Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын көкпектіліктер айрықша атап өтті. Отан қорғаушылар күнінде Подгорное ауылындағы ғаламат шарадан бастау алған мереке бір толастап көрген емес. 8 мамыр күні барлық ауылдық округтерде мерейтойлық жиындар мен жаңартылған ескерткіш, монументтердің ашылу салтанаттары өткізілді. Майданда қаза тапқан жауынгерлер еске алынып, құран оқылып, дұға бағышталды. Мерейтойда мерейі үстем соғыс ардагерлеріне жан-жақты сый-құрмет, қошемет көрсетілді. Соғыс ардагері Нұрмұхамбет Ақшалов Астанадағы республикалық Жеңіс шеруіне қатысу мәртебесіне ие болса, тағы бір жеңімпаз ардагер Елеусіз Қиынбаев облыс басшысының қолынан «Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мерейтойлық шараларды аудан орталығындағы Жеңіс мерекесіне арналған салтанатты шара түйіндеді.
Майдангерлер мен тыл еңбеккерлері бастаған аудан орталығының тұрғындары таңмен Жеңіс алаңына ағылды. Зымыраған уақыттың қанатында Жеңістің 70-ші көктемін қарсы алған майдангерлердің жүзіндегі қуаныш табын алаңсыз шат күлкіге толы кішкентай балдырғандардың риясыз күлкісі толықтыра түскендей. Әрбірінің төскеудесін толтыра жарқыраған медаль, ордендер жеңімпаз ата-апалардың айбарын асырып, мерейін үстем етіп тұр. Көпшіліктің құрметі мен қошеметі шексіз. Мұңды соғыс әндерімен жасаураған жанарлар, жүрекжарды тілектерге толқыған жүздер бәрін де ешбір боямасыз жеткізіп береді.
Салтанатты шеруді басқару құрметі Ұлы Отан Соғысы ардагерлерінің даңқты жолын жалғастырушылар, Ауған соғысының ардагерлері - жауынгер интернационалистерге берілгені айрықша нышан. Олардың қайсарлығы мен батырлығына, бейбіт өмірдегі жарқын істеріне, қоғамдық жұмыстағы белсенділігіне, бәрінен бұрын жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбектеріне деген құрмет белгісі. Сұрапыл соғыстан оралмаған 4 мың 191 көкпектілік жауынгерлердің рухын асқақтатқан «Мәңгі өлмес полк» шеруін олардың немерелері мен шөберелері, туған-туыстары бастап жүрді. Қолдарына ұрандары мен құттықтау жазуларын ұстаған мекеме және ұйым қызметкерлерінің ауқымды тобы шеруді жалаулатып аяқтады.
Есімдері тарих беттерінде алтын әріппен өрнектелген «Шығыстың қос жұлдызы» Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың Жеңістің мәңгі алауын жаққан өшпес ерлігі сахналанды. Қазақтың қайсар қыздары байтақ елдің бостандығы жолында жанын пида етті, ал тарих оларға өз төрінен орын берді. Өмірлері аққан жұлдыздай жарқ етті де жоқ болды. Қамшының сабындай қысқа ғұмырларында ел сүйсінерлік ерлік жасады. Оттай лаулап, ер болып елге танылып кеткен қыран қыздар ерте солғанмен, артында өшпес ерліктің даңқы қалды.
Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ту тігіп, алғаш рет ұлы Жеңістің жалауын желбіреткен батыр – Рақымжан Қошқарбаев есімі ұмыт қалған жоқ. Ұстаздар мен оқушылардың асқан шеберлігімен орындалған сахналық қойылымдар Жеңіс туын желбірету сәтінде шарықтады. Даңқ мемориалының алаңы нағыз шаттық ұясына айналды. Жеңіс туын желбіреткен жауынгерлер, қуаныштан бөркін аспанға атқан әкелер мен жаулығын жасқа жуған аналар, «алақайлап» жүгірген бүлдіршіндер. Осының барлығы аса бір жүрек қылын шертер тебіреніспен, өте ұқыптылықпен, асқан сезімталдықпен жеткізіле білді. Еріксіз көзіне жас алған ардагерлермен бірге көпшілік те егілді, қуаныш пен қасірет тамшысы қатар төгілді. Бұл – бүгінгі ұрпақтың Жеңіс күнін қаншалықты қастерлеп, мағынасын терең түсіне білгенінің айқын көрінісі.
Салтанатты жиынға қатысушыларды аудан әкімінің міндетін атқарушы Рамиль Сағандықов құттықтады. Аудан басшысының атап өткеніндей, арын - байрақ, намысын найза етіп, қас дұшпанмен жан аямай шайқасқан аға ұрпақтың арқасында бейбітшілік орнап, Қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізді. Қазіргі кезде қатарлары сиреп қалған майдангерлерге кейінгі ұрпақ әрдайым басын иіп, ерлігі мен еңбек жолдарын үлгі етеді. - Бұл соғыс - біздің халқымыздың, әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Бұл - аға буынның жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жеңісі. Қаһарман қайсарлықтың хас үлгісін көрсеткен қайтпас рух пен жалынды жігерлерінің жемісі, - деді Рамиль Нығметжанұлы.
Ел басына күн туған сұрапыл жылдары қолына қару алып, Отан қорғауға аттанған майдангер Аркадий Түсіпбеков бүгінде ардақты ардагер. Жеңісті жақындатуға бір кісідей атсалысып, ерлікпен шайқасқан жауынгер үшін 9 мамыр – айрықша мереке. Барша соғыс ардагерлеріндей осы күнде ерекше қастерлейтын Аркаш атаның туған күні де. Мерейтой күні ардагер 95 жасқа толды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Р.Сағандықовтың ардагерге жасаған сый-құрметі барша көкпектіліктердің қол соғып, зор қошемет көрсетуіне ұласты.
Шара барысында Мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылды. Қан майданда ерлікпен қаза тапқан жауынгерлер бір минут үнсіздікпен еске алынды. Мәдениет үйінің қызметкерлері көпшілікке соғыс жылдарындағы әндерден шашу шашты. Осылайша, көкпектіліктер Жеңіс мерекесін лайықты атап өтті. Жыл бойына мерейтойлық шаралар өз жалғасын таппақ.
Қасиетті де қастерлі Отан үшін жан беріп, кедуесін оққа тосқан жауынгерлерді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету - біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы. Жеңіс туы мәңгілік желбірей берсін!
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.