Президент Жарлығына сәйкес жылда барлық деңгейдегі әкімдер дәстүрлі түрде халық алдында есеп береді. Биыл елдегі санитарлық -эпидемиологиялық ахуалға байланысты ауылдық округ әкімдерінің тұрғындар алдындағы есебі әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы өрбіді. Дегенмен, Биғаш ауылдық округінде ауыл әкімінің есебі дәстүрлі форматта өткізілді. 28 қаңтар күні Биғаш ауылдық округінің әкімі Жарқын Айтқазыұлы Бауедимов 2020 жылы атқарған жұмыстарын саралап, 2021 жылы атқаратын бастамаларын ортаға салды.
Интернет желісіне қосылмаған, ұялы байланыс жүйесі өткен жылдың соңында қосылса да, сапасы төмен болып тұрған округ тұрғындары ауыл әкімінің есебін жылдағы дәстүрге сай тыңдады. Есептік кездесуде көтерілген басты мәселенің бірі де осы байланыс желісі болды. Биғаш ауылымен бірге ұялы байланыс құрылғысы іске қосылған ауданның басқа округтерінің тұрғындары еш қиындықсыз ғаламторға да қосылып отыр. Ал Биғашта неге екені белгісіз ғаламторды былай қойып, қарапайым ұялы байланыс сапасы нашар. Тіпті округке қарасты Егінбұлақ, Қарғалы ауылдарында ұялы байланыс ұстамайды. Бір сөзбен айтқанда, өткен жылдың соңында байланыс аясына шығып, бөркін аспанға атқан тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Бұл мәселе бойынша ауыл әкімі Жарқын Бауедимов алдағы уақытта тұрғындармен кездесуге «Қазақтелеком» басшысы шақырылып, маман қалыптасқан жағдайға түсініктеме беретінін жеткізді. Есептік кездесуге қатысқан ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Самат Кунафин де тұрғындарды алдағы уақытта бұл мәселе толық шешіледі деп сендірді.
Тұрғындар көтерген тағы бір өзекті сұрақ – тұрғындары толықтай мал өсірумен айналысатын және ауыл шаруашылық мақсатындағы жер көлемі бойынша аудандағы ең үлкен ауылдық округте мал дәрігерінің болмауы. Түсінгеніміз бойынша ауылда ветеринар бар, бірақ ол үнемі Көкпектіде. Басты мәселе де осында. Аталмыш мәселені шешуін өтініп барған тұрғындарды «Көкпекті мал дәрігері» басшысы табалдырығынан ары аттатпаған.
Ауыл әкімінің баяндамасын тыңдаған тұрғындар Жарқын Айтқазыұлының атқарған жұмысына жақсы баға беріп, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі. Ашық пікір алмасу форматында өрбіген жиында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтары мен маңызды ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік алды.
Тарбағатай ауданына қарасты Кіндікті ауылынан Биғаш жолы арқылы жүк тасып жүрген «КАМАЗ» көліктерінің жолды ойрандап жатқаны да елді алаңдатады. Сонымен бірге, ауданда тұқым шаруашылығын ашу, ауыл көшелерін толық жарықтандыру, пайдаланылмай жатқан егістік және жа-йылым жерлерді қайтару, ауыл іргесінен егістік жер бермеу сынды өзекті сұрақтар көтерілді. Барлық ұсыныстар назарға алынып, сұрақтарға жауаптар берілді.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.