Халқымыз қашан да қазыналы қартын құрметтеген, үлкенін сыйлаған. Өркениетті елдің өнегелі ұрпағы дария теңіз қариясын құрметтеп, кейуанасын сыйлауды әрқашан өмірлік қағида тұтқан. Қарттарын құрметтеген елдің келешегі кемел, мерейі үстем. Осындай дәстүрлі ұстанымды ту еткен Көкпекті ауданы 1 қазан – халықаралық Қарттар күні мерекесінде аға буын өкілдеріне үлкен сый-құрмет жасаудың жарқын үлгісін көрсетті.
Аудан әкімі Серікқазы Садуақасов пен ардагерлер кеңесінің төрағасы Сләмбек Мұқашев Ақтас ауылында тұратын Ұлы Отан соғысы ардагері Елеусіз Қинбаевтың шаңырағында болып, мерекеге орай құттықтауларын жеткізді. Серікқазы Құсайынұлы ардагерге сый-сияпат жасап, ақжарма тілегін білдірді.
- Қарттар - біздің қазынамыз. Елімізде қарттарды қолдау мемлекеттік әлеуметтік саясаттың маңызды бір бөлігіне айналды. Сіздерге құрмет көрсету - біздің парызымыз. Өнегелі өмір жолдарыңыз, өшпес ерліктеріңіз өскелең ұрпаққа қашан да үлгі. Зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін, - деді аудан басшысы Серікқазы Құсайынұлы.
Бүгінде 95 жастан асса да, өзін тың ұстайтын Елеусіз ата аудан басшысының ыстық ықыласы үшін ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.
Көкпекті ауылында тұратын ардагер Петр Шуркин құрметті қонақтарды көтеріңкі көңіл күймен қарсы алып, ашық-жарқын әңгіме өрбітті. Аудан әкімі ішкі істер бөлімінің құрметті ардагерін мерекемен құттықтап, сыйлық табыс етті. Өз кезегінде ардагер көрсетілген құрметке алғысын айтты.
Аудан әкімінің орынбасары Дәурен Бақытжанұлы Қойгелдин мен Самар ауылдық округінің әкімі Ахмет Фазылұлы Күдербаев Ұлы Отан соғысының ардагері Мүталяп Ықыласов пен еңбек ардагері Бикен Шайырғазықызы Әбдіғалымованы Халықаралық қарттар күні мерекесімен құттықтады.
Сондай-ақ Дәурен Бақытжанұлы аудан әкімі Серікқазы Садуақасовтың атынан Мүталяп ата мен Бикен апайды құттықтап, естелік сыйлықтар тарту етті.
Аудан әкімінің орынбасары қарт майдангерге жауынгерлік және еңбек жолдарына бейбіт өмір мен жарқын болашақ сыйлағандары үшін алғысын білдірді. Бикен апа да аудан әкімшілігінің назарынан тыс қалмады. Өз кезегінде Бикен апа қонақттарға көрсетілген құрмет-қошеметтері мен естелік сыйлықтары үшін алғысын білдірді. Құттықтауларға, сонымен қатар округ әкімі Ахмет Фазылұлы Күдербаев та қосылды, мереке иелеріне азық-түлік жиынтықтарын табыс етті.
Атқарушы билік басшылары аға буын өкілдеріне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, Жан жылуын, туған-туысқандары мен жақындарының қамқорлығын тіледі.
Көңілдерін ыстық ықылас пен шын жүректен шыққан жылы сөз жылытқан қарттар еліне, ел басқарып отырған азаматтарға ақ батасын берді.
Халықаралық қарттар күнінде Көкпекті аудандық ардагерлер кеңесі қарттарды атаулы мерекемен құттықтады. Бұл мереке қарсаңында бүгінде таратылған, қызметі тоқтаған мекемелерде еңбек еткен, елді мекендерден көшіп келген қариялар ескерусіз қалған жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесі, кәсіпкерлер палатасы - Б.Н.Артықпаев, "Көкпекті-Несие" ЖШС – А.С.Оспанов, балалар өнер мектебі - А.Д.Сүлейменов, Фитосанитария - Д.Байсеңгіров, психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті - Ш.К.Мадиева, оңалту орталығы - Р.Қ.Баймолдина, жеке кәсіпкер В.В.Виничук, жас-тар ресурстық орталығы - Ә.Артықпаев үнсіз қалуды жөн санамапты. Аталған мекеме, ұйым басшылары мереке иелеріне әр саланың аға буын өкілдеріне шағын сый-сияпат көрсетіп, жылы лебіздерін білдірді.
Сан жылдардағы еліміздің дамуы жолында еткен еселі еңбегімен бүгінде ел құрметіне бөленіп отырған, көпті көрген қарттар ауданның ардагерлер кеңесіне, кәсіпкерлер палатасына бұл кішіпейілділігі мен ілтипатына риза болды.
Сондай-ақ бүгінде аудандық ардагерлер кеңесі және жастар орталығының бірлесуімен жәрдемге мұқтаж 15 адамға волонтерлік көмек көрсетілген. Өз кезегінде, қадірменді қариялар да ерекше ықылас танытқан ұйымшыл жастарға шексіз алғыстарын жеткізіп, еселі еңбектеріне толағай табыс тіледі.
Қайырымдылық акциясы қазан айының соңына дейін жалғасатын болады.
Біздің тілші
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.