Дәрігер болуды арман ететіндер өте көп. Алайда, екінің бірі дәрігер бола алмасы анық. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандық алу ғана жеткіліксіз. Сондай-ақ, олардың адам өміріне жауапты қызметіне деген құлшынысы мен адалдығы, адамдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керектігі, ақ желеңді кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат.
Ендеше, қоғамдағы осы үлкен сала денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында аудандық ауруханаға ат басын тіреп, ақ желеңді абзал жандардың жұмысымен танысып, өңірдегі медицина саласының ахуалы жайында әңгімелесіп қайтқан едік.
Көкпекті өңірінің тұрғындарына талай жылдан астам уақыт сапалы медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан орталық аудандық аурухана «басы ауырып, балтыры сыздап», жанына дауа іздеп келген жандардың маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны, қазақы ұғыммен айтсақ, қарашаңырағы. Әрбір мекемеде басшының орны ерекше. Медициналық мекемеде бас дәрігер болу үлкен жауапкершілік. Аурухананың жұмысы, медициналық қызметтің сапалылығы, қызметкерлердің біліктілігі бас маманға байланысты болатыны белгілі. Бүгінде аурухана тізгінін өз қолына алып отырған Райфа Сафиоллинова білікті басшы болуымен қатар, аурухананың сапалы медициналық мекеме ретінде қалыптасуына ерекше үлес қосып келеді. Орынтаққа тағайындалғанына көп уақыт болмаса да, өзінің бастамашылдығымен, жаңашылдығымен ұжымды бірден баурап алған басшының сенімді серіктері де аз емес. Солардың бірі – емдеу бойынша орынбасары Рахымбаева Әсем Төлеуғазықызы. Жас та болса жетекшілік қызметті біліктілікпен атқарып келе жатқан орынбасар аурухананың бүгінгі ахуалымен таныстырып, емдеу орны көкпектіліктердің денсаулығын жақсартуға қаншалықты жағдай жасап отырғаны жайлы баяндап берді. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің басты байлығы халық денсаулығына, жалпы саланы дамытуға аса зор көңіл бөліп отырғаны баршаға белгілі. Бүгінгі таңда біздің бүкіл жұмысымыз денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Осы бағытта біздің аурухана да еселі еңбек етуде. Арнайы даярланған кәсіби мамандарсыз денсаулық сақтау жүйесінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар тиімді болуы мүмкін емес. Бүгінде аурухана қабырғасында 264 медициналық маман халыққа қызмет көрсетеді. Олардың ішінде 36 дәрігер болса, 165 медбике, қалғаны кіші мейірбикелер мен басқа да қызмет етуші жұмысшылар. Дәрігерлер құрамының көбінде, атап айтсақ, 17-сінде санаттылық бекітілген. Қазіргі таңда, бекітілген талаптарға сай аудан бойынша 9 маман жалпы тәжірибедегі дәрігер қызметінде жұмыс жасайды. Көкпекті ауданы азаматтарының денсаулығын жақсартуына ерекше үлес қосып, қолы шипалы, адам бойындағы дерт атаулыны қамқорлықпен, мейіріммен-ақ жазып жіберетін мамандар ретінде О.Тоғаспаев, Қ.Халлиулина, Қ.Ахмерова, дәрігерлік амбулаториялардан Р.Қалиева мен С.Нұртазин, К.Жагитованы атауға болады. Олардың ізін жалғаушы жас мамандарымыз да аз емес. Мәселен, дәрігер-зертханашы А.Ақабаева, былтыр ғана қатарымызға қосылған Е.Ерлібаева бүгінде халық алдында абыройға ие жандар. Биылғы жылы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызға 5 жас маман келеді деп күтілуде. Сонымен қатар, өңіріміздегі барша халықтың жоғары технологиялық медициналық көмек түрлеріне қол жеткізуіне күш салудамыз. Осы орайда, аурухана заманауи емдеу аппараттарымен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Дәрі-дәрмектер қоры да жетерлік. Осылардың бәрін халықтың, аудан тұрғындарының денсаулығын жақсарту, орташа өмір сүру жасын ұзарту мақсатында қарастырылған игі істер деуге болады. Ауруханаға келіп түскен науқастардың барлығына жоғары сапалы медициналық көмек көрсету, олардың өз орталарына дендерінің сауығып қосылуы жолында аурухана қызметкерлері көп жылдан бері аянбай тер төгуде, ары қарай да қажырлы еңбек ете бермек, - деді Әсем Төлеуғазықызы.
Адам жанын емдеп, тәніне шипа дарытумен қатар, аурухана ұжымы ғимарат маңының тазалығын сақтап, абаттандыруды да бір сәт естен шығармайды. Аудан басшысы бекіткен екі айлық тазалық жұмыстарына бір кісідей атсалысып, өздеріне жүктелген тапсырманы толығымен орындап отырады. Алдағы уақытта аурухана ауласы ішінен «Дәрігерлер аллеясы» мен «Медбикелер аллеясын» ашу жоспарланып отыр. Аталған нысандарды құру бүгінде мықтап қолға алынып, іске асу үстінде. Сонымен қатар, дәрігерлер қауымы аудан көлемінде өтетін қоғамдық шараларды да қалт жібермей, барлығына белсене қатысады. Әңгіме соңында білікті маман әріптестеріне деген астық ықыласын білдіріп, жылы лебізін жасырмады:
-Ауданның медицина қызметкерлерін төл мерекемен құттықтаймын. Сала жұмысы оңай емес. Әсіресе, орта буында, ауылдағы дәрігерлік қызмет атқарып жүрген жандардың ауыртпалыққа толы жұмыстары жұртшылықтың көз алдында. Сол қызметті жауапкершілікпен алып жүрген мамандардың дендеріне саулық, отбасыларына амандық, елдің тыныштығы мен саулығы жолында абыройлы қызмет ете беріңіздер деген тілегім бар. Көкпектіліктерге дәрігерге уақытылы қаралып, аурудың алдын-алуға кеңес беремін, - деді ол.
ӨМІРГЕ СӘБИ ӘКЕЛЕТІН КИЕЛІ ОРЫН
Аудандық перзентхана бөлімінде қызмет жасайтын акушер-гинеколог Жұлдыз Юсупова мен акушер Бақытгүл Мұқатаеваны ауданның көп аналары танып жатады. Оның үлкен себебі де бар. Әрбір ананың өміріндегі шексіз қуанышы өмірге сәбиін әкелу болса, сол өмірге іңгәлап келген сәбидің аман-есен босануына көмек қолын созатын абзал жандардың бірі – перзентхана дәрігерлері. Міне, Ж.Юсупова мен Б.Мұқатаева осы саланың мамандары, көп ананың алғысына бөленген денсаулық сақтау саласының қызметкерлері. Жұлдыз Сләмбекқызы бөлім жұмысына жетекшілік ете отырып, қызметін абыроймен атқарып отырған жандардың қатарынан. Бөлім жұмысы жайлы баяндаған ол қазіргі таңда орын алып отырған жаңалықтарға тоқталып өтті. - Бөлімде бүгінде 3 дәрігер, 4 акушер, 4 санитар әйел, 1 буфетші қызмет атқарады. Ұжымдағы мамандардың барлығы жоғары санатты, білікті жандар. Ауылдық округтерде 7 акушер маман қызмет жасайды. Олар бізбен тығыз қарым-қатынаста. Күн сайын жасалынған жұмыстар жайлы ақпараттар жіберіп отырады.
Ана мен баланың денсаулығын қорғау – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселелердің бірі екені белгілі. Сондықтан, олар үнемі дәрігерлердің бақылауында болады. Мәселен, 2013 жылы 85 босану болса, бүгінгі көрсеткіш бойынша босану 46 жағдайды құрап отыр. Биылғы жылы ана мен бала өлімі тіркелген жоқ. Бұл жағдайды алдағы уақытта да болдырмау үшін түрлі жұмыстар қолға алынған. Атап айтсақ, ауданның барлық дәрігерлері мен акушерлері қатысатын штаб жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар, туындаған қиын мәселелерді талқылау мақсатында екі аптада бір рет семинар өткіземіз.
Бөлімдегі соңғы жаңалық ретінде айтарым, әйел босану кезінде жанына өзі қалаған серігін алып кіре алады. Ол жолдасы, анасы, енесі де болуы мүмкін. Моральдық, психологиялық көмекке зәру анаға бұл да жақсы үрдiс. Қазіргі уақытта байқағанымыз болашақ аналар, көбінесе, енелерін алып кіреді. Ал, жолдастары кірген кезде олар өздері қатты қобалжиды. Тіпті, кейбіреуі естерінен танып, керісінше, босанып жатқан әйелдері тыныштандырып жататын кездер де болды. Сонымен қатар, қазір әйелдер арнайы жеке палаталарда босанады. Біздің бөлімде 3 арнайы палата бар. Бұл жер барлық керек құралдармен жабдықталған. Бөлме атмосферасы үйде жатқандай әсер қалдыру мақсатына бағытталған. Бір сөзбен айтқанда, болашақ ана босанудың әр кезеңiнде қалай жатып-тұрамын десе де, қалай босанамын десе де өзi бiледі.
Перзентахана бөліміне әрдайым басшылық тарапынан көңіл бөлініп отырады. Керек жабдықтардың барлығы заман талабына сай, дәрі-дәрмек мәселесінен де еш қиындықтар туындаған емес. Тек, УЗИ аппараты бола тұра, бізде узиолог маман тапшы. Алайда, бұл кемшілік алдағы уақытта өз шешімін табады деген сенімдеміз, - дейді Жұлдыз Сләмбекқызы.
Ал, акушер Бақытгүл Мұқатаева жоғары санатты, білікті маман. «Жүкті әйелдің бір аяғы жерде…» деп айтылатын сөздің бекер еместігін жақсы білетін Бақытгүл апайдың осы салада жұмыс істегеніне биыл 20 жыл. Жұмысының қиындығы мен қызығы қатар жүретіндігін айтқан ол аналармен бірге қобалжып, аналармен бірге дүниеге сәби келгенде өзі босанғандай қуанатынын да жасырмайды. - Алайда, дәрігерлердің айтқанын орындамайтын аналар да болады. Сондықтан, ондай болашақ аналарға айтарымыз, ана болу өміріңізде тек қана қуаныш болып есте қалу үшін дәрігерлердің талаптарын мүлтіксіз орындап жүріңіз демекпіз. Өйткені, адам өз денсаулығына алдымен өзі жауапты екенін ұмытпау керек, - деген кеңесін де айтып қалды.
Бүгінде ауылды жерлерде қызмет жасайтын акушерлер біліктілік өрісін кеңейту, тәжірибе алмасу үшін 1 апта көлемінде дәрігермен тікелей қарым-қатынас жасап, босануға қатысуға мүмкіндік алған. Сондай жандардың бірі – Тассай ауылдық округінің акушері Гүлнәр Тілебалдина. 23 жыл еңбек өтілі бар маман өз ісіне берілген жандардың қатарынан. Осылай босануға қатысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғанына қуанышты екенін де жасырмады ол. Оның айтуынша, бұның участкелік акушерлердің жұмысына тигізер пайдасы зор.
ХИРУРГИЯ – АУРУХАНАНЫҢ АЙНАСЫ
Көкпекті аудандық орталық ауруханасының тағы бір жетекші саласы – хирургия бөлімі. Емдеу мекемесінің екінші қабатында орналасқан бөлімде 13 адам жатып емделе алады. Науқастарға күрделі операциялар жасайтын бұл орында білікті де, білімді, салада мол тәжірибе жинақтаған ақ желеңді абзал жандар еңбек етеді.
Бөлімге өз ісінің майталманы, жоғары санаттағы дәрігер-хирург Махат Ғабдуллин жетекшілік етеді. Аурухананың хирургия бөлімінің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы Махат Амангелдіұлы былай әңгімелейді:
-Біздің бөлімде бүгінде 18 адам халыққа қызмет көрсетіп отыр. Негізінен, хирургия бөлімшесінің қызметі – аурухананың айнасы. Хирургиясы жақсы аурухана жақсы көрсеткіштерге ие болады. Бөлімдегі әріптестерім өз жұмыстарын жақсы біледі. Хирург Райымжанов Әмір, аға мейірбике Рая Қасенова, Садвакасова Ләйлә және өзге де хирургия бөлімі қызметкерлерінің еңбегін жоғары бағалаймын. Баршасы да медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандар, - дей келе барлық әріптестерін мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін арнады.
Ал, бөлімнің аға мейірбикесі Рая Қасенова қан тапсыру қызметін қатар алып жүрген жан. 1992 жылдан бері осы іспен айналысып келе жатқан медбике кез келген адам қан тапсыру арқылы өртсөндіруші немесе дәрігер сияқты бір адамның өмірін құтқарып қала алатынын айтады. Сол себептен, барлық аудан тұрғындарын осы шарадан шеткері қалмай, белсенділік танытуға шақырады. - Әр ауруханада қан қоры сақталып тұруы керек. Себебі, ауыр жағдайдағы науқастарға ол өте қажет болуы мүмкін. Қазіргі таңда, біз қанды облыстан жеткіземіз. Алайда, орнына қажетті қан мөлшерін жібермесек, олар бізге оны босатпайды. Сол себептен, барлық тұрғындар донорлыққа қатысса деген тілегім бар, - дейді өз ісінің маманы. Рая Сәбиқызы өз ортасына беделді аға медбике ғана емес, отбасында да мейірімді ана. Қызы Айнұр анасының жолын қуып, бүгінде Риддер қаласында дәрігер қызметін адал атқаруда.
АЯЛЫ АЛАҚАН ИЕЛЕРІ
Аурухананың терапия бөлімі – жанына шипа іздеген жандардың жүгінетін ең бірінші орны. Бөлім меңгерушісі – Қайнижамал Ахмерова білікті маман. 34 жыл еңбек өтілі бар дәрігердің негізгі мамандығы дәрігер-инфекционист. Зейнеткерлік жаста болса да, мамандығынан қол үзбей, халық игілігіне қызмет жасап келе жатқан ақ желеңді абзал жанның бұл ісі құрметке лайық екені сөзсіз. «Медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда білікті мамандардың орны ерекше. Бұл бағытта терапия бөлімінің қызметкерлері мүлтіксіз қызмет етуде», - дейді ол әңгімесін бастап. − Әрине, бізде де кадр жетіспеушілігі бар. Бірақ, бұрынғыға қарағанда шүкір. Менің бөлімімде 13 қызметкер бар. Олардың бәрі өз істерінің мамандары, тәжірибелі жұмысшылар. Алайда, бізге жас мамандар келсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, әр жас өзімен бірге жаңа серпін, тың бастамаларды ала келеді емес пе! Ал, бұл бізге кедергі жасамасы анық.
Терапия бөлімі құрамына кіретін педиатрия бөлімінде жайдары, жүзінен нұр шашып тұратын Жұмағазина Роза Юсупқызы жұмыс істейді. Оны алғаш көргенде-ақ, балалар дәрігері болу үшін жаралған ба деп ойлап қаласың. 25 жылдың ішінде балалармен жұмыс істеудің қыр-сырын терең меңгерген ол алдына келген қай баланың болмасын тілін тауып, жанына шипа, тәніне дәру табуға асығады. Роза Юсупқызының айтуынша, 1 жасқа дейінгі сәбилермен жұмыс жасау – ең қиын міндет. Себебі, ол қай жері ауырып тұрғанын тілмен айтып, жеткізе алмайды. - Ондай кездері психолог болуға тура келеді, - дейді ол. Өз жұмысына адал жан зейнеткерлік жасына шыққанша осы жерде талмай еңбек ететіне сенімді.
Бөлімде өзінің кәсіби біліктілігімен қоса мейірімділігімен ауылдастарының жанына шипа дарыта білген, ел-жұртының алғысын арқалаған жанның бірі – Айман Халықова. Жайдары мінезді, жаны таза мейірбике ісінің кәсіби шебері аталған мекемеде табаны күректей 31 жыл істеп келеді. Осы жылдар ішінде хирургия, реанимация бөлімдерінде қызмет жасап, талай жанның сауығып кетуіне септігін тигізген. – Мамандығын шын сүйген адамды кәсібінің өзі-ақ мерейге, халықтың ықыласына бөлейді, – дейді денсаулық сақтау саласының мейірбикесі Айман Халықова.
ЖАН САҚТАУШЫ ЖАНДАР
11 қызметкері бар жан сақтау бөлімі қызметіне отадан кейін, жарақаттану, аурулар салдарынан жіті пайда болған, адам ағзасының бұзылған маңызды қызметтерін қалпына келтіру бойынша шаралар кешенін жүргізу, жалпы, аймақтық анестезияға дайындау және оны өткізу, қарқынды терапия шараларын жүргізу және науқастарды бақылау жатады. Аталмыш бөлімге жас маман Сәбит Жалғабаев өзі жетекшілік етеді. Жұмысты жоғары деңгейге қойған абзал жан қасына кәсіби білікті мамандарды жинаған. Олардың қатарында Қ.Сәрсенбина, А.Валиулинаны атауға болады. Бұлар ауыр жағдайда жатқан науқастардың әрқайсысына мейірімділікпен қарап, аппараттарын қадағалап, дәрілерін уақытымен беріп отыратын жандар. Бөлім мамандары білгендерімен шектеліп қалмайды, әрдайым біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Бұл істі бөлім жетекшісі Сәбит Жалғабаев қолға алған. Ол осы бағытта семинарлар өткізіп, практикалық дағдыларды өзі үйретіп отырады.
30 жылдай еңбек өтілі бар анестезистка мейіркештері Күміс пен Альмира өз мамандықтарынан бақыт тапқан жандар. - Қазір жан сақтау бөлімі жаңа жағдайда жұмыс істейді, арнайы қондырғылармен жарақтандырылған. Бірақ, ең мықты деген аппаратқа да сенімсіздікпен қарау керек. Дәрігер мамандығы — еркелікті көтермейтін сала. Кез келген қателік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сол себептен, барлығын бақылауда ұстап, тексеріп отырамыз, - дейді мейірбанды мейірбикелер.
ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМНІҢ АҚ ЖЕЛЕҢДІЛЕРІ ӘРДАЙЫМ КӨМЕККЕ ДАЙЫН
Аяқасты дәрігердің жедел көмегін қажет еткен адамның ең бірінші жүгінері – медициналық жедел жәрдем қызметі. Аудандық аурухананың жедел жәрдем бөлімінде бүгінде 4 фельдшер және 4 жүргізуші қызмет жасайды. Гүлдана Айтқазинова осы салада 1986 жылдан бері тапжылмастан қызмет атқарып келеді. Жан азабын тартқанға алғашқы көмекке келетін ол ешқашан да шаршау мен жабығуды білмейді. Әрдайым көмек қолын созуға даяр тұрады. Бөлім жылда жас мамандармен толығып отырады. Мәселен, былтыр ғана жұмысқа кіріскен Асыл Байсексенова жәдел жәрдем қызметі жан-жақтылықты талап ететінін жақсы түсінеді. Адамдарға алғашқы медициналық көмек көрсетуде жауапкершілік пен біліктілік басты талап екенін көкейіне түйіп алған. Кез келген уақытта сақадай сай тұрып, науқастарға қарай құстай ұшатын мамандардың жұмысы алдағы уақытта да жемісті болып, халық көңілінен шығады деген ойдамыз.
ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ САРБАЗДАРЫ
Аурухананың зарарсыздандыру бөлімінің негізгі мақсаты қай уақытта да, медициналық мақсатқа арналған бұйымдарды залалсыздандыру және зарарсыздандыру болып табылады. Осы бөлімде 3 қызметкер жұмыс жасайды. М.Көбелесова мен К.Мұқатаева жұмыстың адам денсаулығына зияны бар болғанына қарамастан, өз қызметтерін тиянақты, бар ынталарымен беріліп атқарады. - Жақсы маман - елдің ырысы. Жақсы маман болу үшін білімді болу шарт. Біз жаңа техникаларды қолдана біліп, жұмыс бағытының мақсатты болуына, сапалы іс пен саналы бағытта көріне білуге міндеттіміз және көрініп те келеміз. Өз жұмысымызды сүйіспеншілікпен атқарамыз, - дейді олар. Қызметкерлердің жұмыс орны таза да орнықты болуын Жанар Мадиева қадағалап отырады. «Үйді қалай тазалықта ұстасам, жұмысымда да сол мақсатты ұстанам. Себебі, бұл жер менің екінші үйім», - деді ол ағынан жарылып. Бөлімше шағын болғанмен жұмыс көлемі өте көп және ауқымды. Алайда, зарарсыздандыру бөлімі қызметкерлері уақытпен санаспай, ауқымды жұмыстарды аз уақыт мерзімінде еңсеріп тастап отырады.
Жұмысы көрінбейтін, бірақ атқаратын міндеті зор, денсаулық сақтау саласының бір буыны — лаборанттар. Олар сараптама жасау арқылы науқастарға дәл диагноз қоюға көмектеседі. Осындай лаборанттар қызмет істейтін аудандық ауруханада зертхана және бактериалды зертхана жұмыс жасайды. Зертхана бөлімінде 14 жыл еңбек өтілі бар, жоғары санатты дәрігер А.Ақабаева халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, бұл бөлімде Г.Салдырғазина, Қ.Жазнаева сынды ардагер мамандармен қатар, Бекзат Айтуғанова сынды жас талаптар жемісті еңбек атқаруда. Ал, 4 қызметкері бар бактериалды зертханада Дәулет Болатұлы сынды білікті дәрігер абыройлы қызмет етіп келеді. Оның қарамағындағы лаборанттар да жоғары санатты абзал жандар.
Адамгершілік, қайырымдылық, мейірімділік – жұқпалы аурулар бөлімі қызметкерлерінің басты қасиеті. Бөлім жетекшісі Мадина Искакова жас та болса өз мамандығын шебер меңгерген, ісіне мығым жан. Ол басқарып отырған бөлімде 9 адам қызмет жасайды. Олардың арасында білікті де білгір, осы салада талай жыл еңбек атқарған медбикелер де бар. Алайда, Мадина Ерланқызы ешуақытта «дәрігермін, бәрін білемін» деп кеудесін керген емес. Керісінше, тәжірибелі медбикелерден көмек сұрап, ақылына жүгінетін де кездері болатынын айтады. Бөлімде біліктілікті арттыру да оң жолға қойылып, осы мақсатта семинарлар өткізу қолға алынған.
Статистика бөлімі – аурухананың миы деп айтсақ, артық айтқандық емес. Бұл бөлімнің негізгі міндеті аурухананың статистикалық есебін, талдауын, статистикалық мәліметтерін жалпылау (жинақтау) мен статистикалық есептерін құрастыруды жүзеге асыру, оларды уәкілетті органдарға ұсыну болып саналады. Бұл жерде Жанар Ахметова, Кентай Құсайынова, Әсем Кененбаева сынды статист мамандар мен Айдын, Әйгерім есімді техника білгірлері жұмыла жұмыс жасайды. Есеп-қисапқа толы жандардың жұмысы қандай болса да құрмет лайық.
Ал, аурухана табалдырығын аттаған әр келушіні жылы шыраймен қарсы алатын Калия Абсалямова мен Айнұр Сыздықова науқастарды тіркеу бөлімінде жемісті еңбек етеді. Жұмысына жан-тәнімен берілген жандарды ауыл халқы жақсы таниды. Ал, олар алдарына келген бар адамның аты-жөнін жатқа біледі. Тіпті, тізілген көп қағаздың ішінен жұмулы көздерімен карточкасын тауып бере алатын күйге жеткен. Бұл – тәжірибе мен біліктіліктің жемісі екені анық.
Медицина қызметкерлерінің күні - бұл мереке барлық ғұмырын алғысқа лайықты істерге – өзге адамдардың денсаулығы мен өмірлеріне қамқор болуға арнаған жандардың еңбектері еленетін күн. Олай болса, қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті, кейде екінші рет өмір сыйлап жататын барша дәрігерлерімізді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Ұлт саулығы жолындағы машақатты жұмыстарына шыдамдылық пен толағай табыстар тілейміз.
Арайлым МИРАТҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.