13 қаңтар күні аудандық әкімшілік ғимаратындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде кезекті брифинг өтті. Бұл жолы Қ.Аухадиев атындағы ауылдық округ әкімі Ерлан Қизатоллаұлы Ниязбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесті. Округ әкімі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы туралы баяндама жасап, тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қ.Аухадиев атындағы селолық округінің құрамына үш елді мекен: Преображенка, Үкілі қыз бен Черноярка кіреді. Халық саны - 1512 адам. Қосалқы шаруашылықпен 439 отбасы айналысады. Округ аудан орталығы Көкпектіден 28 шақырымда орналасқан. Преображенка ауылында 8 көше бар. Ономастикалық комиссия мен жергілікті атқарушы орган жұмысының нәтижесінде 3 көшенің аты ауыстырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
2020 жылы округ бойынша 10 отбасына жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бұл отбасылар өз кәсіптерін ашып, жұмысқа орналастырылды. Ауылдық округте тұрғындармен 3 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олар жалғызбасты қарттарға және мүгедек балаларға көмек көрсетеді. Округте, сонымен қатар еріктілер отряды бар. Карантиндік шектеу кезінде еріктілер зейнет жасындағы адамдарға бірінші кезектегі азық-түліктер жеткізіп беріп, шаруашылыққа көмектесті. Әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына тегін медициналық бетперде де таратты.
Округте жалпы саны 18 бен 29 жасқа дейін 249 адам тіркелген. Жастардың бос уақытын ұйымдастыру және жоспарлау мақсатында жастар кеңесі жұмыс істейді. Жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту үшін 16 жаңа жұмыс орындары ашылды. Оның 11-і ауыл шаруашылық саласы болса, 5 жұмыс орны шағын орта бизнес аясында қамтамасыз етілді.
Бүгінгі таңда округ бойынша 10 шаруа қожалығы мен 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік тіркелген. Округте 2542 бас ірі қара, 4800 бас ұсақ мал, 160 бас жылқы бар. Инвестицияның көлемді бөлігін «Өрнек» ЖШС кіргізіп отыр. 2020 жылы аталған серіктестік сүт-ет бағытындағы симментал тұқымды 192 ірі қара сатып алған. Сонымен бірге ауыл шаруашылық техникалары мен басқа да агрегаттармен толықтырылды. Ағымдағы жылы округке құйылған инвестиция 190 миллион теңгені құрады.
Азық-түлік және тұрмыстық заттар сатумен айналысатын, жолаушы тасымалы мен жүк тасымалын жүзеге асыратын, мал өсірумен шұғылданатын 19 жеке кәсіпкер тіркелген. Ф.Сатыбалдинмен бірлесіп, мал сою алаңы бойынша сұрақтың шешімін тауып, ол жеке кәсіп ашып, мал сою пунктін жалға алды. Ауылдық округте «Преображенка орта мектебі» КММ мен Воздвиженка баста- уыш мектебі жұмыс істейді.
Округ бойынша бюджетке салықтық түсімдерді арттыру жұмысы жүргізілуде. 2020 жылы жергілікті өзін-өзі басқарудан түскен салықтық түсімдер 4 264 000 теңгені құрады. Оның ішінде НДФЛ -100 000 теңге, жеке меншік салығы – 631 000 теңге, транспорттық салық – 3 450 000 теңге. Түскен түсімдер округті абаттандыруға, көше шамдарын ауыстыруға, орталық көшедегі шарбақтарды бояуға, жолдарды қардан тазалау мен қоқыс шығару, баннер дайындауға жұмсалды.
Аяжан Амантайқызы – модератор:
- Преображенка ауылының атауын өзгерту жоспарда бар ма?
Ерлан Қизатоллаұлы - Қ.Аухадиев ауылдық округінің әкімі:
- Ауыл атауын өзгертудің өз заңдылығы бар. Халықтың 50 пайыздан астамы ауыл атауын өзгертуге рұқсатын беруі керек. Биыл бұл мәселе қолға алынуда. Пандемия бәсеңдегеннен кейін халықпен жиналыс ашып, ақылдасып шешуге болады. Бұл сұрақ ауыл тұрғындарының тарапынан да келіп түсуде. Жергілікті тұрғындар Преображенка ауылына неге Кеңес Одағының батыры Қойгелді Аухадиев есімі берілмейді деген мәселе көтеріп отыр. Бұл сұрақ биылғы жылы шешімін табатын болады.
Гүлім Ерланқызы – аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің тілшісі:
- Ауылдық округті таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары толықтай қашан аяқталады?
Ерлан Қизатоллаұлы - Қ.Аухадиев ауылдық округінің әкімі:
- «Ақбұлақ – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында тұрғындарды жеткілікті мөлшерде ауыз сумен қамту жұмыстары жасалуда. Тапсырыс беруші «Көкпекті ауданының құрылыс және сәулет» бөлімі. Тапсырыстың жалпы сомасы 528 млн.теңгені құраса, оның 221 млн. теңгесі бүгінге дейін игерілді. Толықтай 2021 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Биылғы жылы ауыл тұрғындары толық сумен қамтамасыз етіледі.
Виктория Гармашова – аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің тілшісі:
- Қыс мезгілінде округіңізде жолдарды тазалау жұмыстары қалай жүргізіледі? Қолайсыз ауа райы көлік қозғалысына қатты әсер ете ме?
Ерлан Қизатоллаұлы - Қ.Аухадиев ауылдық округінің әкімі:
- Әрине, ауа райы автомобильдердің қозғалысына әсер етеді. Өткен жылы ауылдық округке (Көкпекті және Самар тас жолынан Үкілі қыз ауылына дейін) апаратын жолға қызмет көрсетуге арналған бюджет біздің иелігімізде болды. Ағымдағы жылы тас жолға жөндеу жұмысымен ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі айналысты. Жолдарда қатты кептелістер болған жоқ, өйткені "Өрнек" ЖШС кез келген уақытта жергілікті тұрғындарға көмекке келеді және округ ішіндегі жолдарды тазалайды. Бұл үшін біз кәсіпорынға шын жүректен ризамыз. Сондай-ақ, біздің жолдарға "Көкпекті Жолдары" ЖШС қызмет көрсетеді, ол жол төсемін уақтылы тазалайды. Бұл туралы халықтан шағымдар жоқ.
Аяжан Амантайқызы – модератор:
- Ауылдық округте мектеп оқушылары үшін сабақтан тыс үйірмелер бар ма? Жастар үшін қандай жағдай жасалған?
Ерлан Қизатоллаұлы - Қ.Аухадиев ауылдық округінің әкімі:
- Қыс мезгілінде ауыл жастары үшін мектепте хоккей алаңы бар. Балалар көбінде сонда ойнайды. Мектептің өзінде күрес үйірмесі бар. Бірақ қазіргі карантинге байланысты тоқтап тұр. Волейбол, шаңғы үйірмелері де бар. Бұл үйірмелердің барлығы ауыл жастары үшін кешкі уақытта да ашық болады. Ауыл жастары түрлі жарыстар ұйымдастырып жатады. Ауылымызға жас мамандар келіп жатыр. Домбыра үйірмесін ашуға сұраныстарын білдіруде. Бұл жұмыстар карантин аяқталғаннан кейін қолға алынатын болады.
Гүлім Ерланқызы – аудандық «Жұлдыз-Новая жизнь» газетінің тілшісі:
-Қ.Аухадиев ауылдық округі бойынша коронавирус індетінің таралу жағдайы қандай?
Ерлан Қизатоллаұлы - Қ.Аухадиев ауылдық округінің әкімі:
- Карантин басталған уақытта халық түсінбеді. Бірақ еріктілер тобы, ақсақалдар алқасы, әйелдер кеңесі, аппарат ұжымы бірлесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындары сақтық шараларын сақтайды. Әрқашан бетперделерін киіп жүреді. Ауылымызда екі дәмхана бар. Олар да қазіргі жағдайға байланысты жұмыстарын тоқтатып қойды. Тек рұқсатпен күндізгі уақытта 30 адамға шағын жиын жасайды. Сонымен қатар, халық жаназаға барады. Бірақ барлығы сақтық шараларын қатаң сақтайды. Бұл тұрғыдан округте барлық жұмыстар жасалуда.
Аяжан Амантайқызы – модератор:
- Ауылға керегі - жол, жарық, су. Ауылдық округтегі жарықтандыру жұмыстары қалай?
Ерлан Қизатоллаұлы - Қ.Аухадиев ауылдық округінің әкімі:
-Ауылдағы көше шамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Былтырғы жылы жанбайтын көшелер жарықтандырылды. Оған мемлекет тарапынан қаражат бөлінді. Халық дән риза. Бірақ биылғы жылдың өзінде Преображенка ауылына 3 көшеге, Үкілі қыз ауылына 30 жарық шамын қоюды жоспарлап отырмыз. Ауылға жарық керек. Мектеп оқушылары екі ауысымда оқитын болғандықтан, жарық қажет. Бір жағынан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі үшін. Биылғы жылы Преображенка ауылын толықтай жарықпен қамтамасыз ететін боламыз.
Аяжан Амантайқызы – модератор:
- Биылғы 2021 жылға қандай жоспарларыңыз бар?
Ерлан Қизатоллаұлы - Қ.Аухадиев ауылдық округінің әкімі:
- Ауыл жастарының сұрауымен орталықтан спорт алаңын салу жоспарда бар, соны биыл қолға алмақпын. Үкілі қыз ауылын толықтай жарықтандыру. Мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізу сияқты жұмыстар жүзеге асырылады.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.