Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциямен күрестің маңызды кезеңі - халықты вакцинациялау. Қауіпті індетпен күресте ұжымдық иммунитет қалыптастыру аса маңызды. Бұл туралы 13 сәуір күні өткен аудандық әкімдіктегі аппараттық кеңесте айтылды. Ұжымдық иммунитет – бұл халықтың көпшілігі белгілі бір вирустан қорғалуы тиіс шекті вакцинациялау деңгейіне жету.
Ғалымдардың айтуы бойынша, коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін еліміздегі ересек адамдардың 60%-ын вакцинациялаумен қамту керек. Бұл қоғамдағы вирус айналымының жалпы үлесін азайтады және вакцина ала алмайтын әлсіз топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып өткізілген аппараттық кеңеске аудан әкімі Раджан Сейтқанов төрағалық етті. Сондай-ақ жиынға мәслихат хатшысы Талғат Сарманов, дербес бөлім басшылары мен қызмет өкілдері қатысты. Ауылдық округ әкімдері ZOOM бағдарламалық жүйесі арқылы байланысқа шықты. Күн тәртібінде аудан халқын вакцинациялау, көктемгі дала жұмыстары кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелер талқыланды.
Күн тәртібінде бірінші қаралған дала және елді мекендер аумағында өрт қауіпті кезеңіне дайындық жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов баяндама жасады. Марат Қапарұлы аудандағы 6 өрт сөндіру тірек пунктері туралы айта келе, ондағы арнайы техникалар жөндеуді қажет ететіндігіне баса назар аудартты. Сонымен бірге, 10-13 сәуір аралығында аудан аумағында орын алған өртті сөндіру кезіндегі кемшіліктерге де тоқталды.
- Үлгілімалшы ауылдық округінде 10 сәуір күні өрт шыққан. Ауыл әкімі өртті өз күшімізбен сөндірдік деген хабар жеткізді. Алайда Үлгілімалшыдан тараған өрт 11 сәуір күні Қараөткел ауылының маңында өршіп кетті. Аққала ауылдық округінің әкімі өрт шыққаны туралы уақытында хабар бермеді. Аталған 2 ауылдық округ әкімдері де аудан әкіміне өрт шыққаны туралы ақпарат бермеген. Нәтижесінде аудан әкімі Раджан Қайырқанұлының тікелей қатысуымен 2 күн бойы тілсіз жаумен күрес жүргізілді. Әр ауылдық округтен барлығы 237 адам жұмылдырылды. Болашақта өрт шыққан жағдайда, уақытында әрі нақты ақпарат берудің маңыздылығын ескерген жөн, - дейді аудан әкімінің орынбасары.
Бұл мәселе бойынша аудан басшысы аталған 2 ауылдық округ әкімінің іс-әрекеттерін қатаң сынға алды. Алдағы уақытта кемшіліктер жойылуын талап етті.
– Осы жағдай төтенше жағдай кезінде іс-қимыл жасау тұрғысындағы біраз кемшіліктерді тайға таңба басқандай анықтап берді. Болашақта жіберілген қателіктермен жұмыс жасау міндет. Десек те, жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ауызбіршілік пен берекенің арқасында елді мекенге тілсіз жау кірмеді. Ауыл тұрғындарының еңбегі ерекше. Ендігі кезекте ішкі істер бөлімі мен төтенше жағдайлар қызметкерлері өрттің шығу себебін анықтап, кінәлі азаматтарды жауапқа тартуы тиіс, - деді Раджан Қайырқанұлы.
- Аудандағы өрт сөндіру бөлімшесі елді мекен ішіндегі өртке ғана жауаптымыз деп ойласа – ол үлкен қателік. Адамдардың өміріне қауіп төндірудің алдын алу - баршамыздың ортақ міндетіміз, - деп нақтылады аудан басшысы. Ауылдық округ әкімдеріне еріктілер жасағын тізім бойынша қайта құру, ауыл шаруашылық құрылымдарымен меморандумды жаңғырту, өрт сөндіруге қажетті 30-50 құрал дайындау жүктелді.
Вакцинациялау науқанын жүргізу бо-йынша аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Әсем Рахимбаева ақпарат берді. Бас дәрігердің мәліметі бойынша, 14 сәуірден бастап ауданда вакцина салуға арналған 4 пункт жұмыс істейді. Қосымша 9 пункт жасақталған.
- Көкпекті ауылындағы орталық ауруханада 2 және Самар ауылындағы ауданаралық аурухана базасында 2 пункт жұмыс жасауда. Осы күнге дейін 375 адам вакцина салдырды және барлығының денсаулық жағдайы жақсы. Ең бірінші кезекте медициналық қызметкерлер, мұғалімдер мен полиция қызметкерлеріне басымдық берілген еді. 14 сәуірден Көкпекті ауданына бөлінген 1180 дана вакцинаны салу басталады. Оның 600 данасы Көкпектіге, 580 данасы Самарға бөлінді. Бұл вакцинаны кез келген адам өз еркімен тегін салдыру мүмкіндігіне ие. Ауданда ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін кемінде халықтың 70 % -ын вакцинациялау керек. Басқа жолмен қауіпті індетті тоқтату мүмкін емес, - дейді Әсем Төлеуғазықызы.
Аудан әкімі Раджан Сейтқанов тұрғындар арасында вакцинациялаудың маңызы мен қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты. - Бұл - үлкен науқан. Халықтың денсаулығына біз жауаптымыз. Сондықтан, тұрғындарға дұрыс түсіндіру керек. Ұжымдық иммунитет қалыптастыру маңызды.
Аппараттық кеңестің күн тәртібінде 2021 жылы аудандық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстарын жүргізу, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобалардың іске асырылу барысы тыңдалды.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.