Аптаның алғашқы жұмыс күнінде аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев аудан орталығы Көкпекті ауылында арналасқан бірқатар мекемелер мен әлеуметтік нысандарды аралап, бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Аудан әкімі орынбасарларына, ауылдық округ әкімі Қайрат Алғазыұлына, жауапты бөлімдер мен қызмет басшыларына аудан орталығын көркейту және абаттандыру бойынша бірқатар шұғыл тапсырмалар жүктеді.
- Аудан орталығын абаттандыру бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Бүгіннен бастап абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жандандыруды қолға аламыз, - деп кесіп айтты Ділдәбек Тәжібайұлы.
Коммуналды шаруашылық базасында техника паркімен танысып, жай-күйін көрді. Қолдануға жарамсыз, істен шыққан ескі техникаларды теңгерімнен шығарып, іске жарамдысын жөндеуден өткізу туралы тапсырма берілді. Коммуналды шаруашылық жұмысының негізгі бағыты халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету қызметі. Ауданда жаңадан салынған су құбыры желілерін күтіп ұстау, әрбір тұрғын үйге таза су кіргізу сынды ауқымды міндет жүктелді.
- Мемлекет қаражатына салынған су құбыры желілерін халық игілігіне жұмыс істету біздің міндетіміз. Сондықтан да осы күннен бастап Көкпекті ауданының су құбыры желісі құрылысы жүргізілген елді мекендердің әрбір тұрғын үйіне таза ауыз су кіргізу бағытында жұмыс жасаймыз. Тұрғын үйлердің шекарасына дейін мемлекет құбырды жеткізіп берді, ары қарай әр азамат жеке меншік үйіне суды тартуы керек. Ауыз суды үйге кіргізу 100 пайыз жүзеге асқанда ғана жұмыс нәтижелі болады, - деді аудан басшысы.
Бүгінгі күні аудан орталығында ауыз су құбыры желісі барлық көше бойына тартылды. Ендігі үй ішіне дейін құбырды жеткізу жұмысын аяқтау қалды. Жоба бойынша су желісі қызыл сызыққа дейін қаралған, ал жеке меншіктегі жер учаскесі тұтынушының шығыны болып есептеледі.
Саяхимов көшесінің бойындағы «Ана мен бала» саябағы мүлдем қараусыз қалған. Саябақ аумағын қалың арамшөп басып, өткен жылдары егілген шырша көшеттері қурап тұр. Ауыл әкіміне шұғыл сенбілік ұйымдастырып, жауапты мекемелер бекіту тапсырылды. Бас-тысы саябақ аумағын көгалдандыру үшін су тарту мәселесі қаралуы қажет. Халықаралық жол бойында орналасқан «Ана мен бала» саябағы аумағы жағынан шағын болғанымен оның бүгінгі жағдайы сын көтермейді.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Азат Рахимбаевқа аудан орталығына кіре беріс белгі мен арканың эскиздік жобасын жасауға конкурс жариялау жүктелді. Аудан басшысы ауылдың кіре берісін абаттандыру бағытындағы ойларымен де бөлісті.
- Жол шетіне қойылатын «Көкпекті» белгісі мен кіреберіс қақпаны заманауи үлгіде жаңадан жасаймыз. Кіреберіс белгі тұрған жерге жолаушылар аялдайтын шағын саябақ салуға жоба әзірлеу керек. Ол саябақта аудан тарихынан қысқаша мәлімет беретін композиция орнатылады. Тана мырза Тілемісұлы бастаған тарихи тұлғалар бейнесін асқақтатып, Толағай тауы туралы аңыздан сыр шертетін туған өлке шежіресін тарқатып, Көкпекті ауданының жинақтық символын жасау маңызды. Бұл жобаны жасауға жергілікті дизайнер мамандар, ниет білдірген әрбір тұрғын қатыссын. Тіпті оқушылар мен жас талапкерлердің де жұмысын қарастырайық. Конкурстық негізде үздік шыққан жобаны іріктеп, білікті мамандармен оны дамытып, сметалық-жобалау құжаттарын дайындаймыз. Бұл шұғыл кірісетін шаруа, - деді Ділдәбек Тәжібайұлы.
«Заречка» аумағындағы саябаққа атбасын тіреген аудан басшысы бұл жердегі абаттандыру жұмыстарын қатаң сынға алды. Осыдан 2 жыл бұрын ғана пайдалануға берілген саябақ бүгінде әбден тозып тұр. Ішінде көгалдандыру жұмысы атқарылмаған. Бұрын егілген тал-ағаштар суғарылмайды. Балалар ойын алаңындағы құрылғылар сынып тұр, субұрқақ мүлдем істен шыққан. Жарық шамдары түнгі уақытта жұмыс істемейді. Осы жағдайды көзімен көрген аудан басшысы саябақты қалпына келтіріп, абаттандыру жұмыстарын қолға алу үшін шұғыл шаралар қабылдау керектігін айтты. Нысанды күтіп ұстауға, егілген ағаштар мен гүлдерді суғаруға арнайы адам бекітіледі.
- Көкпектіні көріктендіру үшін жасыл желек көп отырғызамыз. Тамыз айының соңында шырша мен қарағай көшетін егу басталады. Осы бастан орындарды дайындай беріңіздер. Оларды тұрақты суғарып тұруға жағдай жасалады, - деді аудан басшысы.
Ауылдық округ әкіміне қара түсті саябақ қоршауын жасыл түске қайта бояу туралы тапсырма берілді. Аудан әкімінің орынбасары Жаслан Майкенов пен тұрғын үй, коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне саябақты жөндеу үшін қажетті қаражат есебін шығарып, ұсыныс енгізу жүктелді.
«Элеватор» аумағында салынған әлеуметтік тұрғын үйлер былтырғы жылы қолданысқа берілген болатын. Алайда қазіргі уақытта бірқатар үйлер бос тұр. Тұрғын үй кезегімен баспана кілтін алған кейбір адамдар әр түрлі себептермен жаңа үйлерге әлі көшіп келмеген.
Көптен күткен баспанаға қол жеткізіп, жаңа үйде қыстап шыққан көпбалалы аналардың үйінде болған аудан басшысы ашық әңгіме-дүкен құрды. Үй иесінің айтуы бойынша, бастысы үйлер жылы, қыста артық отын шығыны болмаған екен. Ділдәбек Тәжібайұлы көпбалалы аналардың әлеуметтік баспананы болашақта жекешелендіру мүмкіндігін қарастыру туралы өтінішіне жауап берді. Бұл сұрақ заңнама тұрғысында қаралуы керек. Парламент депутаттарына сауал жолдау туралы ұсыныс айтылды. Аудан әкімі жуық арада тұрғын үй комиссиясының отырысын өткізіп, бос тұрған үйлерді Заң аясында кезегі келген тұрғындарға беруді тапсырды. Сондай-ақ, әлеуметтік баспана кілтіне ие болып, бірақ үйге әлі қоныстанбаған адамдармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігі айтылды. Иесіз бос тұрған үйлердің күн өткен сайын жағдайы нашарлайтыны айдан анық.
Қабанбай батыр көшесінің асфальт жолын соңына дейін салу мәселесі де күн тәртібінде. Сондай-ақ құрметті жолшы Құдайберген Нұрғалиев атындағы саябақты көгалдандыру жұмыстарын жандандыру қажет. Туған ауылына көрікті саябақ тарту еткен Құдайберген Нұрғалиевтың қызы Гүлназ бүгінде әке жолын жалғап, «Көкпекті жолдары» ЖШС жемісті басшылық етуде. Гүлназ Құдайбергенқызы әкесінің атына берілген көшеге асфальт төсеп, жол жиегіне тротуар салып берді. Ж.Шайжүнісов мектебінің жанындағы ескі саябақты толық жөндеуден өткізіп, аудан орталығының көрікті бір нысанына айналдырды. Болашақта саябақ аумағына балалар ойын алаңын орнатып, басқа да абаттандыру шараларын қолға алмақ.
Нәзік жанды жолшының елжандылығына тәнті болған аудан басшысы ат басын Гүлназ Құдайбергенқызы басшылық ететін асфальт зауытына бұрды. Ауыл шетіндегі кәсіпорында жұмыс толассыз жүріп жатыр. Ауыр техникалар ауыр тастарды жеткізіп, темір табан техника қиыршық тас турайды. 2000 жылдардың басында құрылған кәсіпорын бүгінде 40 шақты адамды жұмыспен қамтиды. Жолдар салу және жөндеу, жолдарды қысқы уақытта қардан тазалау, жазда күтіп ұстау сынды қызметтерімен танымал.
Қуатты кәсіпорын базасында болып, жұмыс барысымен танысқан аудан басшысы Гүлназ Құдайбергенқызының еңбегіне табыс тілеп, туған елі мен жерінің патриоты қандай да болсын құрмет-қошеметке лайық деп жоғары бағасын берді.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.