Аты республикаға танымал белгілі айтыс ақыны, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, халықтық асыл мұрамыздың жинаушы–жанашырларының ең көрнектілерінің бірі, қаламы мұқалып көрмеген журналист, әрі этнография, фольклор салаларынан орнықты мақалалар жазып, тіршілігінде талай зерттеуші ғалымдарымыздан өзінің лайықты бағасын алған Қалихан Қалиасқарұлы Алтынбаев сынды атамыз Қазақстан мен Орта Азия елдеріне түгелдей әйгілі десек, артық айтқандық болмайды.
Сан тараулы өнер жолында әр талант өзіндік дара сипатымен абырой биігіне көтерілмек. Ертіс
өңіріндегі саңлақ айтыс ақындарымен бірге еріп жүріп, олардан көп өнеге алып, сөз нақышын қалыптастырған бала Қалихан кейіннен талай айтыстарға қатысып, туған жері Жарма мен Көкпекті аудандарының атынан, ал республикалық айтыстарда Семей облысының намысын қорғап, айтыскерлік өнер танытты. Оның бойындағы қасиеттің қай-қайсысына бүгін жеке тоқталып, рухына иіліп тағзым ету, ақиық ақын алдындағы бәріміздің ортақ парызымыз бен адалдығымыз болып саналады. Бүгін қолға қалам алуға себепкер болып отырған асыл атамызға деген оның ұрпақтарының сағынышы, ізбасарларының сүйіспеншілігі мен құрметі, ел-жұртының ақ пейілі болса керек. Жыл сайын Қалихан Алтынбаевтың туған күніне орай, ақын есімі берілген аудандық мәдениет үйінде жас ақындар арасында жыр мүшайрасы өткізіліп тұруы дәстүрге айналғаны да көңілге жылу ұялатады, көркем сөз шеберінің өнегесі жас буынның жігерін жанып, ой өрісін кеңейтетіні, санасына бекем орнығатыны қуантады.
Қаншама дастандар мен поэмаларды, «Дала - бесік», «Қиял қанатында», «Қалбатау», «Ақсуат», «Көкпекті» атты таңдамалы жинақтарды жарыққа шығарған, көпшілік көңілінен шығып, көкірегіне ой салған қаламгер туралы онымен қызметтес болған әріптестері мен туыстарының естеліктерін басылым бетіне жариялауды жөн көрдік.
Қалыбай Қалиханұлы Алтынбаев, ақынның ұлы, Қ.Раев атындағы балалар үйінің директоры:
- Әкемнің өз есіміне байланысты бір әңгімесі есіме түсті. Өткен ғасырдың басында 1924 жылы Алаш партиясының көсемі болған ұлы қайраткер Әлихан Бөкейханов, қазіргі Қалбатау ауылы бұрынғы Георгиевка селосына үгіт-насихат жұмысымен келеді. Өз сөзінде жергілікті халықты егіншілікпен айналысуға үгіттеп, отырықшылануға шақырады. Сол насихат ықпалымен Матайдың кейбір рулары отырықшылыққа көшеді. Осындай бір хутор «Маршанка» деп аталады. Бірақ қазақтардың көпшілігі ауасы кәусар, жасыл жайлауды тар қапасқа айырбастығысы келмей, отырықшы өмірге қарсы болады. Георгиевкадағы сол жиында Әлиханның айтқан сөздері, киім кию үлгісі, өзін жұрт алдында ұстауы әкемнің атасы Алтынбайға қатты ұнаса керек. Немерем дүниеге келсе, оның атын Қалихан (Әлихан) қоямын деп шешіпті. Тұңғыш немересі өмірге келгенде атамыз ешкімнің сөзіне құлақ аспастан атын Қалихан деп қойыпты. «Жақсының аты да жағады» деп тегін айтылмаса керек, ұлы қайраткердің есімін иеленген сол Қалихан кейін Республикаға танымал ақын болады. Әкемнен дарыған болу керек менің де кейде аздап өлең жазатын шақтарым болады. Жұмыстан бос уақыттарда сүйіп шұғылданатын ісім – бүкіл тарихты бүге-шігесіне дейін қопарыстырып оқу, зерделеу, өзімше тұжырымдап, қойын дәптеріме пайымдауларымды түртіп жазып жүру де асыл әкеміздің тұңғышына қалдырған мұрасы шығар.
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.