26 сәуір күні аудан әкімі Раджан Сейтқанов жұмыс сапарымен Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округіне барды. Аудан басшысы биылғы жылы құрылысы аяқталатын су құбырлары желілерін тарту жобасының жүзеге асырылу барысымен танысты. Сондай-ақ, Раджан Қайрқанұлы көктемгі су тасқынында қарғын су кірген Достық көшесін аралап, «Өрнек» ЖШС базасында болды.
Кеңес Одағының Батыры Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округі ауданда Көкпекті мен Самардан кейінгі халық ең көп қоныстанған ең ірі округтердің бірі. Бүгінгі күні округ аумағында 1267 адам тұрады. Бірінші кезекте Батыр ата атындағы ауылдық округ көпшілікке сүт бағытындағы мал шаруашылығымен айналысатын «Өрнек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен танымал.
Округ орталығы Преображенка ауылында су құбыры желілерінің құрылысы жобасы жүзеге асырылуда. Аудан әкімі жұмыс сапарын аталмыш жобаға жауапты мердігер ұйым «КиікбайСтройСервис» ЖШС басшысы Қайрат Жұмсабаевпен кездесуден бастады.
- Преображенка ауылына су құбыры желілерін салу жобасын жүзеге асырушы «КиікбайСтройСервис» ЖШС мердігер ұйымымен 594,680 миллион теңге көлемінде келісім-шарт жасалған. Су құбыры желісінің жалпы ұзындығы 22 шақырым. Бүгінгі күні жұмыстың 90 пайызы аяқталды. Нысанда 10 техника бірлігі және 23 адам күші жұмылдырылған. Жобаны толық аяқтау 2022 жылдың шілде айына жоспарлануда, - деп ақпарат берді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Дамир Ордаханов.
Раджан Қайрқанұлы құрылыс бөлімінің басшысына аталмыш жобаның жүзеге асырылуын бақылауда ұстап, белгіленген мерзімде жұмысты толық аяқтауды міндеттеді.
Келесі кезекте аудан басшысы 7 сәуір күні қарғын су кірген «Достық» көшесіне ат басын бұрды. Раджан Қайрқанұлы су шайған көше бойында аудандық қызмет басшылары, аудан әкімінің орынбасарлары, «КиікбайСтройСервис» ЖШС басшысы Қайрат Жұмсабаев және «Өрнек» ЖШС директоры Ержан Қойгелдинмен ары қарай іс-әрекет ету жоспарын кеңесті. Көшенің байырғы тұрғындары да көпшілік жиылған жерге келіп, ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Ауыл сыртындағы су каналының арығын тереңдету үшін «КиікбайСтройСервис» ЖШС арнайы техника бөліп, арық бойын қазып беретін болды. Коммуналды шаруашылық грейдері көшені тегістеп, құм-қиыршықтас төсейді. «Өрнек» ЖШС басшысы Ержан Қойгелдин канал бойындағы 2 жаяу жүргінші көпірін қалпына келдіріп, орнына қоюға көмек беретін болды. Сондай-ақ, ауылдағы ең ірі шаруашылық техникасы су жүрген көшелерді қалпына келдіру жұмыстарына да атсалыспақ. Достық көшесі бойындағы су шайған канал қабырғасы аудандық әкімдік күшімен жөнделеді. Барлық жұмыстарға басшылық ету аудан әкімінің орынбасары Жаслан Майкеневке жүктелді.
Аудандағы іргелі шаруа қожалықтарының бірі «Өрнек» ЖШС базасында көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық жүріп жатыр. Техникалар толық жөндеуден өтіп, дала төсінтегі қызу еңбекке сақадай сай. Машина-техника паркінде барлығы 18 механизатор еңбек етуде. Заманауи озық әрі қуатты техникалар уақытты үнемдеп, өндірістік шығынды азайтуға үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Шаруашылық басшысы Ержан Тұрсынханұлы аудан әкіміне сүт фермасын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды кезегімен таныстырды. Былтырғы жылы сүтті мал шаруашылығын кеңейту аясында бойдақ ірі қараны ұстауға арналған заманауи 2 мал қора салынған. Жаңадан салынған 2 мал қораның құны 80 миллион теңге. Сондай-ақ Германия елінен 192 бас асыл тұқымды сементал сиырлар сатып алынды. Асыл тұқымды әрбір сементал сиырының басына 1 миллион 100 мың теңге қаражат төленген.
Қазіргі уақытта күніне 450 бас суын сиырдан 5 тоннадан астам сүт алып отырған әлеуетті шаруашылық басшысының болашаққа жоспарлары да ауқымды. Заманауи озық құрылғылар қолданылатын сүт фермасына білікті қызметкерлер қашан да қажет. Осы бағытта «Өрнек» ЖШС басшылығы жүйелі жұмыс жүргізуде. Семей қаласындағы Шәкәрім университетімен екіжақты келісім аясында студенттер сүт фермасында іс-тәжірибеден өтуде. Іс-тәжірибеде өзін жақсы көрсетіп, ынтасымен ерекшеленген жас мамандардың тұрақты жұмысқа қабылдану мүмкіндігі де жоғары.
Батыр ата ауылындағы берекелі істердің куәсі болдық. Елжанды азамат Ержан Тұрсынханұлы басшылық ететін сүтті мал шаруашылығы бағытындағы «Өрнек» ЖШС тыныс-тіршілігімен біздің оқырмандар «Киелі Көкпекті» журналының кезекті санынан тереңірек таныса алады.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.