20 қараша күні Самар ауылдық мәдениет үйінде көп жылдық дәстүр бойынша Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Айтулы шараға ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері, еңбек озаттары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы озық кәсіпорындардың басшылары мен алдыңғы қатарлы мамандар жиналды. Жиынға аудан әкімі Раджан Сейтқанов арнайы қатысып, ауыл шаруашылығы қызметкерлерін мерекесімен құттықтады. Ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.
Құттықтау сөзінде аудан басшысы Раджан Сейтқанов ауыл шаруашылығына қатысты әр салаға тоқталды.
- Құрметті ауыл шаруашылығы саласының өкілдері! Қадірлі еңбек ардагерлері! Сіздерді Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке жерде еңбек ететін, мал шаруашылығымен айналысатын, азық-түлік өнеркәсібінде жұмыс жасайтын, еліміздің және өңіріміздің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге талмай үлес қосып жүрген жандардың еңбегінің жемісі деп білемін. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде ауданымызда ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дәрежеде дамыды. Осы мерейлі мереке күні сіздерге дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Қамбаларыңызға астық толып, шаңырақтарыңыз шаттыққа бөлене берсін. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, қуатты ел құру жолында бірлесіп атқаратын іс-қимылда қажымас қайрат, толайым табыстар тілеймін, - деді Раджан Қайрқанұлы.
Аудан басшысы мемлекеттің фермерлерге барынша көмектесіп жатқанын атап өтті. Ол сондай-ақ, егіншілік пен мал шаруашылығында сандық технологияларды енгізудің маңыздылығын айтты. Тәуелсіздік жылдары Көкпекті ауданы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 21 есеге өсіп, 34 миллиард 312 миллион теңгеге жеткен. Өсімдік шаруашылығының жалпы өнім көлемі 12 миллиард 987 миллион теңгеге дейін ұлғайды. Ал егістік алқаптарының көлемі 167 мың гектарға жетті. Мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 28 есеге өсіп, 21 189,4 миллион теңгеге жетті. Мал басы 3 есеге артып, бүгінгі күні 205104 мың басты құрайды. Сонымен бірге, тек өткен 5 жылдың ішінде аудан аграршылары жаңадан 385 бірлік заманауи техника сатып алды. Атап айтқанда 156 бірлік техника аграршылардың меншікті қаражатына сатып алынған.
Мерекелік шарада ауыл шаруашылығы саласының мамандары салтанатты түрде Ауыл шаруашылығы Министрінің арнайы «Құрмет» грамотасымен, ауыл шаруашылық саласын дамытуға қосқан үлесі үшін аудан әкімінің «Алғыс хатымен» және «Мадақтама қағазымен» марапатталды.
Ел экономикасын еселеуге тер төгіп жүрген «Табиғат» шаруа қожалығының басшысы Баймолдин Қайрат Қапезұлына Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылық Министрінің «Құрмет грамотасы» табысталды. Аудандағы іргелі шаруашылықтың бірін басқарып отырған Қайрат Қапезұлы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Үлкенбөкен ауылының халқы да жомарт жүректі азаматқа дән риза. Бүгін міне ұзақ жылғы қажырлы еңбек пен ел тұрмысын түзеу жолында төккен тердің өтеуі жоғары марапатқа ұласып отыр. Бұл күні ауданның ауыл шаруашылығы саласына қосқан үлесі үшін аудан әкімінің алғыс хатымен және мадақтау қағазымен барлығы 124 жерлесіміз марапатталды. Олардың қатарында ірі шаруа қожалығының басшылары, сала мамандары, қарапайым еңбек адамдары бар.
Сондай-ақ саналы ғұмырын ауданның дамуына, ауыл шаруашылығы сала-сының жетілуіне арнаған еңбек ардагерлері де құрметке бөленді. Аудан әкімі Раджан Сейтқанов сахна төріне Баянды Қожамбетов, Серік Үйсенов және Құмар Орсаев сынды еңбек ардагерлерін шығарып, ұлттық дәстүрмен иықтарына оқалы шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Мерекемен құттықтай келген Қалихан Алтынбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің және Самар мәдениет үйінің өнерпаздары өз өнерлерімен жиылған көпшілікті тамсантты. Ауыл еңбеккерлерін ұлықтау шарасы ақ дастархан басындағы жүрекжарды тілектерге ұласты.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.