жұмысын қадағалайтын жетекші органның да жіберген қателіктері бар. Алдағы уақытта тың бастамалар көтеріп, жиналған мәлеселердің шешу жолдарын қарастырып, оларды қысқа мерзім ішінде жүзеге асыру қажет, - деді аудан әкімі.
Кеңес отырысы соңында Дүйсенғазы Мағауяұлы барлық жиналған қауымды аудан өмірінде зор маңызға ие мәдени шара – Подгорное ауылында өтетін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына дайындықтың барысына белсене атсалысып, азаматтық көзқарас танытуға шақырды.
Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.