Самар бастауыш мектебіндегі «Солнышко» лагері оқу жылы аяқталған соң бір аптадан кейін жұмыс істей бастады. Содан бері демалушы балалар талай қызыққа батып, түрлі жарыстар ұйымдастырып, концерт қойып, ойындар ойнап уақыттарын мәнді өткізуде. Олар өздерінің «Зожики» атты үгіт бригадасын құрған. Ол салауатты өмір салтын насихаттайды.
Жақында саламатты өмір салтын қалыптастыруға үндеу және 26 маусымда аталатын Нашақорлықпен күрес күніне орай өтіп жатқан айлық аясында «зожиктер» мен ауданаралық аурухананың СӨС кабинеті және Самар медико-әлеуметтік мекеме бірлесіп, «Саламатты өмір салты – өмірлік серік болсын» атты қызықты сайыс өткізді. Ең алдымен, үгіт бригадасы сөз алды. Олар әртүрлі кино кейіпкерлерінің фильм барысында шылым шегіп, ішімдік ішетіндерін, нашақорлықты көрсететінін, бұл жастарға кері тәрбие беретінін айтты. Арақ, темекі мен инедегі нашаның айтысын, олардың өздерін мақтағанын, ал балалардың барлығы жиылып оларды қуған көрінісі қызықты болды.
Салауатты өмір салтын насихаттаушылар үш командаға бөлініп, өзара күш сынасты. Ракеткамен допты құлатпай қарсы жаққа апару, спорттық құралдарды жинау жарыстарында сары, қызыл, көк түсті жалауша иелері қызықты ойын көрсетті. Команда құрамында болған балалар да, МӘМ-нің қызмет алушы қариялары да, әлеуметтік қызметкерлер де бар өнерлерін салып, командаларының қалыспауын қамтамасыз етті. Мектеп оқушысы Саша Коновалов акробатикалық жаттығулардан көрініс көрсетті. Ал 87 жастағы Қарттар үйінің тұрғыны Михаил Гаврилович Герасимчик жұртшылықты таңқалдыра шпагатқа отырды. Ол осы жасына келгенше таңертең ерте тұрып жүгіреді, жаяу жүреді, суық сумен жуынады. Бұл көрсетілімнен кейін велосипедшілер жарысқа шықты. Олар өздерінің ептіліктерін көрсете білді.Жарыс қызықты аяқталды. Балалар өздерінің тәрбиешілері Е.Малышеваға, Т.Морковскаяға, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі М.Зарқұмоваға, СӨС кабинетінің қызметкерлеріне, МӘМ-нің әлеуметтік қызметкерлеріне алғыс айтты. Ал СӨС медбикесі Н.Күдербаева қатысушыларғы шырын таратты.
Клара НҰРПЕЙІСОВА
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.