Ауылдық округ әкімдерінің халық алдындағы есеп беру кездесулері 18 ақпан күні Үлгілімалшы, Көкжайық және Үлкенбөкен ауылдарында жалғасты. Бұл күні аталмыш ауылдық округ әкімдері халық алдында атқарылған жұмыстардың есебін беріп, жоспарланған жобалармен таныстырды. Есептік кездесулерге аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сарманов, аудан әкімінің орынбасарлары Дәурен Қойгелдин мен Жаслан Майкенев, аппарат басшысы Талант Бақытбекұлы, аудандық мәслихат депутаттары Жарбол Алпысбаев және Гүлнұр Сыдыкова қатысты.
Көзі қарақты оқырманға белгілі, округ әкімдерінің есебі аудандық газет бетінде жарық көрген болатын. Сол себепті жұма күні өткен есептік кездесудегі баяндамаға толық тоқталуды жөн көрмедік. Оның орнына кездесуде көтерілген түйткілді мәселелерді ғана газет бетіне жазуды жөн санадық.
Елеусіз Асылханов атындағы мәдениет үйіне жиналған жұртшылық алдымен округ әкімі Берікбол Мұқышевтың слайдта көрсетілген ақпаратымен танысып, жыл бойы атқарылған жұмысынан хабардар болды.
Жиын ары қарай жұртшылықтың ұсыныс-пікірін тыңдаумен жалғасты. Баяндама аяқталған соң кездесуге келген әрбір тұрғын өзін толғандырған мәселесін көтеруге, пікірі мен ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік алды. Жалпы округ әкімінің есептік жиынына қатысқан тұрғындардың көтеріңкі көңіл-күйіне қарап, ауылдың ахуалы жақсы екенін аңғардық.
Үлгілімалшы ауылында бір ғана сұрақ қозғалды. «Елтай» ШҚ басшысы Еркінбек Байтұнов жер телімін алу туралы өтінішін конкурсқа қатыстырмай, өзара бөліп беруді ұсынды. Бұл сауалға аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин жауап берді. Сот шешімі шыққан соң арнайы жиын өткізіп, өздеріңізбен кеңесе отырып, заңға сәйкес шешім қабылданады, - деді.
Ел тілегі ескеріледі
Көкжайық ауылдық округінің тұрғындары да округ әкімінің жүйелі жұмыстарын, алдағы жоспарларын тыңдауда қалыс қалмады. Мұнда да жиналған қауым атқарылған жұмысты тыңдауға әрі көкейкесті сауалдарын қоюға уақытында жиналыпты. Биылғы жылғы есептік кездесу жаңа форматта сұрақ- жауап түрінде өрбіді. Көкжайық ауылдық округінің әкімі Қайрат Ахметқалиев өткен 2021 жылы атқарылған жұмыстарды сала-салаға бөліп, жүзеге асырылған шараларды толықтайтай атап өтті.
Жылдық жұмысты саралаған мазмұнды баяндаманы мұқият тыңдаған тұрғындар ауылдық округ әкімінің жұмыс нәтижесіне оң бағаларын берді. Сұрақ-жауап бөлімінде әрбір тұрғын көкейінде жүрген мәселесін ортаға салуға мүмкіндік алды.
Алғаш болып ауыл тұрғыны, көпбалалы ана Эльмира Жартыбаева сөз алып, өз өтінішін айтты. Көпбалалы ананың сұрағы Көкжайық ауылында орналасқан әлеуметтік үйді жекешелендіруге көмек көрсету төңірегінде болды. Бұл сұраққа аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, АХАТ бөлімінің басшысы Нұрбек Сүлейменов жауап берді.
-Бұл арендалық үйлер ауылдарға халықты шоғырландыру мақсатында салынған. "Жол картасы" бағдарламасы 2016 жылы күшін жойғандықтан, 4 үйдің құжаттары аудандық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне берілді. Ал қалған 6 үйдікі әзірленуде. Содан кейін ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі арқылы үйді жекешелендіруге болады. Осы ретте айта кететін жағдай үйде тұрып жатқан пәтер иелерінің берешектерінің төленбеуі -деді бөлім басшысы.
Аудан әкімінің орынбасары Жаслан Майкенев - Пәтер иелерінің қарыздары бойынша тізімін жасап, төлемеген адамдарды сотқа беру керек. Қарызы толық өтелген соң, үй жекешелендіруге жатса, ТҮКШ балансына беру мәселесін қарастыру керек, – деп жауапты тұлғаларға тапсырма жүктеді.
Ал ауыл ақсақалы Тоқан Жазнаев ауыл әкімінің жұмысына алғыс білдіріп, учаскелік полиция инспекторы, дәрігерлік амбулаторияға талдау анализін жасайтын лаборант маманының қажеттігін айтты.
Жиын барысында елді мекен тұрғындарының жер мәселесі бойынша сұрағының өзекті екені байқалды. Бұл есептік кездесуде ауыл азаматтары дауға айналған пайдағы жерді қайтару мәселесін көтерді.
Бұл сауал жөнінде жергілікті халық тиісті мамандарға жүгінгенде де тұшымды жауап ала алмапты. Сол себепті үлестеріндегі тиісті жер телімін қайтарып алу бойынша сұрақты ортаға тастады.
Әрине, аудан әкімінің орынбасары Жаслан Талғатұлы ол мәселені де жауапсыз қалдырмады.
Жеке меншік мүлкіне қол сұғу заңсыз екендігін айта келе, заң шеңберінде шешілетінін жеткізді.
Өзін ауыл тұрғынымын деп таныстырған ақсақал Әусен Дубаев әкімшіліктен ет өткізетін орын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады.
Сонымен қатар ірі қара малдың бруцеллез ауруына шалдығуы, Семей, Өскемен қалаларына қатынайтын 90 шақырым жолдың ой-шұңқырын жөндеу мәселесі қозғалды.
Аудан әкім орынбасары Жаслан Майкенев «Аталған жол республиканың иелігіне кіретін болғандықтан біз әзірге оған ешқандай әрекет жасай алмаймыз. Дегенмен осы жолға жауапты облыстағы әріптестерге хат жолдап, назар аурдаруға ықпал жасайтын боламыз», деп жауап берді.
Жер округте көп, тұрғындарда жоқ
Үлкенбөкен ауылдық округінде де ауыл әкімі Қайрат Жылқышевтың есебі тыңдалды. Ауылдық округ тұрғындарымен болған есептік кездесу ауылдық клуб ішінде өткізілді. Күн тәртібі бойынша өткен жылда атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалып, ағымдағы жылға міндеттер қойылды.
Ауыл әкімінің есебінен кейін ауыл тұрғындары сөз алып, өз өтініштерін білдірді. Жиын ары қарай тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдаумен жалғасты.
Үлкенбөкен халқы әуелі жер мәселесін қозғады. Есептік кездесуде ауыл тұрғыны Бағила Жексембинова «Егістік жерлерге өтініш беруге бола ма? Мал жайылымы жоқ» деген сауал қойды.
Бұл сұрақ бойынша округ әкімі Қайрат Жұмағалиұлы - Округ әкімшілігінде 4 000 га тиісті жер бар, жеке меншікке берілмейді, пайдалануға беріледі. Көшірілетін жануарларға мал жайылымына қолдануға болады – деп, түсіндіріп өтті.
Ауыл тұрғындарын қинайтын өзекті де өткір мәселе болып тұрған жаз мезгіліндегі мал жайылымының тапшылығы туралы сауалды ауыл тұрғыны Әсел Нургалиева және басқалар қойды. Бұл мәселенің шешімін табу жолдары аудандық әкімшілікпен және жер қатынастары бөлімімен қарастырылып жатқаны әкім тарапынан ескертілді.
Ауыл тұрғыны Рая Увалиева айтқан келесі сұрақ қаңғыбас иттерді атудың төңірегінде өрбіді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Үлкенбөкен ауылында қаңғыбас иттер көбейіп кеткен. Ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Р.Халиуллиннің айтуынша өткен 2021 жылы 18 әкімшілік айыппұл салынып, 30 ескерту жасалған. Жыл басынан бері 32 ит атылған.
Әсия Сүйкімбаева ауылдағы Достық көшесі жолының көктем мезгілі шығысымен саз балшықтан көрінбейтінін, мектепке дейін өту мүмкін еместігін айтып шағымданды. Округ әкімінің жауабы бойынша өткен жылы ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді, биылғы жылы да жолдарды ағымдағы жөндеу жұмыстары жалғасады.
Есептік кездесу алдында Үлкенбөкен ауылдық округі әкімі аппаратында тұрғындардың пікірлері, ұсыныстар және ескертулерін жинау үшін жәшік орнатылған болатын. Оған 3 сұрақ түсіп, барлығы бойынша тиісті жауаптар берілді.
Осылайша жыл он екі ай бойы жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктер ауылдарда талқыланып, сараланды. Сәйкесінше жос-пар құрылып, мақсат айқындалды, міндет те аз емес.
Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.