Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Дәстүрлі дінінен, ділі мен тілінен, әдет-ғұрпынан, тамырлы тарихынан ажыраған елдің болашағы жоқ. Сол үшін халқымыздың рухани құндылықтары мен асыл дінімізді, еліміздің өткенін саралап, құнттай білген жөн. Қазақ халқының ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлігіне айналды.
Тарих беттерінен басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық белгілерін, наным-сенімдерін ұмыттыруға тырысқанын, сөйтіп, өздерінің мәдени құндылықтарын тілі мен дінін тықпалағанын көреміз. Ал, өзінің тілі мен дінін, дәстүрі мен тарихын ұмытып, басқаны сіңіріп алған ел тәуелсіздігінен айырылады. Ислам діні мұны құптамайды. Оның келуімен ата-бабаларымыздың азаттыққа, дербестікке қол жеткізуі, қазақ қазақ болып, жоңғар қалмақтарымен арадағы үш жүз жылдық аумалы-төкпелі арпалыста өткен заманда да, одан кейін орыс отарында болғанда, Кеңес империясының атеистік идеологиясы үстемдік еткенде де ұлттық болмысымыздың сақталып қалуына себеп болған мұсылманшылық ұстанымымыз екені анық. Ендеше, арамызға от ала келген жат ағымдарға да сол арқылы қарсы тұра аламыз. Осыған орай аудан мешітінің бас имамы Кенжебек Қалиакпарұлымен тілдескен едік.
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өз қызметі аясында имам-молдалар мен жалпы дін қызметкерлері үшін 2016 жылды «Дін және тарих тағылымы» жылы деп жариялады. Бұл туралы Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Астанада өткен жиналыста мәлімдеп, осынау игі бастама аясында ата-бабамыздан қалған асыл жауһарларды қайта жарыққа шығарудың орайлы сәті, мол мүмкіндігі туғаны және әлем кітапханаларының сирек қорларында шаң басып жатқан ескі кітаптарды жарыққа шығарып, халықтың игілігіне ұсыну – бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті санайтынын айтты. Сондай-ақ, осындай ізгі ниеттің нәтижесінде Діни басқарманың ғалымдары «Дәстүрлі Ислам жауһарлары» атты кітап дайындағаны, Алла қаласа, жуырда тұсауы кесілетіні, сонымен қатар тарихи діни оқу орындары туралы деректі фильмдер де түсірілетінін жеткізді Бас мүфти.


«Дін және тарих тағылымы жылы» аясында Көкпекті орталық мешіті де бірқатар жұмыстар атқаруда. Мәселен, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына - 25 жарқын қадам» бағытында аудан орталығындағы мектептердің оқушыларымен кездесулер, ауылдық округтер тұрғындарымен жүздесу, Қ.Раев атындағы Көкпекті балалар үйі тәрбиеленушілерімен өткен қайырымдылық шаралары, балалармен Ислам діні және оған жат ағымдар жайлы, адамзаттың ардақтысы – Пайғамбарымыз бен оның сахабаларының ізгі істері жөніндегі өнегеге толы әңгімелер жүргізілуде. Сондай-ақ, халық жиналған ортада діни уағыздар мен ұлттық құндылықтар туралы, ата-баба тарихын білу, құрметтеу жөнінде үнемі сөз қозғалады, - дейді бас имам К.Ахметқалиев.
Дінді ұстану – қоғамнан бөліну деген сөз емес. Керісінше, иманды адам қоғамның дамуына, халық арасында ізгілік, адамгершілік, отансүйгіштік сынды құндылықтардың нығая түсуіне үлес қосуы тиіс. Тарихымыздан белгілі жайт: Әбу Ханифа мәзһабы Орталық Азияда үстемдікке ие болды. Ханафи мектебінің белді өкілдері, мысалы, имам Мұхаммед әл-Бұһари, Әбу Мансұр ас-Самарқанди, Әбу Мансұр әл-Матуриди, Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Әли ибн Сина, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Иасауи, әс-Сарахси, Әли ибн Осман әл-Уши секілді т.б. ғұламалар мұсылмандық дәстүрлі мектептің қалыптасуына зор ықпал етті. Әлемдік деңгейде танылған ғұлама-ғалымдарымыз бен олардың орасан еңбектері күллі мұсылман үмбетінің мақтанышына айналды. Бүгінде дүниежүзі мұсылмандары Орталық Азия мұсылмандарын жоғарыда аты аталған ғалымдардың тікелей ұрпақтары деп санайды. Бізге берілген бұл мәртебе баршамызға зор жауапкершілік жүктейді.
Қазақ хандығы Алтын Ордадан бөлініп шыққан кезде діні мен дәстүріне берік мемлекет ретінде өз іргесін қалады. Осы кезеңде дін мен ұлттық дәстүр өзара үйлесім тапты. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі шариғат аясында орындалып, дәстүрлі ислам жолы қалыптасты. Ел басқару, қазылық жасау қызметтерінен бастап, күнделікті істерде де шариғат үкімдері басты назарға алынып отырды. Әбу Ханифа жолын ұстанған бабаларымыздың өмірі бізге қашан да өнеге болуы шарт.
Берісі қазақ жұрты, әрісі жалпы түркі халқы Ислам дінін жан жүрегімен қабылдауы да тегін емес еді. Күні бүгінге дейін елімізде жақсылық шамы жанып тұрғаны Ислам дінінің келуімен байланысты десек қателеспейміз. Осының бәріне себеп болған ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) сансыз салауат болсын, саңлақ сахабалардың бәрінен Алла Тағала разы болсын деген тілектеміз.

Бақыт ҒАББАСҚЫЗЫ

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Сәуір 2016 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
        1 2 3
5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз