Президент жарлығына сәйкес ендігі уақытта халық алдындағы есептік кездесулер жаңа форматта өткізіледі. Облыс және қала әкімдері жылына екі мәрте, ал аудан және ауыл әкімдері тоқсан сайын жұртшылықпен жүздесулері тиіс. Тағы бір ерекшелігі биылғы жылдан бастап аудан әкімі тек ауылдық округ орталықтарында ғана емес, ауданға қарасты барлық елді мекенде халықпен кездесу өткізіп, тұрғындардың мұң-мұқтажы мен арыз-өтінішін өз құлағымен естиді. Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейтқановтың тұрғындар алдындағы есептік кездесулері 24 наурыз күні Шұғылбай, Мелитополь, Теректі, Преображенка, Черноярка және Үкіліқыз ауылдарынан басталды. Есептік кездесулер 25 наурыз күні Қарағандыкөл, Сүлеймен, Үлгілімалшы, Нұра, Мамай, Көкжайық, Ақой және Қарамойыл ауылдарында жалғасты.
Мелитополь
Көше бойында өткен есептік кездесуге 10 шақты тұрғын жиналды. Аудан әкімі Раджан Сейтқанов ауыл тұрғындарына атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Мелитополь ауылына қатысты проблемалық сұрақтар туралы айта келе, олардың шешу жолдары мен нақты мерзімі де аталды.
Сұрақ-жауап кезегінде ауылға апарар жолды жөндеу, өзенге көпір салу, шабындық жер телімін алу сынды мәселелер көтерілді. Халық сұрауы бойынша ауылдағы медпунктке штат бөлініп, 1 сәуірден бастап Шұғылбай ауылының медициналық қызметкеріне жүктелетін болды. Раджан Қайрқанұлы көпір салу және жолды жөндеуге қазіргі уақытта қаражат қаралмағанын ашып айтты. Шабындық жер телімін алу туралы ауыл тұрғынының өтініші жер комиссиясында қаралады. Су тасқынының алдын алу жұмыстары аудан басшысының қатаң бақылауында болады.
Шұғылбай
Шұғылбай ауылдық округінің әкімі Ержан Күзембаев есептік кездесуде тұрғындар тарапынан түскен сұрақтардың орындалу барысын айтты.
-Таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су құбырлары желісін салу қажет. Қазіргі уақытта 480 миллион теңге болатын жоба құрылып, жобалау-сметалық құжаттар жасалды. Бюджетке өтінім берілді. Ауылдық клуб ғимараты бойынша облыстық білім басқармасынан мектептің бос тұрған бөлігін беру туралы шешім шығарылды. Құжаттары рәсімделуде. Мектеп ғимаратының бір бөлігіне клуб және кітапхана орналасатын болады. Мал сою алаңын сәуір айында іске қосамыз, - деді ауылдық округ әкімі.
Тұрғындар аудан әкімінен ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрады. «30 жылдан бері айтып келеміз. Әлі күнге шешімін тапқан жоқ», деп шағымданды шұғылбайлықтар. Аудан әкімі бұл мәселе республикалық бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда ғана шешілетінін айтты. Сондай-ақ, тұрғындар келіскен жағдайда блокты модульдік станция қойып беруге дайын екенін жеткізді.
Теректі
Теректі ауылындағы есептік кездесуде жер мәселесі, Тәлменке өзенінде судың тартылуы, азық-түлік бағасын ауыздықтау, тегін дәрі-дәрмек алу сынды өзекті мәселелер көтерілді.
- Мемлекет тарапынан бөлінетін тегін дәрі-дәрмекті уақытында ала алмай отырмыз. Ақшаға сатып алайық десек дәріханаларда жоқ, - дейді ауыл тұрғыны Мәнсия Күзембаева. Бұл сұраққа жауап берген Көкпекті аудандық ауруханасының бас дәрігері дәрі-дәрмек қорының жетіспеушілігі мемлекеттік сатып алу порталындағы конкурстық процестің барысына байланысты деп түсіндірді.
Мал дәрігерінің жұмысына қатысты айтылған сынның орнын толтыру аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдинге жүктелді.
Преображенка
Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округ орталығы Преображенка ауылындағы есептік кездесуде көтерілген негізгі сұрақтар дәрігер мамандардың жетіспеушілігі, қарғын су шайып жатқан зираттың мәселесі болды.
-Әрбір ауылда түрлі сала мамандарының жетіспеушілігі анық байқалады. Шындыққа тура қарайтын болсақ, бүгінгі күні қаладан немесе басқа жақтан шалғай ауылдарға келіп, тұрақты жұмыс жасайтын жас мамандарды табу өте қиын. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау шаралары қарастырылған. Дегенмен, жас мандарды ауылға тарту үлкен мәселе. Осы орайда, бұл сұрақты шешудің ең тиімді жолы қажетті мамандықтарға жергілікті жастарды, өз балаларымызды оқыту, - деп ұсынды Раджан Қайрқанұлы.
Жол бойындағы зираттың мәселесін шешуге жергілікті меценат Ержан Қойгелдин мен аудандық мәслихат депутаты Владимир Виничук демеушілік көмек көрсетуге ниет білдіріп отыр.
Черноярка
Аудан әкімімен кездесуге келген 5-6 ауыл тұрғыны бірталай мәселені ортаға салды. Олардың қатарында «Ұлы Жеңіс жауынгерлері» тақтасын жаңарту, клуб ғимаратын жөндеу сынды сұрақтар айтылды.
Жеңіс күніне дейін естелік тақтаны қалпына келтіріп, қоршауын жөндеу ауылдық округ әкімдігіне жүктелді. Құрылыс бөлімі мен мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне клуб ғимаратын жөндеуге сметалық-жобалау құжаттарын дайындау тапсырылды.
Үкіліқыз
Мектеп ғимаратында өткен есептік кездесуге келген ауыл тұрғындарының саны көп болды. Шағын ауылдың тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиылды десе де болады. Аудан әкімінің есебімен танысып шыққан соң әрбір тұрғын көкейінде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Ауыл халқын толғандырған негізгі мәселелер қатарында электр жарығының жиі өшуі, егістік алқаптарына дәрі шашу салдарынан омарта шаруашылығына зиян келтірілуі, жол белгілерінің жоқтығы, дәрігер маман жетіспеушілігі айтылды. Аудан басшысы барлық сұрақтарға жауап беріп, шешу жолдарын ауыл тұрғындарымен бірге талқылады.
Қарағандыкөл
Көкжайық ауылына қарасты Қарағандыкөл ауылының тұрғындары аудан әкімі Раджан Сейтқановтан ауылға апарар жолды жөндеу, көшелерге жарық шамдарын орнату, жылжымалы медициналық кешенді жіберуді сұрады. Жолға тас-құм төсеу бойынша ауданнан коммуналды шаруашылық техникасы жіберіліп, жергілікті тұрғындар да техникамен, жұмыс күшімен қолдап, бірлесе шешілетін болып келісілді. Көшеге жарық шамдарын орнату округ әкіміне жүктелді. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері жылжымалы медициналық кешенді міндетті түрде Қарағандыкөл ауылына келіп, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетеді деп сендірді.
Кездесуде көп талқыланған мәселе өзен суының Қарағандыкөлге жетпей қалуы. Үлкен шаруашылықтар өзен арнасын бұрып алғандықтан жайылым және шабындықта шөп дұрыс өспейді, - дейді ауыл халқы. Бұл мәселе бойынша Раджан Қайрқанұлы арнайы жұмыс тобын құрып, ауыл халқымен бірге мәселені шешуді ұсынды.
Сүлеймен
Үлгілімалшы ауылынан 3 шақырымда орналасқан Сүлеймен ауылының халқын жер мәселесі толғандырады. Сондай-ақ, азық-түлік бағасын бақылауда ұстау, жарық шамдарын қосу және мал жайылымын ұйымдастыру жайлы сұрақтары тілге тиек етілді.
Округ әкімі Берікбол Шәкірбекұлы тұрғындар сұрағына ауылда жарық шамдарын сәуір айында қосып береміз деп уәде етті. Мал жайылымы бойынша қоғамдастық шешімімен бойдақ малды жайлауға шығару қажеттілігі айтылды.
Үлгілімалшы
Кездесуде ауыл тұрғындары жер мәселесі бойынша сұрақтар көп екенін жеткізді. Халықтың айтуынша, ұзақ жылдар бос жатқан егістік жерлерді жайылым және шабындыққа ауыстыру мал шаруашылығын дамытуға үлкен серпін бермек. Раджан Қайрқанұлы тұрғындар ұсынысын құптады, бірақ бұл көп уақыт алатынын ашып айтты.
Сонымен бірге ауыл жастарын жұмыспен қамту, ветеринарлық талаптарды сақтау, ауылда наубайхана ашу бойынша сұрақтар қойылды. Аудан басшысы ауыл жастарына, жұмыссыз тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мүмкіндігін пайдаланып, өз кәсібін ашуға кеңес берді.
Ауыл ақсақалы Шахан ата жерлестерін мал ауруының алдын алу және ауылды абаттандыру мақсатында елді мекен шекарасында тазалық сақтауға шақырды.
Нұра
Нұра ауылына кіреберіс жолдағы автокөлік және жаяу жүргіншілер көпірінің апаттық жағдайы айтылып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Алайда ауыл халқы үшін өте өзекті мәселе әлі күнге күн тәртібінен түскен емес. Аудан әкімі Раджан Сейтқанов есептік кездесуде ағымдағы жылдан қалдырмай 2 көпірді де жөндеу жұмыстарын бастау қажеттілігін айтты. Ауданнан арнайы комиссия жіберіп, мүмкін болған жағдайда өз күшімізбен жөндеу жүргіземіз деді.
Сондай-ақ, Нұра ауылында көшедегі электр бағандарының қауіпті жағдайы, жайылым жер жетіспеушілігі және ұялы байланыстың жоқтығы айтылды. Бұл мәселелер бойынша жауапты қызмет басшыларына тапсырамалар берілді.
Мамай
Әкімнің есебінен кейін тұрғындарға сөз берілді. Жиынға келген Мамай ауылы тұрғындарының басым бөлігінің басты мәселесі - жер тапшылығы. «Ауылды жерде қолда бар азын-аулақ малды жайылымға шығару мұң. Ауыл айналасындағы бос жердің иесі бар. Не өзі кәдеге жаратпайды, не басқаға пайдалануға рұқсат жоқ. Жер мәселесі - өте өзекті», дейді халық. Аудан әкімі жер телімін бөлу іс жүзіндегі заңнама аясында жүргізілетінін жеткізді. Қазіргі уақытта арнайы комиссия ұзақ уақыт пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша жұмыс атқаруда.
Ауылдық клуб меңгерушісі Сағатхан Мұсаев мәдениет ошағының ғимаратын жөндеуді сұрады.
Бұл сұрақ бойынша сметалық-жобалау құжаттарын дайындау тапсырылды.
Көкжайық
Мәдениет үйінде өткен есептік кездесу барысында ауылдағы бірқатар түйінді мәселелер талқыланды. Ауыл жастарының ішімдікке салынуы мен заңсыз арақ сату жағдайына шағымданған ауыл тұрғындарының назына аудан әкімі Раджан Сейтқанов жауап берді. Ауылдағы тәртіпсіздік, ішімдікке салыну жағдайлары және заңсыз арақ саудасына қатысты шұғыл шара қабылдау ішкі істер органдарына міндеттелді.
Құрметті ақсақал Тоқан Жазнаев аудан әкіміне учаскелік полиция инспекторы мен медициналық пунктке лаборант маман керек деген жерлестер өтінішін жеткізді. Сондай-ақ ауылдағы бос жүрген малды бағу, жас мамандарға тұрғын үй салу сынды сұрақтар қойылды.
Ақой
Көкжайық округіне қарасты Ақой ауылының халқы интернетке қосып беруді сұрады. Сонымен бірге асфальт жол бойындағы апаттық жағдайда тұрған аялдаманы алып тастау, мал өтетін жерге жол белгілерін орнату мәселесі айтылды. Аудан әкімі аялдама алынып, жолға арнайы белгілер қою туралы нақты тапсырма берді. Бұл орындалатын жұмыс. Раджан Қайрқанұлы өткен жылы жөндеу жұмыстары жасалған жолдың 3 шақырымын мердігер ұйым қайта жөндейтінін де айтты.
Қарамойыл
Көршілес Қарамойыл ауылындағы есептік кездесуде де интернетке қосылу және ұялы телефон байланысын жақсарту туралы сұрақ қойылды. Ауыз су бойынша жауап берген округ әкімі Қайрат Ахметқалиев сәуір айында блокты-модульдік станцияны іске қосуға уәде берді.
Көшелерге жарық шамын қою, қаңғыбас иттердің көзін жою, клубқа жұмысшы беру туралы сұрақтар да ретімен шешімін табатын болды. Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бек Нұғыбаевқа ауылдық клубқа 0.5 шттық кестемен қызметкер алу жүктелді. Халықтың сұрауы бойынша қатты қалдықтар полигонын техникамен тазалап беріледі. Алайда аудан әкім Раджан Қайрқанұлы ауыл тұрғындарын келешекте қоқысты шашпай, тазалыққа мән беруі керектігіне баса назар аударуға шақырды.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.