Дәрігер мамандығының қыр сырын қанық біліп, анық сол жолды таңдау үшін үлкен жүрек керек. Ақ халатты киіп алу шарт емес, әрбір дәрігер маман адам өмірінің арашасы екендігін білуге тиіс.
Әрбір жанның өмірі бұрылыстар мен құбылыстардан тұрады. Сан талай сынақтармен сыналатын адам өмірі ақ халатты абзал жандармен тығыз байланысты. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек
керектігі, ақ желеңді кір шалдырмау керектігі де бекер айтылмайды. Қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтатыны ақиқат. Көкпекті өңірінің тұрғындарына талай жылдан астам уақыт сапалы медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан орталық аудандық аурухана «басы ауырып, балтыры сыздап», жанына дауа іздеп келген жандардың маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны, қазақы ұғыммен айтсақ, қара шаңырағы.
Міне, сол қара шаңырақтың жан сақтау бөлімініе ат басын тіреп, мерекелерімен құттықтап қайттық.
10 қызметкері бар жан сақтау бөлімі қызметіне отадан кейін, жарақаттану, аурулар салдарынан жіті пайда болған, адам ағзасының бұзылған маңызды қызметтерін қалпына келтіру бойынша шаралар кешенін жүргізу, жалпы, аймақтық анестезияға дайындау және оны өткізу, қарқынды терапия шараларын жүргізу және науқастарды бақылау жатады. Аталмыш бөлімге дәрігер-анестезиолог-реониматолог Сәбит Жалбағаев өзі жетекшілік етеді. Жұмысты жоғары деңгейге қойған абзал жан қасына кәсіби білікті мамандарды жинаған. Олардың қатарында Қ.Сәрсенбина, А.Валиулина, А.Карипжанованы атауға болады. Бұлар ауыр жағдайда жатқан науқастардың әрқайсысына мейірімділікпен қарап, аппараттарын қадағалап, дәрілерін уақытымен беріп отыратын жандар. Бөлім мамандары білгендерімен шектеліп қалмайды, әрдайым біліктіліктерін жетілдіріп отырады. Бұл істі бөлім жетекшісі Сәбит Жалбағаев қолға алған. Ол осы бағытта семинарлар өткізіп, практикалық дағдыларды өзі үйретіп отырады.
30 жылдай еңбек өтілі бар анестезистка мейірбикелері Күміс пен Альмира өз мамандықтарынан бақыт тапқан жандар. - Қазір жан сақтау бөлімі жаңа жағдайда жұмыс істейді, арнайы қондырғылармен жарақтандырылған. Бірақ, ең мықты деген аппаратқа да сенімсіздікпен қарау керек. Дәрігер мамандығы — еркелікті көтермейтін сала. Кез келген қателік адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сол себептен, барлығын бақылауда ұстап, тексеріп отырамыз, - дейді мейірбанды мейірбикелер.
Сырқатпен жаны бір ақ желеңді абзал жандардың еңбегі өлшеусіз. Айтып келмес қауіптен адам өмірін арашалауда медицина қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмысы ерен. Оны күнделікті өмірде көріп, тәнті болып жүрміз.
Ендеше, қиналғанда көмек сұрап, ауырғанда шипа іздеп алдына барған кез-келген науқасқа қолдау көрсететін, өмірлеріне қауіп төнген сәтте араша түсіп, тіпті кейде екінші рет өмір сыйлап жататын барша дәрігерлерімізді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Жанерке АБЫЛХАН
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.