Ата-бабадан қалған көнекөз асыл мұра – қазақтың ұлттық қолөнеріне деген ықылас сонау ғасырлардан бері өз өзектілігін еш жойған емес. Ұлы Жібек жолын бойлай өтіп, айшылық алыс елдерді көшпенділер мәдениетімен, салт-дәстүрімен таныстырып, қазақ даласын әлем жұртына паш етуге үлес қосқан да осы ұлтымыздың қолөнер туындылары десек артық айтпаспыз. Алайда өмір салты өзгере келе, біз төл туындымыздың небір асылы мен жақұтынан айырылып қала жаздағанымыз тағы бар. Көптеген ғасырлар бойы сақтап келе жатқан салт-дәстүрімізді бодан болған 70 жылға айырбастап, ана тіліміз бен ұлттық нақышымыздың бояуын кетіріп алғандай болдық. Түн артынан күн туып, Тәуелсіздіктің көк туы желбірегенннен кейін ұлттық өнер жаңа заман талаптарына сай қайта жаңғырды.
Әсіресе, қазақтың ұлттық нақышын көзінің қарасындай сақтап, салт-дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жүрген атамекеніне қоныс тепкен қандастарымыз екені баршамызға аян. Міне, осындай ұлттық бұйымдарды қолдан жасайтын шебер қандасымыз Теректі ауылында тұрады. Рысбай Дауылбайұлы атамекеніне 2007 жылы Қытайдың Толы ауданынан көшіп келген екен. Тарих қойнауына кеше ғана енген жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдары қазақ халқы үшін ұлы дүрбелеңге айналған дәуірде ата-бабасы шет жерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Содан бергі уақытта қандастарымыз өзге елде күн кешсе де қазақ салтын, ұлттық бұйымдарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәстүрін дәріптеумен келеді.
Бұны үлкен ерлік деуге толық негіз бар. Қаным деп қазағын аңсап келген Рысбай аға ұлттық нақыштағы барлық бұйымдарды жасаудың нағыз шебері. Ағаштан тостаған, ожау, кесе сынды қазақ дастарханына тән барлық ыдыстарды, сырлы сандық, оюлы кебеже, өрнекті жүкаяқ, ат әбзелдерін, ер-тұрман, қамшы, жүгендермен қоса зергерлік бұйымдарды өз қолымен жасап, темірден түйін түйеді. Қолдан соққан қанжарының бір-екеуін көргенде темірдің бабын жақсы меңгергенін аңғардық. Жас кезінде саятшылық құруға құмар болған қандасымыз ат баптап, бәйгеге шабуда алдына жан салмаған.
Сонымен қатар, қыл қаламмен салған суреттері де таңдай қақтырады. Үйіндегі Ұлы Абай Құнанбайұлының, Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезовтің портреттері мен қоса әйгілі композитор Нұрғиса Тілендиевтің, Қытайда жүріп ақындық өнердің шыңынан көрінеген Таңжарық Жолдыұлының суреттерін өз қолымен айнытпай салған. Ұлт санасымен біте қайнасып, ішкі ой мен толқынысты, сезім мен сырды сөзсіз жеткізетін сиқырға толы, тауқыметі мол тарихты жырға қосқан киелі домбыраның түр-түрін жасап, төрінен орын берген. Бір бойынан бар өнер табылатын Рысбай аға өзінің туған ұлдарын да ұлттық бұйымдар жасауға баулып келеді. Баласы Дәмбай Рысбайұлының да қолөнерден хабары бар. Алайда, ұлттық бұйымдарға тұрғындар арасында көп сұраныстың болмауынан олар күнкөріс көзінің басқа түрімен шұғылдануға мәжбүр. Ол кісінің сөздерінен де, жасаған бұйымдары мен шаңырағындағы күнделікті тұрмыста қолданылатын заттарынан да қазақылықтың исі аңқып тұр.
Атадан жалғыз өскен ағамыздың бүгінгі күнде ұрпағы өсіп-өніп, он немеренің атасы атанып отыр. Өз кіндігінен сегіз бала сүйіп, оларды тәрбиелеп өсірген Рысбай Дауылбайұлының үш баласы өзімен бірге атамекенге оралған екен. Екі ұлы Теректі ауылында тұрса, кенжесі Түркияның Анкара қаласындағы қазақ-түрік университетінде білім алуда.
Бүгінгі күні көпшіліктің күнкөріс көзіне айналған төрт түлік мал өсіру ағамыздың да кәсібі. Атажұртты аңсап келген Рысбай ағаның жергілікті билікке назы бар екенін де аңғардық. – Атамекенге келген бетте үкіметке қол жайып қарап отырмайық деп малдың қамына кіріскен едік. Алайда, бір шабындық жер ала алмай жеті жыл сабылдым. Сонда да нәтиже болмады, – дейді шебер қандасымыз.
Атадан қалған қасиетті өнер өлмеуі тиіс. Қайта заман ағымына қарай жаңғыруы керек. Бұл – Рысбай шебердің ұлттық нақышымызды сақтаудағы ұстанымы. Алайда, ауыл жастарының арасында шеберлікпен шұғылданамыз деп ниет білдіргендер болмаған. – Әрбір азаматтың ата-тегін, елінің тарихын, ана тілін білуі, ұлтын сүюі қасиетті парызы. Ал ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін, өнерін өмір бойы сақтап, ұстануы, дамытуы ата-баба рухы алдындағы мәңгілік борышы мен міндеті екенін бүгінгі жастар түсінуі қажет, – дейді шебер.
Ұлттық дәстүріміздің, бірегейлігіміздің осынау белгісін жоғалтпай, жоқтатпай, қолдан келгендерін ортаға салып, жас ұрпаққа таныстырып, қазақтың дәстүрлі өнеріне ден қойып, қолөнер туындыларын жаңғыртуды өзіне міндет еткен Рысбай аға бос уақытын осындай туындыларға арнайды.
Дәстүрлі мәдениетімізді бүгінгі күнге шашауын шығармай жеткізу, оны дамыту – ұрпақ алдындағы салмақты міндетіміз. «Жаңа заман» аталған қазіргі таңда ұлына берер ұлағаты ұлықтауға тұрарлық Рысбай ағадай азаматтардың болғаны қуантады. Ұрпағына өнеге мен өнерді өсиет еткен жанның келешек үшін атқарған еңбегі еленетіні анық. Өзі діңі болған бәйтерек жапырағын кеңге жайып жайқалғаны, соның дәлелі болмақ. Асыл мұрамызды ардақтап, сарқылмайтын саф өнерімізден тыйылмайық, ағайын!
Жанерке АБЫЛХАН
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.