Биыл Абай облысында баламасы жоқ ерекше тарихи-танымдық экспедиция өтті. «Батыр бабалар жолымен» тарихи-танымдық экспедициясы 30 маусым мен 6 шілде аралығында Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандарындағы тарихи орындар мен ұлы тұлғалардың жатқан жерлерін аралап, XVIII ғасырдағы Абылай хан басқарған қазақ әскерінің Жоңғар хандығымен арадағы жеңісті соғысының іздерін, сол соғыста шейіт болған жауынгерлердің жерленген қорымдарын көріп, ру таңбаларын танып қайтты.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси бағдарына сай мемлекеттік идеологиямыз аясында жүзеге асқан бұл бағдарлама 2018 жылы бастау алып, биыл 7 рет өтіп отыр. Экспедицияның негізгі мақсаты - қазақ даласындағы тарихи жерлерді, хандар мен батырлар, билер жүрген мекендерді көру, 2 ғасырға созылған қазақ-қалмақ соғысының іздерін табу, сол соғыста қазақ қолының жеңуіне жан-жақты үлес қосқан ұлы тұлғалардың зиратына арнайы барып құран бағыштау, тарихи шайқастар өткен орындарды аралау, қазақ жауынгерлері жерленген қорымдарды анықтап табылған деректерді тарихи айналымға түсіру, ұрпаққа шынайы мәлімет қалдыру.
Экспедицияны ұйымдастырған негізгі бастамашыл топ:
1. Қанат Еңсенов – «Батыр бабалар жолымен» тарихи-танымдық экспедициясының жетекшісі, идея авторы, Қазақстан Рес-публикасы мемлекеттік тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, Астана қаласы.
2. Жамбыл Бөлеуханұлы Жұманбай - тарихшы-өлкетанушы, Ақсуат ауданының Құрметті азаматы, бірнеше кітаптың авторы, Ақсуат ауданы.
3. Қайрат Малікаждар - өлкетанушы-этнограф, Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, бірнеше кітаптың авторы, Көкпекті ауданы
4. Қайрат Батханұлы Айтқожин - тарихшы мұғалім, Қабанбайтанушы, бірнеше кітаптың құрастырушысы, Өскемен қаласы.
5. Есенбек Айтқазыұлы Мейірбаев - Меценат кәсіпкер, Ұлттық руханият жанашыры, Өскемен қаласы.
6. Назарбек Мәненұлы – тарихшы, «Машан батыр» қорының төрағасы, Астана қаласы.
Биылғы экспедиция Жарма, Көкпекті, Ақсуат аудандарының аумағын қамтыды. 2018 жылы басталған бұл шара биыл 7-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр.
Тарих тамырына көз жіберген экспедиция ұйымдастырушыларының айтуынша, қазақтың ежелден келе жатқан атамекені Тарбағатай мен Қалба тауларын қалмақтар күш біріктіріп, XVII ғасырда бауырына басқан екен. Содан бері сан шайқаста жеңіс бермей, әбден иемденіп алған көрінеді. Ал XVIII ғасырдың басында «ақтабан шұбырындыны» ұйымдастырып, қазақты тіпті тоздырмаққа бекінген. Сол кезде билік басындағы ерлердің өзара бақталастығы мен алауыздығынан бассыз қалған денедей бейшара күй кешкен қазақ халқы өз ортасынан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Баян, Барақ, Жәнібек сынды әлемдік деңгейдегі батырларды топ-тобымен шығарған. Түркістанды қалмақтан жанкештілікпен қорғап қалған қазақ батырлары жанұшырып жан-жағына қарағанда Абылай сұлтан көзге түседі. Қазақтың майталман батырлары мен билерін, құдіретті жыраулары мен ақындарын маңайына топтай білген Абылай баһадүр XVIII ғасырдың дәл ортасында Қалба мен Тарбағатай, Сауыр, Сайқанды азат ету үшін ұлы майдан ашты. Бұл майдан анығында қазақтың бабадан мирас қазыналы жерін қайтаруға бағытталған шешуші соғыс болатын. Шар өзенінен бастап Қалба жеріне кірген қазақ қолы бірнеше ұрыста басымдық көрсетіп, әдіс-айладан ұтып, Шегелек өзені бойында Толағай тауының маңына Абылай сұлтан ордасын тігіп, ұлы кеңес өткізген екен. Қазақ әскері Қалба тауы мен Тарбағатай тауын жаудан азат етіп алған сол жеңісті соғыс шамамен 1751-1754 жылдар арасында өткен.
Әрине, екі ғасырлық соғыстың нүктесі саналған сол майданның толық барысын жазу бір мақалаға сия қоймас, дегенмен осыдан-ақ «Батыр бабалар жолымен» экспедициясының көтерген салмағы қандай екенін аңдауға болады.
Экспедицияға келетін болсақ, биылғы бұл шараға 60-тай адам қатысты. Тағылымды шараның өту уақыты 30 маусым мен 6 шілде аралығы деп жоспарланса, оның алғашқы екі күні Жарма ауданында, төрт күні Көкпекті ауданында, бір күні Ақсуат ауданына арналды.
30 маусым күні «Батыр бабалар жолымен» тарихи-танымдық және ғылыми-зерттеу экспедициясының жұмысы Жарма ауданында басталды. Қонақтарды Қалбатауға Семей жақтан кіреберістегі «Керуен» қонақ үйіне жайғастырып, сол жерден күтіп алған Жарма ауданының экспедицияға қатысу тобы өзінің көптігімен, сән-салтанатымен тәнті қылды. Тарихи сапардың алғашқы күнінде Ақсуат ауданынан 2 адам, Көкпекті ауданынан 5 адам қатысса, Жарма ауданынан 40 адам атсалысты. Жармалық топты аудан әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Сатпеков, аудан әкімінің орынбасары Райым Жолдасбекұлы мен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Аудандық мәдениет үйінің басшысы Аманжол Төлеубекұлы бас-тап шықты.
Сол күні шығыстағы Шар өзені бойында «Басқарауыл» биігіне шықтық. Бұл жерде Абылай сұлтан қалмақтарға жорық бастап келе жатқанында тоқтап, кеңес өткізген. Жаудың алдын тосатын, шұғыл хабар жеткізуді ұйымдастыратын жер. Кейін жорықтан жеңіспен қайтқанда ту тігіп, елге жерді бөлген екен. Одан басқа Орта және Аяққарауыл төбелері бар.
Басқарауылдың басына шыққанда аудан басшылығы екі бірдей ақ боз үй тігіп қойғанын көрдік. Бізді ол жерде 6 ауылдық округінің және Шар қаласының әкімі қарсы алды. Шар мәдениет үйінің өнерпаздары арнау өлеңмен қарсы алып, жүргізушілері осынау сапардың маңызын айтып, өлкетанушы, тарихшы ақсақалдар тарихтан сыр шертті. Асау қымызбен шөл басып алған біз қойнауына тылсым сыр жасырған Салқынтөбеге бардық.
Салқынтөбенің маңайында Абылай сарбаздарының қорымдары анықталды. Бұл жерде шамамен жүздей жауынгер жерленген мұсылман зираттарының нобайы білінеді. Жерлеу дәстүрі нақ сол Абылай тұсындағы жаугершілік заманға сай келетінін экспедиция жетекшісі Қанат Әлібекұлы бәрімізге тынбай түсіндіріп жатыр. Бұл қорым тарихи айналымға енбеген тың дерек боп тізімге енді. Бірінші күнгі экспедицияның соңы Жарма ауданы мәдениет бөлімі әдемілеп тұрып ұйымдастырған «Керемет» мейрамханасындағы рухани кешке, жарасымды кеңеске ұласты.
Шілденің 1 жұлдызында барша тобымызбен Қабанбай батырдың сенімді тірегі болып, оған Қубас атты та-уып берген Би Боранбай бабаның басына барып құран бағыштадық. Одан кейін қазақ тарихында ерекше орны бар Нарбота батыр мен Шөңкей батырлардың зиратына соқтық. Келесі кезекте ат басын Жарма ауданындағы Қапанбұлақ ауылына бұрдық. Ол жерде аудан басшылығы тарихи-танымдық тақырыпқа конференция ұйымдастырған. Конференцияға арнайы келіп Қазақстан Республикасы Парламенті сенатының депутаты Толамисов Амангелді Ғабдулкарімұлы қатысты. Модераторы Жарма ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Сатпеков болған конференцияда тағы екі баяндама оқылды. Біреуін экспедиция жетекшісі Қанат Еңсенов оқыса, екіншісін «Би Боранбай» жобасының жетекшісі Айбек Мүталапханұлы Каримов оқыды. Одан бөлек ауданның тарихтан хабары бар бірнеше ақсақалы шығып, тың деректерімен бөлісті, баяндамашыларға сұрақ қойды.
Қапанбұлақ мектебінен түстеніп алған соң Қапай батыр ауылының жанында орналасқан «Барақ шыққан» тауына көтерілдік. Бұл жердің «Барақ шыққан» атануы да аса маңызды тарихи оқиғаға байланысты. Ол оқиғаны бізге экспедиция жетекшісі Қанат Әлібекұлы айтып берді. Бұл туралы кеңірек «Киелі Көкпекті» журналының арнайы шығарылымында жазатын боламыз.
«Барақ шыққан» тауынан үлкен әсер алып түскен біз барша тобымызбен қазақ тарихындағы ірі батырлардың бірі Ер Жәнібек Бердәулетұлының кесенесіне жол тарттық. Ер Жәнібек батыр мен Байтайлақ батырдың рухына құран бағыштаған соң сол жерде отырып, үлкендерден тарихи әңгімелер тыңдадық. Осылайша «Батыр бабалар жолымен» экспедициясының Жарма ауданындағы кезеңі аяқталып, аудан басшылары Қалбатау мен Көкпекті арасындағы «Береке» асханасында кеңінен дастархан жайып, бұлбұл көмей әншілердің әнін тыңдап, шай ішіп Көкпектіге аттандық.
Сағат 22.00-де Көкпекті ауданы әкімінің міндетін атқарушы Марат Қапарұлы, аудандық маслихат төрағасы Талғат Манапұлы, Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Насырбайұлы, Көкпекті аудандық Мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Әлібек Түсіпбекұлы бастап, әжелеріміз шашу шашып мәре-сәре болып қарсы алды.
Көкпекті ауданында экспедицияның үшінші күнінде бәріміз Биғаш ауылдық округі аумағына бет алдық. Айта кету керек, бұл сапарға Жарма ауданынан бес адам келіп қосылды. Биғаш ауылдық округінің әкімі Қайрат Ахметқалиев жол бастап, Қ.Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің ақ газелі құйғытып отырып, Бармақ батырдың кесенесіне бірақ тоқтадық.
Уақ Бармақ батыр Абылай әскерінде шолғыншы жасақты басқарған деседі. Қалмақпен арадағы «Қалба соғысында» шейіт болған батырдың зираты Қанат Әлібекұлының қолындағы XIX ғасырдың әскери картасында көрсетілген екен. Бүгінде Көкпектінің орталығында Уақ Бармақ батырға арналған ескерткіш тұр.
Биғаш ауылдық округіндегі Кіндікті өзені жарқабағында тұрған Едігенің көпсүйегінен басталған сапар ұзаққа созылды. Осы жолда Биғаштың байырғы тұрғыны атақты Көпесовтер әулетінің ақсақалы 70 жастан асқан Жанәбіл Қанағатұлы Көпесов басшы болды. Атақты мерген сыбаннан шыққан Қырықбайдың Тұрарының ұлы Самат мырза ауылдық округі әкімінің көне «Нивасын» ауылдың көкдөненіндей құлпыртып алға салды. Бірінші тоқтағанымыз Едігенің көпсүйегі еді. Бұл жердегі сансыз қорым, көп зиратты көргенде кез келген адам ерекше ойға қалып, басқа әлеммен «әркім тілсіз, жіпсіз байланысары» анық. Ғалымның айтуынша мұнда неше ықылым заманның белгілері бар екен. Қойылған зираттар да әр дәуірдікі. Біздің мақсатымыз алтын қазу болмағандықтан қолымызда ешкандай құрал жоқ. Тасты сипап көріп, ғалымға көрсетіп жүрдік.
Экспедиция жетекшісінің алғашқы болжауынша бұл зираттардағы басты тастардың қоңыраттың, арғынның, ұлы жүз дулаттың таңбаларына ұқсайтын белгілер табылды. Үш жүздің әскерінің Қалба тауына келгенін Мәшһүр Жүсіп, Құрбанғали Халид жазып кеткені тілге тиек етілді.
Ер Едігенің өзі жатыр деген биіктің басына шығу қиындық келтіргендіктен, оны алыстан фото-видеоға түсіріп, Сарыбасқойға тарттық. Бұл ескерткіш 19 ғасырдікі екені анық. Сарыбасқойдың басындағы тастардан ешқандай белгілер ажыратылмады. Келесі кезекте Кіндікті өзені жанындағы жетімтөбеде жатқан Қалыбай зиратына келдік. Қанат Әлібекұлының қолындағы XIX ғасырдың әскери картасында "Могила Калыбай батыр" деген жазу батырдың ұрпақтары үшін үлкен олжа. Себебі, дәл осы зиратты ұзақ уақыт бойы іздеп келген. Матай мен Қаракерейдің сол кездегі шекарасына қойылған батырдың зираты атты кісінің бойындай биік. Және тас, құм, топырақ араластырып орнатқан екен. Батыс жақ шеті аздап сөгілгені болмаса көп қиратылуға ұшырамаған. Төбе басында тастан қалап жасалған үлкен ашамай белгісіне ұқсас белгі бар екен. Матай Елқондыұлы Қалыбай батырдың ұрпақтары Қалбатаудан арнайы бірге келіп, зиярат етті.
Мұнан өзге Жанбөлек, Ақбура-Жынды, Трайыс, Боз арқылы Егінбұлақ ауылына келдік. Биғаш ауылдық округіндегі Жаушоқы, Қызылбұлақ, Арабай-Тошан, Қиынжұрт, Қаражалдағы қазақ батырлары қорымдары әлі де іздеушісін күтіп жатқандай.
Биғаш сапарынан қайтар жолда Көкпектіден сегіз шақырымдай жерде тұрған Қаракезең деген жерде жүз шақты батыр жерленген қорымға тап болдық. Ол қорым туралы айтқан Көкпектінің тұрғыны Мұратқазы Бекішев өзі жол бастап, сол жерге алып келді. Қанат Әлібекұлы бірден бұл дәл сол «Қалба соғысы» кезіндегі жауынгерлердің жерленген жері екенін айтып, белгілерін көрсетті. Сол жерден әр зират басындағы тас-тарды қарап жүріп Қайрат Қапайұлы қаракерей найманның таңбасы бар тас тапса, Фархат Маратұлы арғынның, Қадыр Хасенұлы ұлы жүз суанның таңбасы анық белгіленген тасты тауып алды. Табылған тастар фотоға, видеоға түсіріліп, тарихи деректер тіркелді.
Экспедицияның төртінші күнінде Қанат Еңсенов бастаған топ Толағай тауына бет алды. Алдымен Көкпекті ауылынан 18 шақырым жердегі Толағай ауылынан жолбасшы ретінде осы өңірді жатқа білетін Николай Николаевич Руденконы ілестіріп алдық. Табиғаттың ғажабы осы Толағай тауы маңындағы Төржайлауда екенін көпшілік біле бермейді. Шегелек өзенінен өте сала айналаға көз салудан танбады экспедиция қатысушылары. Мың түрлі гүлдер мен шөптердің жұпары аңқыған әсем табиғат. Мәдениет үйінің газелі бара алмайтын жолсыз жер болғандықтан бұл сапарға шағындалып, жол талғамайтын екі машинамен ғана шықтық. Төржайлауға келгенде мыңдаған жылдар бойы жан баласы ашпаған тылсым кітапқа жолыққандай болдық. Бірден көзімізге тастан үйілген қорым түсті. «Қалба соғысынан» қалған қорым екен деп жанына жинала қалып, фотоға түсірейік десек қырағы тарихшы Қанат Еңсенов бұның қола дәуірінен келе жатқан ескі зират екенін айтып, белгілерін көрсетіп берді.
Жолда жолыққан жылқышылардың қара қосынан екі жігіт шығып бізді тамаққа шақырған болатын, асығып тұрғанымызды айтып, дәмге қарамай жылжып кетіп едік, бір өзеннен өте бере қап-қара джипіміз үнсіз қалды. Соған қарағанда қара қостың ұсынған дәмінен аттап кетуге болмайды деп топшыладық. Жүріп тұрған жалғыз көлікпен экспедицияның негізгі ұйымдастырушыларын, жаңаша айтсақ, админдерді Толағай тауына жолға салдық. Кейін естігеніміздей, «админдердің» Жамбыл Жұманбай ата бастаған бір тобы Көкпектіден арнайы келген Қадыр Қажыгелді мен Сабит Құрманұлы бастаған спортшылар тобымен қосылып, 1000 метр биіктікте тұрған Толағай тауының басына жаяу өрлеп шығып, Қазақстанымыздың көк байрағы мен «Батыр бабалар жолымен» экспедициясының ақ туын тау басындағы арнайы тұғырға тікті. Бұл топта Көкпекті аудандық Ұлттық спорт орталығының садақ ату үйірмесінің тәлімгері Елдос Төкенов та бар. Ол «Жұлдыз» газеті мен «Киелі Көкпекті» журналының директоры Дархан Бердібектің арнайы ұйымдастыруымен Шегелек өзенінің жағасында экспедиция қонақтары мен ұйымдастырушыларына садақ атқызды. Батыр бабалардан қалған бес қарудың бірі болып табылатын садақ ату спорты қазір Көкпектіде жақсы дамып тұрғаны белгілі. Дәл осы сапарда бабаларымыз соғысып, қорғап қалған жерде садақты біз атпасақ кім атпақ?!
Экспедицияға қатысушылардың бір тобы Толағай тауына өрлеп ту тіксе, ғалым Қанат Еңсенов бастаған екінші тобы Толағай маңынан тас қорымдар іздеді. «Қалба соғысы» кезінен зираттар кезікпесе де, Толағай маңынан сақ дәуірінен қалған бірнеше қорым кездескен. Арасында үңірейіп тоналғандары да бар. Сөйтіп, қойнауына өлшеусіз қазына байлық жасырған Толағай тауы мен Төржайлаудың бір пұшпағын көріп қайттық, санамызға талай жайтты түйіп қайттық.
Осы төртінші күндегі сапар жайлы тарихшы-өлкетанушы, Ақсуат ауданының құрметті азаматы Жамбыл Бөлеуханұлы Жұманбай былай деп әсерімен бөлісті: ««Батыр бабалар жолымен» экспедициясы тарихи -танымдық көріністер мен кездесулерге толы болды. Әр ауданға барған сайын алған әсерім мен көңіл толқынысым ерекше болды. Бабалар тарихын тануға ерекше ықыласты адамдар тобына кезігіп марқайған көңіл әуенін жазып келтіру мүмкін емес. Оны қатысу, сезіну, сүйсіну керек. Экспедиция туралы толықтай өз пікірімді жазатын ойым да бар. Дегенмен жетпіс жеті жастағы маған ерекше серпіліс туғызған сәт "ТОЛАҒАЙ" тауына ту тіккеніміз болды. Ол күні экспедиция екіге бөлінді. Қанат Еңсенов бастаған топ таңғы төртте алыстағы "КҮРКІЛДЕККЕ" аттанды. Біздер Толағай тауына жол тарттық. Сағат 9-30 да экспедиция мүшелерімен ақылдасып жас жігіттер тобымен Қадыр, Елдос, Нұржан, Сәбиттерге Қазақ елінің көк туы және экспедиция туын алып, Толағайдың төбесіне тігуге бел байладық. Сәбит тастан тасқа киіктей орғып көзден ғайып болды. Қалған жас жігіттер маған әлсін-әлсін қарайлап, төбе биіктеген са-йын, алаңдаушылық білдірді. Бірі итеріп, бірі жетектеп сүйемелдеп, жеттік-ау!!!»
Әрине, Абылай хан орда тіккен тау Толағайды зерттеуге бір күн, тіпті бір жыл да жеткіліксіз екені түсінікті. Дегенмен, батыр бабалардың даңқты жеңісінің арқасында осындай ғажайып жеріміз бар екенін мақтан тұтып, марқайып қайттық.
Экспедицияның бесінші күнінде Үлгілімалшы бағытына бет түзедік. Үлгілімалшы ауылдық округіндегі Қандыбұлақтан Ойранға дейінгі жазық кейбір деректерде Қалыбай жазығы аталып жүргенін Қалихан Алтынбаев жазып кетті. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп айтқан бабаларымыздың жерге қойған аттарын ұмытпай есте сақтау қай ұрпаққа болсын аманат еді. Сол аманатты сақтау ақ патшаның емес, Қызыл кеңес кезінде өте қиын болды. Бұл жағдай бір ғана Қалыбай жазығына қатысты емес, орыс ұлты басым болған аумақтарда қазақи атау мүлде жойылды. Ал Қалыбай, Қалыбай жазығы деген ат ел есінде сақталып қалды.
Көкпекті ауданындағы үшінші күн Қалыбай жазығы орналасқан Үлгілімалшы ауылдық округіндегі Сарыбел, Қарасор, Тұздыкөл, Ақтөбе, Ойран, Табандықара, Кеңқолтықты аралаудан басталды.
Бұл жерде жолбасшы ауылдың ақсақалы Алтынғазыұлы Айтқазы аға мен мектеп директоры Нұрлан Ермек қосып берген үш жігіт Ахатаев Болат, Құрманғалиев Серікбол, Идритов Дәулеткелдінің басшысы Болат болды. Болат сұңғыла, зерек екен. Жер ахуалын білетін азаматтар қалың жауған жаңбырдан соң көліктерді қыратпен жүргізіп, қырқадан жол салды. Жауды асырған Сарыбел, қалмақты батырған Қарасор, қазақ сарбазы жарасын таңған Тұзды көл – Ақтөбенің басына дүрбі салғанда айқын көрінді. Бұл жерден жаудың шебін анықтау, қосындарға жаушы жіберіп, қарауыл тосу үшін таптырмайтын биік екен. Аумағы екі көштік жер көз алдымызда жатты. Экспедиция басшысының айтуынша Бөкен мен Шегелек өзенін құлдай қашқан жаудың әскері Қандыбұлақта аямай тұтылған. Алтай асқан жоңғар әскерінің бір бөлігі Қарақас өткелінен кетсе керек. Басқа қалың нөпірі Шорғаға жиналған. Қабанбай батыр қосының туын ұстаған мұрын Қазымбет батырдың аты осы шайқаста ерекше аталды.
Үлгілімалшы ауылында Елеусіз Асылханов атындағы мәдениет үйінде ауылдық округтің кітапханашылары, мұғалімдері, клуб меңгерушілерімен кездесу өтті. Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесі басшысы Сләмбек Мұқашев, Көкпекті аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі басшысы Әлібек Саржанов бүгінгі жорық шеруінің мән-жайын айтып берді. Қонақтарға аудан тарихы мен ауыл шежіресі баяндалды. Осы жортуылда XVIII ғасырдағы 80 күндік Шорға шайқасына дайындықтың, оған дейінгі Қалбатауындағы қақтығыстардың орны анықталып, жолдары белгіленді. Жергілікті адамдардың айтуындағы, жазуындағы, аңыз-әңгімелеріндегі, Сатыпалды, Бөкен, Жансары батырлардың, Ойран, Қандыбұлақ, Майтөбе тәрізді жер атауларының шежірелері түзілді.
«Қалыбай жазығы» аталған бұл сапар осындай тың деректерімен құнды болды. Барлық суреттер мен аңыздар, шежірелер жиынтығы экспедиция басшысының қорына жиналатын болады.
Экспедицияның соңғы күнінде Ақсуат ауданына жол тарттық. Дарабоз Қабанбай батырдың алып ескерткіші тұрған Боғас жерінен күтіп алған ақсуаттықтар ерекше сән-салтанат көрсетті. Қолына баян, домбыра ұстаған әншілер «Кел Ақсуатқа» деп ән шырқаса, әжелер шашуын шашты, ақ орамал таққан жеңгейлер қазағымыздың ұлттық тағамы бауырсақ ұсынып күтіп алды. Ақсуаттан күтіп алушылар тобын бастап шыққан Ақсуат ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ескендіров Ерсін жол бастап, Уаң пантеонына барып құран бағыштадық. Ол жерде Ханқожа төре бастаған он төрт төре тұқымы жерленген. Одан кейін Дора батырдың атымен аталған сауықтыру демалыс кешеніне бардық. Сәтбаев ауылының тұсындағы Қоскөл деген жерде Сәтбаев ауылдық округінің әкімі бастаған топ қарсы алып, ішке ел қондырып алғаннан кейін, Шүрек батырдың зиратын іздеуге шықтық. Шүрек батыр «Қалба соғысына» қатысқан өзі жаужүрек, өзі мерген қатарынан озық батырлардың бірі. Бізбен бірге жүрген Шүрек батырдың қос ұрпағы Саят Садуанов ағасы екеуі батыр ескерткішін көруге құштар болып жол бастады. Жолға шыққан көліктердің барлығы бірдей жете алмай шағын тобы ғана суырылып шығып, Шүрек батырдың ескерткішіне барып, құран бағыштап қайтты.
Барлық тобымызбен Ырғызбай әулиенің басына түнеп, сол жерде қорытындылап, экспедиция нәтижесін шығардық.
Қайрат Мәлікаждар
Фархат Маратұлы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.