Маусым айының үшінші жексенбісі дүниежүзілік медицина қызметкерлерінің күні ретінде аталып өтіледі. Ауданның денсаулық сақтау саласының жүйесі Көкпекті ауданының орталық ауруханасы, 6 дәрігерлік амбулатория, 9 медициналық пункт және 14 мектеп жанындағы медициналық кабинеттерден құралған. Аудандық ауруханада штат бірлігі бойынша 283 қызметкер, оның ішінде 35 дәрігер, 185 медбике жұмыс жасайды.
Дәрігерлер мен орта білімді медқызметкерлер жыл сайын облыстық оқу орындарында білімдерін жетілдіреді. Дәрігерлердің ішінде 9 - жоғары, 5 – бірінші және орта медициналық қызметкерлер арасында 49 – жоғары, 3 – І, 2 – ІІ дәрежелі біліктілігі бар медқызметкерлер қызмет атқарады.
Соңғы жылдары аудандық ауруханаға 13 жас маман жұмысқа қабылданды. Аудан басшылығы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруда және денсаулық сақтау жүйесіне үлкен көмек көрсетеді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы медициналық қызметкерлерге тұрғын үй беруде аудан басшылығы тарапынан қолдау көрсетіледі. Ауруханаға қарасты хирургия, терапия, балалар бөлімшесі мен перзентхана, жан сақтау, күндізгі стационар бөлімшесі, жұқпалы аурулар, жедел жәрдем бөлімшесі, клиника-диагностикалық және бактериологиялық лабораториясы жұмыс жасайды.
Мейірбике – науқастың саулығына, тез жазылып кетуіне дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарап, науқасқа бар жағдайын жасап, уақытылы ем-домды көрсететін денсаулық жанашыры. Аудан тұрғындарының дертіне шипа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі ретінде Гүлназ Шарипованың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Ол Көкпекті орталық ауруханасында 30 жылдан аса қызмет жасап, өзіне жүктелген сенімді абыроймен арқалап жүр. Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына сарп еткен Гүлназ Шарипова бақытын еңбектен тапқан жандардың бірі. Бұл ретте Көкпекті ауданының медицинасының өркендеуіне өз үлесін қосқан, табан ақы маңдай терімен халықтың ыстық ықыласына бөленген Гүлназ Ақанқызы турасында айтпай кету мүмкін емес. Көкпекті ауылында туып, өскен ол 1979 жылы орта мектепті тәмамдағаннан соң, Семей медициналық училищесіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын бітірген маман мейірбике қызметіне кіріседі. Күнделікті қызметінен еш жалыққан емес, керісінше науқастарға қызмет көрсетуді азаматтық борышы санайды.
Осы уақыт аралығында ақ халатты абзал жан талай мейірбикелермен тәжірибе бөлісіп үлгі бола білді. Еңбегіне қарай құрмет демекші, мейірбикенің еңбегі елеусіз емес. Тұрғындардың денсаулығын нығайтудағы абыройлы еңбегі үшін алғыс хаттармен, мадақтамалармен марапатталған. Абзал жанның еңбегі әріптестеріне де үлгі. Төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап қызметкерлердің көбі қашықтықтан жұмыс істеуге жіберілді, үлескіде жауапты Гүлназ Ақанқызы болды. Басқа қалалардан уақытша көшіп келген қоныс аударушылар, түрлі себептермен келген науқастарды күнделікті үй жағдайында карантин режимін сақтауды қадағалау, олармен берік қатынас ұстанып, режим бұзбауларын талап етіп, түсіндірме жұмысын жүргізе отырып, пациенттердің денсаулық жағдайларын күнделікті бақылауда ұстады.
Осы өлшеусіз еңбегі үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасына «Халық алғысы» медаліне ұсынылды.
ІЗГІЛІКТІҢ НҰРЫН СЕПКЕН
Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Олар денсаулық сақтау саласында аянбай тер төгіп, ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп қана қоймай, халықтың ықыласына бөленген мейірімді жандар. Солардың бірі Көкпекті аудандық ауруханасының І дәрежелі невропатолог дәрігері Гүлжан Нұрасылқызы. Дәрігер 20 жылдан бері антына адалдық танытып, талай жанның дертіне дауа табуда. Айтуынша, Қазақстанның денсаулық сақтау саласының дамуына бар жағдай жасалып келеді. Өзі жұмыс істейтін медициналық мекеме соның айқын дәлелі.
Гүлжан Нұрасылқызы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының, Көкпекті ауданы әкімдігінің мадақтамасымен, тағы да басқа көптеген марапаттардың иегері. Бір сөзбен айтқанда нағыз адам өмірінің қорғаушысы. Ол 1976 жылы Үлгілімалшы ауылында дүниеге келген. Асқақ арманның жетегінде 1999 жылы Семей Мемлекеттік медициналық академиясына қабылданады. Аталмыш оқу орнын 2000 жылы емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдайды.
20 жылдан астам еңбек өтілі бар Гүлжан Бекованың еңбек жолының алғашқы сапары Тассай ауылының дәрігерлік амбулаториясының табалдырығынан басталады. Жас маман тәжірибе жинау мақсатында Семей қаласындағы «Жоламан» ДА-да отбасылық дәрігер лауазымында қызмет етеді. 2003 жылдан бастап өзінің туған жері Көкпекті ауданының №1 ауруханасына рентгенолог дәрігер қызметіне тағайындалады. Ал 2007 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін невропатолог дәрігер болып қызмет атқарады. Өмірлік серігі Махат Амангелдіұлымен 2006 жылы шаңырақ көтереді. Медицина саласына беріле қызмет еткен абзал жандар бірге үш бала тәрбиелеп-өсіріп келеді.
Гүлжан апай дәрігерлік мамандықтың оңай еместігін білсе де, бала күнгі арманының орындалуын қалаған. Адам шын ниетімен талпынса, асу бермес асқар, бағындырмайтын қамал жоқ. «Арман қашанда жүзеге асады», - дейді ғалымдар. Менің байқағаным – арман адамды қанатты құсқа айналдырып, жігерін жанып, алға жетелейді. Мақсатқа талпындырады. Рухын жалындатып, оны жүзеге асыру жолында барын аямайды. Ерте ме, кеш пе, адам мақсатына бәрібір жетеді. Оған білікті дәрігер Гүлжан Нұрасылқызының өмірі куә. Оның мамандық таңдауына ықпал жасаған балалық шақтағы естен кетпес оқиғалар екен.
- Тассай ауылында тұрдық. Майра Төлегенқызы Шугаева деген педиатор көршіміз болды. Ақ халат киген сол кісіні ғажайып адам санадым. Санап қана қоймай: «Шіркін, мен де адам жанына арашашы болсам» деген ой келді. Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлері тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Гүлжан Нұрасылқызы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз.
Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.