Қазақстан Республикасы Президентінің "Барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын, бірінші тоқсан ішінде халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер жыл сайын халыққа есеп беру кездесулерін өткізеді, олардың барысында елде іске асырылып жатқан реформалар, өңірдің одан әрі дамуының міндеттері мен негізгі бағыттары, проблемалық мәселелер мен оларды шешу жөніндегі жоспарлар туралы хабардар етеді.
Ағымдағы жылдың 8 ақпанында Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінде Көкпекті ауданының әкімі Серікқазы Садуақасов халық алдындағы қорытынды есеп беру кездесуін өткізді. Онлайн режимдегі іс-шарада барлық санитарлық шаралар сақталды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов есептік кездесуге ZOOM конференциясымен қосылып, көпшілікпен бірге қатысып отырды. Жиынға қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты ауданның тұрғындары онлайн форматта қатысты. Аудан басшысының есебін ZOOM сервисі арқылы 96 адам, Instagram әлеуметтік желісіндегі "Tolagainews" ақпараттық порталының ресми парақшасы арқылы 454 тұрғын бақылауға мүмкіндік алды. Жалпы интернет желісі арқылы есептік кездесуді тыңдаушылар - 872 адам. Мәдениет үйінің залында аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары және БАҚ өкілдері қатысып отырды.
Аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің оқырмандары аудан әкімі Серікқазы Құсайынұлы Садуақасовтың есептік баяндамасының тезистерімен 2021 жылғы 31 қаңтардағы № 5 шығарылымда танысты.
Серікқазы Құсайынұлы өз баяндамасында өткен жылы ауданның жергілікті атқарушы органдарының жұмысы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. Нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы негізінде Көкпекті ауданы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштерінің оң серпіні байқалды.
Бірнеше жыл бойы аудан көлемінде шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі - Тассай ауылына кіре беріс жол болған еді. Өткен жылы «Өңірлерді дамыту - 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында сметалық құны 275,4 миллион теңге құрайтын «Тассай ауылына кіре беріс» автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, «Ауыл – Ел бесігі» жобасының аясында 2020 жылы Көкпекті ауылының көшелеріне 158 миллион теңге құрайтын орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Көкпекті ауданын таза ауыз сумен қамту 18 пайызға өсті. Бүгінгі таңда 35 ауылдық елді мекен таза ауыз сумен қамтамыз етілген, бұл жалпы көрсеткіштің 70 %. "Өңірлерді дамыту - 2020-2025" мемлекеттік бағдарламасы аясында Көкпекті ауданында 14 жоба бойынша жұмыстар жургізілуде.
- Өткен жылы облыс әкімінің бастамасымен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға үй салу бағдарламасы біздің ауданымызда сәтті жүзеге асырылды. 20 екі пәтерлі жеке тұрғын үйдің құрылысы толығымен аяқталды. Олар көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға кезектілік тәртібімен таратылды. Жалпы аудан бойынша 2,7 есе өсіммен 10 159 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, - деді аудан әкімі Серікқазы Садуақасов.
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай аудан орталығынан баспана алған көпбалалы ана Мадина Қожахметова тікелей байланысқа қосылып, облыс басшысына жүрекжарды алғысын білдірді.
- Құрметті Даниал Кенжетайұлы, облыстың көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына жасап жатқан жақсылығыңыз үшін алғыс айтамын. Мен өткен жылы көпбалалы ана ретінде кезекпен баспанаға ие болдым. Көп жылдар бойы аңсаған арманым орындалып, отбасымызбен мәз-мейрам болдық. Жалпы, біздің ауданымызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Үйлер өте жайлы, кең, - дейді көпбалалы ана.
Биыл Самар ауылында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 10 екі пәтерлі жеке тұрғын үй бой көтереді. Сондай-ақ, аталған ауылда орналасқан 5 қабатты 60 пәтерлі үйге күрделі жөндеу жүргізіледі.
Жарыссөзге шыққан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Насырбайұлы Мұқашев аудан басшысының есептік баяндамасын талқылып, аудандағы оң өзгерістерді атап өтті.
- Көкпекті ауданының әкімі Серікқазы Құсайынұлы Садуақасовтың аудан бойынша 2020 жылы әлеуметтік-экономикалық саласында атқарылған жұмыстар туралы баяндамасында айтқандай, Көкпекті ауданы жыл санап даму көрсеткіші жағынан жақсарып, өркендеп, жаңа бағытқа қарай бет алып бара жатқанына біз және бүгінгі эфирді тамашалап отырған барша халық куә екенін айтқым келеді. Спорт пен мәдениет, медицина мен білім, тұрғын үй болсын, қай саланы алып қарасақ та, халыққа қажетті жағдайлардың бәрі ауданымызда жасалынып отыр. Бұл үшін Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтің стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырып, ауданымыздың дамуына үнемі қолдау білдіріп отыратын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Кенжетайұлына Көкпекті ауданының тұрғындары атынан үлкен алғысымды білдіремін, - деді Сләмбек Насырбайұлы.
Тікелей эфирде тұрғындар жолдаған сұрақтарды модератор жеткізіп, аудан басшысы оларға жауап берді.
«Tolagainews» порталында қойылған тұрғын сұрағы:
- Аудан орталығында 2020 жылы абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынды. 2021 жылы бассейн салу жоспарда бар ма?
Серікқазы Садуақасов – Көкпекті ауданының әкімі:
- 2020 жылы ауданның елді мекендерін абаттандыру бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен Көкпекті ауылында заманауи дене шынықтыру және сауықтыру кешені салынып, қолданысқа берілді. 2021 жылы «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бассейн салу жос-парда бар.
«Tolagainews» порталында қойылған тұрғын сұрағы:
- 2020 жылы аудан көлемінде бірқатар ауылдардың ішіндегі көпірлерді ретке келтіру бойынша жұмыстар атқарылды. Биылғы жылы Шұғылбай ауылдық округіне қарасты Ұялы ауылының ортасынан ағып жатқан өзенге көпір салынады ма?
Серікқазы Садуақасов – Көкпекті ауданының әкімі:
- 2020 жылы Самар ауылдық округіне қарасты Қайыңды ауылына көпір салынып, қолданысқа берілді. Ағымдағы жылы Биғаш ауылдық округіне және Шұғылбай ауылдық округіндегі Ұялы ауылына көпір салу жоспарда бар.
«Tolagainews» порталында қойылған тұрғын сұрағы:
- Бірнеше жыл бойы аудан көлемінде шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі - Тассай ауылына кіре беріс жол болатын. Бүгінгі күні 9 шақырым жол жөнделді. Қалған 9 шақырым жолдың жөнделуі қашан аяқталады?
Серікқазы Садуақасов – Көкпекті ауданының әкімі:
- Аталған автокөлік жолының 9 шақырымын жөндеуге республикалық бюджеттен 275 миллион теңге қаражат бөлінді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қалған 9 шақырым жолды жөндеуге бюджеттік өтінім берілді.
«Tolagainews» порталында қойылған тұрғын сұрағы:
-«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биылғы жылы Самар ауылында қандай жұмыстар атқарылады?
Серікқазы Садуақасов – Көкпекті ауданының әкімі:
- «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында биылғы жылы Самар ауылына ішкі жолдарды жөндеу үшін 183 миллион теңге, ауыл көшелерін жарықтандыруға 50 миллион теңге қаражат бөлінді. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың жаз айларында атқарылады деп жос-парланып отыр.
Есептік кездесуді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қорытындылады.
- Көкпекті ауданында өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылған. Тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіші жоғары. Жол құрылысы да оң шешімін тауып келеді. Ағымдағы жылы жол жөндеуге 160 миллион теңге бөлініп отыр. Бұл мәселені тағы қарастырамыз, керек болса, тағы бөлеміз. Сонымен қоса, Самар ауылында жаңа спорт кешені салынады. Жалпы, биыл облыс бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында 22,4 миллиард теңге игеріледі. 14 әлеуметтік сала, 33 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инженерлік-көліктік инфрақұрылым нысандары салынады, - деді аймақ басшысы Даниал Ахметов.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.