16 наурыз күні аудандық әкімдіктің мәжіліс залында кеңейтілген аппараттық кеңес өткізілді. Аудан әкімі Раджан Сейтқанов төрағалық еткен кеңестің күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары сараланып, қауіпті індеттің алдын алу бойынша мобилді мониторинг топтарының жұмысы туралы ақпарат тыңдалды.
Бүгінгі күннің басты мәселесі - көктемгі су тасқынына дайындық жұмыстары туралы аудан әкімінің орынбасары Марат Теміржанов ақпарат берді. Баяндамашының мәліметі бойынша ағымдағы жылы қар мөлшері былтырғы кезеңмен салыстырғанда 2 есе аз болғанымен жердің қату тереңдігі 5 есе көп. Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық барысында бірқатар кешенді іс-шаралар жүзеге асырылған. Самар ауылында «Көктем - 2021» тактикалық арнайы жаттығулар өткізілді. Аудан бойынша 3 ауылдық округ су басу қаупі бар аймақта. Олар Самар, Миролюбовка және Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округ.
- Көкпекті ауданы әкімдігінің су тасқынына қарсы 2021 жылдың көктем кезеңіне арналған іс-шаралар жоспары бекітілген. Барлық іс-әрекет жоспар аясында жүргізілуде. Ауылдық округ әкімдеріне іс-шаралар жоспары таратылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта төтенше жағдайлар қорында 10 тонна бензин, 20 тонна дизель отыны сақтаулы. Ауданда қажетті болған жағдайда қолдануға жарамды 11 мотопомпа бар, - дейді Марат Қапарұлы.
Ақпаратпен танысқан аудан басшысы көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша бірқатар маңызды тапсырмалар беріп, олардың шұғыл орындалуын талап етті. – Су басу қаупі бар әрбір ауылда қажетті құралдар болуы керек. Ауданға қажетті қосымша мотопомпалар 1 аптаның ішінде алынсын. Су қоймаларына апаратын жолдар қардан тазартылсын. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру маңызды, - деп баса айтқан аудан басшысы халықты құлақтандыру мәселесіне бейжай қарамау керектігін ескертті. Көкпекті және Самар ауылдық округтерінің әкімдеріне тасқынның алдын алу мақсатында сенбіліктер ұйымдастыру жүктелді.
Қауіпті індеттің алдын алу мақсатында құрылған мониторинг топтарының жұмысы туралы аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қойгелдин баяндама жасады. Ақпарат берушінің мәліметі бойынша бүгінгі күнге дейін мобильді мониторинг топтары ауданның әрбір нысандарында санитарлық нормалардың сақталуын және нысандарға кірген тұрғындардың бетперде тағуын қадағалаған.
- Осы күнге дейін 385 рейд жүргізіліп, 2992 нысанға мониторлық бақылау жасалды. Жыл басынан бері мониторлық бақылау кезінде нысанаға бетпердесіз кірген 18 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысына 43 мың 755 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Барлық салынған айыппұл көлемі 787 мың 590 теңге. Ауданда санитарлық талаптарды сақтау бойынша жұмыс жалғасуда, күнделікті тексерулер жүргізілуде, - деді аудан әкімінің орынбасары.
Сондай-ақ, кеңейтілген аппараттық кеңестің күн тәртібінде Қазақстан Рес-публикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын атап өту және Наурыз мейрамын мерекелеу туралы ақпарат тыңдалды.
- Еліміздің президенті Қасым Жомарт Тоқаев ерекше атап өткендей Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Мерекенің мәнін ұғынып, игілікті істермен астастыру керек. Мерейтойға арналған барлық шаралар Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы теңдессіз тұлға Елбасының тарихи рөлін сомдауға бағытталуы тиіс. Елбасы саясатының сабақтастығы барлық іс-шаралардың идеологиялық өзегі болуы шарт, - деген аудан басшысы Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президенттің тарихи рөліне ерекше тоқталды.
Кеңесті қорытындылай келе, Раджан Қайырқанұлы жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне бірқатар тапсырмалар мен міндеттер жүктеді.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.