Укипедия сөздігінде “trauma” – жарақат, “logos”- емдеу дегенді білдіреді. Яғни, травматолог – жарақатты емдеуші. Ал біздің әңгімелегелі отырған адамымыз сынықтарды қалпына келтіретін дәрігер – сынықшы, оны біздің медицинада травматолог деп атайды. Көкпекті ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Аудан аумағынан өтетін халықаралық «Омбы-Майқапшағай» күре жолынан айына деп есептемегеннің өзінде, күніне жүзге тарта, жаз айларында одан да көп автокөлік жүреді. Солардың арасында апатқа ұшырау болып жатады. Апаттан жарақат алғандар Көкпекті орталық ауруханасына жеткізіледі. Аурухананың хирургия бөлімінің травматолог дәрігері Әмір Бауыржанұлы Райымжановтың жұмысы осы кезде қызады.
-«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында жол-көлік апаты кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетуді жетілдіру бойынша инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Өкінішке орай, көлік құралдарының дамуы нәтижесінде апаттар саны арта түсуде. Біздің пациенттеріміздің де көбі осы жол-көлік оқиғасы үстінде жарақат алғандар болып келеді. Біз оларды қабылдап алғаннан соң, жарақатының күрделілігіне қарай көмек көрсете отырып, тым ауыр болса, денсаулығы тұрақтанғанша ем жасап, содан кейін санитарлық авиациямен облыс орталығына жолдаймыз. Биылғы жаздың өзінде мұндай оқиға бірнеше рет орын алды.
Шұғыл травматология мен хирургияда «алтын сағат» ережесі болады. Яғни, осындай уақыт ішінде шұғыл медициналық көмек көрсету жарақаттан болатын өлім-жітімді азайтады. Егер жол-көлік апаты болғанда 30 минуттың ішінде алғашқы көмек көрсетілсе, зардап шеккендердің 17% қайтыс болса, алғашқы көмек 45 минуттан соң көрсетілген жағдайда зардап шеккендер екі есе көп көз жұмады. Бұл нақты статистика бойынша дәлелденген.
Осыған байланысты елімізде ауданаралық травматологиялық бөлімшелер ашу аса өзекті болып отыр. «Алтын сағат» ережесін қамтамасыз ету үшін аталған ұйымдарға жақын орналасқан жолдардағы жол-көлік апаттарының жоғары деңгейі есепке алынады. Аталған мақсатты іске асыру үшін республика бойынша орталық аудандық және қалалық ауруханалар базасында ауданаралық травматологиялық бөлімшелер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Солардың бірі біздің аурухана,-дейді Әмір Бауыржанұлы.
Ә.Райымжанов Үлкенбөкен ауылының тумасы. 2008 жылы Семей қаласындағы медицина академиясын жалпы практикадағы хирург дәрігер мамандығы бойынша аяқтап, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы негізінде жұмысқа орналасқан. 2010 жылы травматолог-ортопед мамандығына қайтадан даярлаудың жеті айлық курсын өтті. Маман орталық ауруханаға оралған соң, 13 травматологиялық палата ашылды, сонымен бірге сынықты түзететін, түрлі пластиналар мен басқа да құралдар алынған.
-Ауруханадағы бұл бөлім ресми түрде травматологиялық орталық деп тіркелмегенімен мен жақында Астана қаласында бір жетілік білім жетілдіруде болғанда, біздің аудан картада травматологиялық орталық деп белгіленіп тұрғанын көрдім. Егер ол ресми түрде бекитін болса, онда толықтай жабдықтау болады,-дейді ол.-Апат болған кезде МАИ біздің 103-жедел жәрдемге хабарлайды, біз 5-7 минут жиналамыз, содан кейін оқиға орнына жеткенше де біраз уақыт өтеді. Сондықтан да жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмек көрсету кейде болмай жатады. Меніңше, жүргізуші куәлігін алуға оқыған кезде азаматтарға апат кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету, жарақат алушыны көлік ішінен қалай дұрыс шығара білу, сондай-ақ сынықты таңу сияқты қарапайым әдістерді үйретсе. Оқыту процесіне медицина қызметкерлері келісер еді деп ойлаймын.
Клиникалық, зертханалық, рентгенологиялық, компьютерлік томография, МРТ, цитологиялық, гистологиялық тексерулер, түтікшелі сүйек сынықтары мен буынішілік сынықтарды заманауи хирургиялық емдеу; сүйек буындары орнын хирургиялық емдеу, жарақат және аурулар кезіндегі тізе буындарының атроскопиясы, жіліншік сынығы мен сирақ-табан буындарының жарақатын хирургиялық емдеу және жарақат алған адамға басқа да медициналық көмек беру бүгінгі траваматологияның жетістіктері. Ал біздің ауданның орталық ауруханасы негізінде жарақат орталығы пункті ашылатын болса, онда жұмыс істейтін Әмір Райымжанов сынды білікті, болашағынан зор үміт күттіретін дәрігер бар.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.