20 қаңтар күні аудандық әкімшілік ғимаратындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті брифинг өтті. Бұл жолы Аққала ауылдық округ әкімі Берікбол Чакербекұлы Мукушев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Округ әкімі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы туралы баяндама жасап, тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Аққала ауылдық округі аудан орталығының шығысында 50 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекен. Округте үлкенді-кішілі 4 ауыл бар. Олар: Аққала, Жаңажол, Қараөткел, Қойтас ауылдары. Округ орталығы - Аққала ауылы. Осы елді мекендерде 302 аула бар. Бүгінгі күні 1127 адам тұрады, экономикалық белсенді халық саны - 583. Негізінен округ тұрғындары мал шаруашылығымен шұғылданады. Жалпы округ бойынша биылғы жылға 45 шаруа қожалығы, 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген.
Ауыл шаруашылық жер көлемі -34605 гектар, оның ішінде шабындықтар - 3030 гектар, жайылымдар -13716 гектар, егістік-17767 гектар.
Білім беру саласы бойынша ауылдық округте 1 орта, 1 бастауыш, 1 негізгі мектеп жұмыс істейді. 2020 - 2021 оқу жылында осы 3 мектепте 167 оқушы білім алуда. Мектепте оқушыларға қазіргі заман талабына сай сапалы білім беру үшін жаңа үлгідегі «Робототехника» кабинеті жұмыс істейді.
2020 жылы Қараөткел негізгі мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржы 38 670 000 теңге. Оның ішінде 16 388 000 теңге «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша бөлінді. Мердігер ұйым «ПМК Құрылыс». Ауылдық округте 1 фельшерлік-акушерлік және 3 медициналық пункт халыққа қызмет көрсетеді. 2019 жылы 12 сәби дүниеге келcе, 2020 жылы бүгінгі күнге туылған бала саны - 16. 2020 жылы жоспар бойынша тұрғындар скринингтік тексеруден өткізілді.
Ауыл экономикасының дамуы көрсеткішінің бір маңызды бөлігі ол – инвестиция тарту. 2020 жылға округте негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 197 миллион теңге. Инвестиция көлемін өсіруге байланысты техникаларын жаңалау, мал басын асылдандыру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. 2019 жылы «Қараөткел» ШҚ басшысы Қ.Закирьянов Ресейден 86 бас «герефорд» асыл тұқымды ірі қара малын 45 500 000 теңгеге сатып алып келді. Қазір бұл малдар алғашқы төлін беріп үлгерді. 2021 жылы 300 миллион теңге ауыл шаруашылығы құрылымдары және Сатпаев тау кен-байыту кәсіпорны инвестиция салынады деп күтілуде.
Жергілікті халықты таза ауыз сумен қамту мақсатында 2019 жылы Қараөткел ауылында 6 миллион 703 мың қаржыға блоктық модульдік станция орнатылды. Ауылдық округтың орталығы Аққала ауылына «Ақбұлақ» бағдарламасымен 647 миллион теңгеге су құбырын тарту жұмыстары басталды. Оның ішінде 103 миллион 2019 жылы, 235 миллион қаражат 2020 жылы игерілді. Қалған 307 миллион теңге 2021 жылы су мұнарасына және әр үйге су тартуға жұмсалынады. Сондай-ақ, елді мекендерді таза сумен толықтай қамту бойынша 2020 жылы округтің Жаңажол ауылында 10 миллион 496 мың теңгеге блок модульді станция орнатылды.
Ауылдың тазалығы және көріктендіру жұмыстары әкімшіліктің басты назарында. Осы тұрғыда ауылдағы «Жеңіс саябағына» 30 түп шырша мен қарағай көшеттері, әкімшілікке, мектеп ауласына 700 түп әртүрлі гүл отырғызылды. Аққала ауылының Тәуелсіздік және Жаңажол ауылының Атамекен көшелерінің түнгі жарықтандыру шамдары жаңартылып орнатылды.
2021 жылға жоспар құрылды. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша халықты таза ауыз сумен қамту жұмысы жалғастырылады. Аққала ауылында Тәуелсіздік, Жастар және Абай көшелерін жарықтандыру; Жаңажол және Қараөткел ауылдарында клуб үйлерін күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады. Абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Қараөткел ауылында «Street workout» спорттық алаңын, Қараөткел ауылында футбол алаңын салу жоспарда. Сондай-ақ Қойтас ауылында Қанат Букетов атындағы және Абай көшелерін жарықтандыру, Қойтас ауылында блок модульдік станция орнату жоспары жүзеге асады.
Виктория Гармашова – аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің тілшісі:
- Қазіргі уақытта «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына көп көңіл бөлінуде. Оны іске асыру бағыттарының бірі әлеуметтік желілер арқылы халықпен диалог жүргізу болып табылады. Сіздің округіңізде осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
Берікбол Мукушев - Аққала ауылдық округінің әкімі:
- Негізінен біздің тұрғындар үшін «WhatsApp» қосымшасында топтар ашылған. Мен жеке өзім сол топтарда боламын және келіп түскен сұрақтарға жауап беремін. Өкінішке орай, біз басқа әлеуметтік желілерде – «Facebook» парақшамызды белсенді түрде жүргізе алмаймыз. Instagram және тағы басқа әлеуметтік желілер қолжетімсіз. Бұл ауылдағы интернет жылдамдығының төмендігіне байланысты. Сондықтан біз бұл мәселеде «WhatsApp» қосымшасы арқылы жұмыс істеуге тырысамыз. Мысалы, егер азамат бізге қабылдауын сұраса, ол бізбен осы қосымша арқылы байланысады.
Фархат Маратұлы – Қалихан Алтынбаев атындағы мәдениет үйінің қызметкері:
- Аққала ауылдық округінде атауын өзгертуді қажет ететін неше көше бар? Осы мәселе төңірегінде жұмыс қалай жүргізілуде?
Берікбол Мукушев - Аққала ауылдық округінің әкімі:
- Бізде Аққала ауылында бірнеше көше атаулары өзгертілген. Барлық көшеге қазақша жаңа атаулар берілді. Орысша атаумен тұрған көше жоқ.
Гүлім Ерланқызы – аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің тілшісі:
- Аудан әкімі ауылды абаттандыру туралы тапсырма берген еді. Осы бағытта қандай жұмыс жасалуда?
Берікбол Мукушев - Аққала ауылдық округінің әкімі:
- Абаттандыру бағытында жобалау-сметалық құжаттама жасалған. Бірінші кезекте тұрған «Жастар саябағы» мен «Жеңіс саябағын» абаттандыру жұмысын қолға алмақпын. Бәрі қаражат бөлінуге байланысты болып отыр. Ешқандай ауыл тыс қалған жоқ. Осы жылы екі ауылды абаттандыру және жарықтандыруды мақсат етіп отырмын.
Аяжан Амантайқызы – модератор:
- Бірнеше ауылдарда тұрғындар ауылдан қалаға қоныс аударып жатыр. Аққала ауылында да осы қоныс аудару мәселесі бар ма?
Берікбол Мукушев - Аққала ауылдық округінің әкімі:
-Қазіргі уақытта тұрғындардың басқа ауылға, ауданға қоныс аудару мәселесі жоқ. 3-4 жыл бұрын бұл жағдай көп болған. Қазір керісінше ауылға көшіп келіп жатқан халық бар. Қараөткел ауылына Күршім ауданынан 2-3 отбасы қоныс аудармақ. Осы мәселе төңірегінде аудан әкімі Серікқазы Садуақасов ауылдарға тұрғын үй салу туралы тапсырма берген. Биыл осы тапсырманы іске асыруды жоспарлап отырмын.
Гүлім Ерланқызы – аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің тілшісі:
- Бруцеллезбен күрес қалай жүргізілуде? Ауылдық округте мал сою алаңы бар ма?
Берікбол Мукушев - Аққала ауылдық округінің әкімі:
- Ауылымызда мал сою алаңы бар. Ол барлық стандартқа сай. Қазір үйде мал союға тыйым салынған. Бұл мәселеге ауылдың бас мал дәрігері жауап береді. Сонымен қатар ауылдың учаскелік инспекторының қадағалауында. Ал бруцеллезбен күрес бағытында егер ауылға жан-жақтан мал әкелініп жатқан болса, ветеринарлық талаптарға сай 14 күн карантинге қойылады. Егер ауылға бөтен мал әкелген болса, оның иесі хабарлайды. 14 күн өткеннен соң, малдан қан алынып, тексерілгеннен кейін ғана табынға немесе шаруа қожалыққа қосуға рұқсат етіледі.
Аяжан Амантайқызы – модератор:
- Аққала округінде Сәтпаев тау – кен байыту кәсіпорны бар екенін білеміз. Бұл кәсіпорын халықтың қанша пайызын жұмыспен қамтып отыр?
Берікбол Мукушев - Аққала ауылдық округінің әкімі:
- Сәтпаев тау-кен байыту кәсіпорны ауыл халқының тең жартысын жұмыспен қамтуда. 120-150 адам жұмыс істейді. Болашақта Сәтпаев тау-кен байыту комбинатын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл дегеніміз ауыл экономикасының дамуына үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары толықтай жұмыспен қамтылады.
Виктория Гармашова – аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің тілшісі:
- Сіз Қараөткел ауылына апаратын жол туралы айттыңыз. Біздің білуімізше, бұл тұрғындар үшін өте проблемалық тақырып. Сіздің ойыңызша, тұрғындар бірнеше жыл бұрын жүргізілген осы жолдың жөндеу сапасына неге наразы? Осыған байланысты сіз қандай шаралар атқардыңыз?
Берікбол Мукушев - Аққала ауылдық округінің әкімі:
- Біз бұл жолды грейдерлеуді жоспарлап отырмыз. Шамамен 3 жыл бұрын жол жөнделді. Бірақ мәселе мынада, жол тұзды топырақта, ол ойнайды және мезгіл-мезгіл жарамсыз болып қалады. Жыл сайынғы бақылау қажет. Бұл бір күннің жұмысы емес.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.