ЕЛГЕ ЕЛЕУЛI ҚЫЗМЕТ ІСТЕЙТІН ЕМХАНА
«Қазақстан-2050» стратегиялық бағдар-ламасында атап көрсетілгеніндей, біздің болашаққа бастаған жолымыз халықтың әлеуетін ашатын жаңа мүмкіндіктер жасауға байланысты. Дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар қалыптасуы керек. Елбасы тапсырмасына орай қазірде денсаулық сақтау саласын нығайтып, одан әрі жетілдіруге айырықша көңіл бөлініп отырғаны да сондықтан. Осы орайда, ақ халатты абзал жандардың төл мерекесі қарсаңында Көкпекті ауданының орталық ауруханасында болып, медициналық мекеменің бүгінгі таңдағы тыныс-тіршілігіне зер салған едік.
Ұлт саулығы бүгінгі таңда басты мәселе екені айқын. Сондықтан, медицина қызметкерлерінің алдында халықтың денсаулығын жақсарту, ана мен бала өлімін азайту міндеті тұрғаны белгілі. Аталмыш мақсатта аймақтағы ұлт денсаулығының сақшылары ойдағыдай қызмет атқаруда деп айтуға болады. Көкпекті аудандық орталық ауруханасының құрамына – 1 орталық емхана, 6 дәрігерлік амбулатория, 13 медициналық пункт кіреді. Аудандық аурухананы жоғары санатты дәрігер Әсем Рахымбаева басқарады. Нақты айтар болсақ, ауданда 38 дәрігер, 144 орта буын медицина мамандары бар.
Орталық аурухана қызметкерлерінің еңбек-қорлығы мен іскерлігін, сонымен қатар, қызметтен тыс шараларда да бірлігі мен ұйымдастырушылық қасиеттерінің өте жоғары екендігін мына бір көрсеткіш аңғартып тұрғандай. Биылғы Наурыз мерекесі және 1 мамыр - бірлік күні мерекесіне орай, аудан көлемінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада аталмыш аурухана ұжымы жүлделі орынға ие болып, бағалы сыйлық алды. Мұның барлығы атқарып жүрген істеріне жауапкершілікпен қарап, бас дәрігердің белсенділік танытуы арқасында орын алғанын көрсетеді.
Ұлт денсаулығын басты бағдар еткен Көкпекті орталық аудандық емханасында бүгінгі таңда 5 бөлім жұмыс істейді. Аурухана ұжымы Денсаулық сақтау министрлігінің Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізгеннен бері биыл бесінші жыл қатарынан тұрғындардың дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдауын қамтамасыз ете отырып, медициналық қызмет көрсетудің бәсекелестік ортасын қалыптастыруға лайықты үлес қосып келеді. Нақты шығындар бойынша медициналық қызметке ақы төлеуді көздей отырып, түпкі нәтижеде аурудың алдын алуға және емдеу жұмыстарының сапасы мен тиімділігін арттыруға айрықша көңіл бөлуде. Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жемісті жалғасын таба бермек.
ЖАН САҚТАУҒА ЖАН САЛҒАНДАР
Алладан кейінгі адам жанына араша болатын дәрігерлер туралы ойымыздан шыққан күні оң пікірімізді, жел жағымыздан шыққан күні қиғаш пікірімізді айтуға дайын тұратынымыз бар. Мойындауды қиынсынғанмен, бұл саладағы кәсіпқойлардың еңбегі адал, ісі сауапты. Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында жауапты орында талмай еңбек ететін маманды әңгімеге тарттық. Ол науқастарды аурудан айықтырудан да, қайғылы хабар жеткізуді ең қиын шаруа деп біледі.
Көкпекті ауданының жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы жан сақтау бөлімінің меңгерушісі Сәбит Жалбағаевтың айтуынша, науқас бұл жерге ауыр дертпен түседі. Әр адамның шыбын жаны үшін көз ілмей қызмет ету, сенімге секем түсірмеу осы дәрігерлерге артылған жүк. Өмір бар жерде өлім бар. Ол - аксиома. Дәрігерлердің де дәрменсіз болатын кездері көп. Ол адамды ажалдан арашалай алмайтын уақыт. Тәңірдің тағдырға жазғаны сол болса, пенде пәни өмірмен қош айтысып, кете барады. Осындайда суық хабарды жеткізу де жансақтау бөлімі мамандарына жүктеледі. Жаман хабарды жеткізерде демі үзілген адамның туыстары жағадан жұлып, тепкіге алатыны бар. Бұған Сәбит Жолдасбекұлы бастаған дәрігер қауымы түсіністікпен қарауға тырысады.
- Ең ауыры адамға қайтыс болғанын естірту. «Өз аяғымен келіп еді. Сендер қолдан өлтірдіңдер» деп шағымданатындар да кездеседі. Мұндайда сабырға шақырып, рухани демеу беруге тырысамыз, - дейді бөлім меңгерушісі.
Мұндағы мамандар нұсқаулықты дер кезінде орындап, науқастарға қажетті екпе мен басқа да көмектерді сапалы түрде көрсетеді. Бұл бөлімдегі қызметкерлерге ең керегі – көпжылдық тәжірибе. Бірақ олар соның өзін жетілдіріп отыруды бірінші кезекке қояды. Мықты маман ғана – ұлт саулығының ұйытқысы бола алады.
Қым-қуыт тіршіліктің көш-керуенінде үздіксіз еңбек етіп, адам жанын ажалдан арашалап жүрген абзал жандардың еңбегі қашанда бағалы. Дүрсілі жүректің соғысындай жан сақтау аппараттары мұндағы науқастардың тіршілігіне дамылсыз дем беріп тұр. Ал сол аппараттарды өмірмен үйлестіріп, әрбір жүрекке ғұмыр сыйлап жүрген жандар да жүректің лүпіліндей қажет.
СПОРТ АЛАҢЫНДА ДӘРІГЕРЛЕР
Көкпекті ауданында «Дені саудың – жаны сау» атты денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің спартакиадасы өз жалауын көтерді. Дәстүрлі шара медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне арналды.
Көкпекті ауылындағы Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте өткен шараға барлық емдеу, алдын алу мекемелерінің қызметкерлері және сала ардагерлері қатысты. Мақсаты, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын өңірімізде жүзеге асыруда саламатты өмір салтын ұстануға медицина қызметкерлерінің, бұқара халықтың назарын аудару болып табылады.
Жарыс ерлер арасындағы волейбол ойындарынан басталды. Ойынға қатысқан «Жастар» және «Бүркіт» командаларының арасында, «Жастар» тобы дараланып, жеңіске жетті. Қыздар арасында «Ботагөз» және «Қарлығаш» командалары тең түсті. Аурухана және емхана арасында ойнатылған шағын футболда аурухана командасы жеңіске жетті. Сонымен қатар, ұлттық спорт түрінен, атап айтар болсақ арқан тартыстан «Ковбой» және «Аурухана бикештері» командалары арасында өткен жарыста қыздар тобы жеңіске жетті. Одан бөлек, 100 метрге жүгіру, ләңгі лақтырудан қызықты сайыстар болып, қатысушылар марапатталды. Медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай келіп, волейбол ойынына қатысқан аудандық ІІБ ойынды жеңіспен аяқтады. Кәсіподақ мүшелері естелікке сыйлықтар таратты.
ЕМІ ШИПАЛЫ КӨЗ ДӘРІГЕРІ
Көз – адамның көру мүшесінің ең нәзік бөлігі. Адамның көз жанарының жарқырып тұрғаны оның денсаулығының жақсы екенін көрсетеді. Құралай көз нұрлы жүзге әсемдік пен жарасымдылық береді.
Ал, қазіргі уақытта медициналық деректерге сүйенсек, көзі нашар көретін адамдар саны жыл санап көбеюде. Оның себептері өте көп. Көкпекті аудандық ауруханасының тәжірибелі көз дәрігері Мұхаметхан Мұсабеков «Көз ауруы – күнделікті көзді күту ережесін сақтамаудан болады» дегенді айтады. - Адамдардың көзі ауыра бастаған кезден бастап дәрігерге көрініп, айтқан емдерін уақытында орындап жүрсе, аурудың алдын алуға болатынын ескертеді. Көзілдірік алып киюдің қамын да ойлау керек. Көздің көруі нашарлап, қабынып ауыратын кездері болады. Көз ауруында алыстан немесе жақыннан көрмейтін, кейде қосарланып көріну жағдайлары да кездеседі. Қатты ауырсыну кезі де болуы мүмкін. Көзді шаршатпай, демалуын бақылаған пайдалы. Глаукомамен ауыратындар, көздің жасаурауы да күнделікті өмірде жиі кездеседі. Ең қажеті дәрігерден кеңес алып, көзді емдеудің қамын жасау қажет - дейді ақ желеңді, жылы жүзді дәрігер.
Қара көзден нұр тайса, қарға адым жер мұң болары хақ. Мұхаметхан Алтынханұлының көмекшісі, нәзік қолды медбике Рахат Арынова көзге дәрі тамызып, арнайы құралмен емдік шараларын мұқият орындайды. Дәрігердің айтуымен оның айтқан тапсырмаларын ұқыпты тыңдап, емделушілерді ілтипатпен қарсы алады.
Шаңырақ шамының жарығы мен жылуын бөліскен Мұхаметхан ағаның өмірлік жұбайы Райгүл Задақызы да медицина саласында қызмет етеді. Қазіргі таңда, олар 3 бала өсіріп, 1 немересінің қызығын көруде. Ал, ұлдары Қанат асқар таудай әкесінің жолына түсіп, биыл Семей қаласындағы медициналық университетті аяқтағалы отыр.
Денсаулық жалғыз, дерт-ауру сансыз болғандықтан, күтініп, дер уақытында арнайы мамандарға көрініп жүргеніміз дұрыс болмақ.
БОЛАШАҒЫ ЗОР ЖАС МАМАН
Қазіргі таңда, жастар қауымы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болуда. Әсіресе, ауылға білікті мамандардың өз еркімен баруларына жол ашты. Қайтіп дейсіз ғой? Әрине, жас маманның әлеуметтік жағдайын жақсарту есебінен. Жергілікті биліктің оларға ақ жол ашып, жағдай жасауы – өңірдегі кадр тапшылығын шешудің бірден-бір жолы болып тұр. Ал, еңбек жолын ауыл-аймақтан, аудандардан бастаған жас маман үшін бұл тәжірибе жинап, жоғары деңгейлі маман болудағы бірінші баспалдақ. Сондай жас мамандар Көкпекті орталық аудандық емханасына да көптеп тартылуда. Олардың қатарында аудандық аурухананың тіркеу бөлімінде мейіргер болып жұмыс істеп жатқан Қуаныш Жұмажанов бар. Семей қаласындағы Д.Қалматаев атындағы медициналық колледжін тәмәмдаған маман бірден орталық аудандық ауруханаға қызметке алынады.
- Жас маман ретінде тәжірибемде түйгенім, дәрігер мамандығы жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық, - дейді Қуаныш. Сондай-ақ, жас маман барлық әріптестерін төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін білдірді:
- Күш қайраттарыңыз қашан да талмай, талай жанның жанарына үміт сәулесін құйып, ел шаттығы үшін шапағаты мол абыройлы қызметтеріңіздің жемісін көре беріңіздер.
Қажетті білімді меңгерген, аудан абыройын көтеретін, өмірін өзгертетін жігерлі жастар көп болуы тиіс. Жаны отансүйгіштік сезіміне сусындаған, бойына елжандылық мінез дарыған мамандардың жарқын істерге жол ашары айдан анық.
Клара ҚАЙЫПЖАНҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.