Аптаның сәрсенбісі күні Көкпекті орталық аудандық ауруханасының акт залында «Жұқпалы емес аурулардың алдын-алудың тиімді жолы - скрининг» тақырыбында конференция өтті. Бұл алқалы жиынға қоғамдық ұйымдардан, ауылдық округ әкімдері, жеке бөлімдерден, құқықтық органдардан келген өкілдер және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, БАҚ тілшілері қатысты. Қазақстан Республикасының «Денсаулық» 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған Мемлекеттік бағдарламасы аясында өткізілген шараның мақсаты - «медицина қызметкерлері - жұмыс беруші - жеке адам» арасында тығыз байланыс орнату, ынтымақтасу арқылы тұрғындарды ақпараттандыру, денсаулығын нығайту.
Ең алдымен, ауыл тұрғындары, оның ішінде «қазекем» аса мән бере қоймайтын «скрининг» терминіне тоқтала кетсек. Бұл ауруларды немесе қауіпті факторларды ерте сатысында анықтау үшін белгілі бір жастағы сау тұлғаларды алдын-ала медициналық тексеруден өткізу. Бұл шаралар емдеу тиімділігін арттыруға және асқынудың алдын-алуға мүмкіндік береді. Қазақстанда скрининг 2009 жылдан бері жүргізілуде.
Конференция барысында алғашқы сөз кезегін алған аудандық емхана меңгерушісі Нұрлан Әубәкіров тақырып аясында баяндама жасады. «Қазақстанда 2011-2015 жылдарға денсаулық сақтау саласын дамытудың бір бағыты ретінде «Саламатты Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы аясында Ұлттық скринингтік тексеру бастауын алған. Оған 12 бағдарлама жатады» - дей келе, ол дені сау адам қоғамның тұрақты дамуының кепілі, сондықтан елімізде іс жүзіне асырылып жатқан бағдарламаларда қазақстандықтардың денсаулығын сақтау мен аурулардың алдын-алу, өмір сапасын жақсарту, өмір сүру жасының ұзақтығын арттыруға басымдық беріліп отырғанына және еңсерілетін міндеттерге тоқталды. Елбасы Жолдауында мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы арасындағы ынтымақты жауапкершілік бүкіл медициналық қызмет көрсету жүйесінің басты қағидасы болып табылады деді. Көпшілік жұмыс берушілер азаматтарды скринингтен өтуге босатпай жатады. Скрининг жүргізу тегін, ақысыз өтетіндіктен, аудан тұрғындары бұл шараның мағынасын жете түсініп, өз денсаулығына деген психологиясын өзгертуі, әбден ауру асқынғанын күтпей, уақытылы дәрігерге қаралуы маңызды екеніне баса назар аударды.
Қазіргі таңда емдеу мекемелері 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасын басшылыққа алып, тұрғындар арасында салауатты өмір сүру салтын қалыптастыруды, өз денсаулығына мұқият болып, жауапкершілікпен қарауды үйренуді насихаттауда. Келесі кезекте дәрігер-онколог Г.Қойшығұлова, Үлгілімалшы ауылының ЖТД Ш.Игембаева, дәрігер-статист А.Қалиоллаева, аудандық фтизиатор А.Алдажұманова өз салалары бойынша скринингтің нәтижелерін көпшілік назарына ұсынды. Жарыссөзде Үлкенбөкен округінің әкімі Н.Назарханов, аудандық Ардагерлер кеңесі төрағасы С.Мұқашев, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы А.Рахымбаев, ҚР ҰЭМ ТҚҚК ШҚО ТҚҚдепартаментінің Көкпекті аудандық ТҚҚ басқармасының басшысы Г.Абдрасулова, аудандық статистика бөлімінің басшысы Г.Беспаева өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға арналған скринингке артериалды гипертония, обыр, қант диабеті, глаукома, жүректің ишемиялық ауруларын 40-тан 64 жасқа дейінгі осы аурулар бойынша диспансерлік есепте тұрмайтын ерлер мен әйелдер жатады. Скрининг өту кезінде келесі жұмыстар жүргізіледі: 1 Антропометриялық (бойы, салмағы, бел ауқымы); 2. Артериалдық қысымды өлшеу; 3. Нысаналы топтарға зерханалық және аспаптық зерттеулер жүргізу.
Сондай-ақ, балалар скринингі 0-18 жас аралығын қамтиды. Балалардың нысаналы топтарын тексеріп қарауды жүргізудің кезеңділігі: жалпы қан анализі, жалпы зәр анализі, гельмент жұмыртқаларына тексеру, хирург (ортопед), оториноларинголог, невролог, стоматолог, офтальмолог, эндокринолог, хирург (уролог), психолог. Ұрпақты болу жасындағы аналарды скринингтік тексеруден өткізу ана мен бала өлімі көрсеткішін, түсіктер деңгейін төмендететін ескерген жөн.
Бұдан шығатын қорытынды, скринингке жауапты медицина қызметкерлері ауылдық округтерге, мекемелер мен бөлімдерге шығып, ұжымдармен бетпе-бет түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, тексерілудің тиімді жолдарын қарастырса, халықты бұл шараға толығымен қатыстыруға мүмкіндік туатыны. Осылайша, біртіндеп адамдардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау әдебін қалыптастыру, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге» үйрету. Ауданымыздың барлық жұмыс берушілеріне 2017 жылғы 1 ақпаннан 1 қазанға дейін жұқпалы емес аурулардың алдын-алу мақсатында өз ұжымдарындағы жұмысшыларды скринингтік тексеруден өткізуге ынтымақты жауапкершілікпен қарап, белсенді атсалысу керектігін ескерткіміз келеді.
Дені сау адам мемлекетіміздің баға жетпес байлығы десек, сол байлықты қорғау, науқастанудың алдын-алу, кеш тексеріліп, опық жеп қалмау тек дәрігерлердің қолында деген пікір қате. Қазіргі таңдағы медицина саласының міндеті аурудың алдын-алу болғандықтан, дер кезінде медициналық тексеруден өтуді назардан тыс қалдырмау керек. Өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін естен шығармайық. Дені сау ұлт мемлекеттің табысты болашағы.
Бақыт МҮЛІКОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.