Қазақстан Республикасының экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі ауылдық аумақтарды дамыту болып табылады. Үкімет азаматтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға және әл-ауқатын арттыруға бағытталған міндеттердің оңтайлы шешімін қарастырып келеді. Оның ішіндегі ең өзектісі әрі басымдылыққа иесі ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз етуге арналған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру болып табылады.
Ауылдың тыныс-тіршілігімен округ әкімі Самат Құнафин етене таныстырды. Самат Бақытбекұлы Теректі округіне аудан әкімінің өкімімен 2020 жылдың 2 наурызынан бастап әкімдік лауазына тағайындалған. Әкім аппаратында 9 адам жұмыс жасайды, оның бесеуі мемлекеттік қызметкер.
Бүгінде жаңаша бой көтерген ауылдың тамыры тереңде. Соңғы мәліметтерге сәйкес, ауылдық округте 736 тұрғын бар. Ауылда мектеп, жеке меншік балабақша, клуб үйі, дәрігерлік амбулатория, кітапхана, мешіт жұмыс істейді. Қазыналы қарты мен өнерлі өрені, тірлігі тындырымды азаматы мен ибалы келіні бар ауыл қашан да берекелі.
Теректі ауылының экономикалық даму жағдайы тұрақты. Бұл өңірдің негізгі жұмыс көзі мал және егін шаруашылығы саласы. Округ жұмыс істеп тұрған шағын және орта шаруа қожалықтарының саны бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. Өсімдік шаруашылығының адамзат үшін аса ірі және маңызды саласы - бұл түрлі дәнді дақылдарды өсірумен айналысатын астық шаруашылығы.
Округтің жалпы егіс алқабы 9711 гектарды құрайды: оның 5085 гектары дәнді дақылдар.
Мұнда 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 56 шаруа қожалығы және 15 ЖК тіркелген. Ауылда мал шаруашылығы қарқынды дамып отыр. 2019 жылы округ бойынша: Ірі қара мал саны – 3926 бас, ұсақ мал саны - 2851 бас, жылқы – 971 бас мал және 4740 құс тіркелген.
ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ - ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ
Елді мекендерді абаттандыру ауданымыздың көптеген ауылдық округтерінде жүргізіледі. Теректі ауылын да абаттандыру, көркейту-көгалдандыру жұмысы жоспарлы түрде орындалуда. 1200 түп пирамидалдық терек, Күршім ауданының тәлімбағынан әкелінген 300 түп майқарағай көшеті, түрлі гүлдер егілген. Пирамидалық терек – жеткілікті көп күтімді талап етпейтін және өсімтал ағаш. Сондықтан ол көгалдандыруда кеңінен қолданылады. Терек көшеттері әкімшілік, мектеп, балабақша аумағын және жергілікті тұрғындардың аулаларына отырғызылған.
2019 жылы Теректі ауылында жоспарланған орталық алаңның орнын қоршау жұмыстары аяқталған. Биылғы жылы алаңды абаттандыру, көркейту жұмыстары жалғастырылады. ҰОС жеңісінің 75 жылдығы қарсаңында саябақты 4 блокқа бөліп, соғыстан қайтып келген, қайтпай қалған, ауған соғысына қатысқандар және тыл еңбеккерлерінің тізімін мрамор тасқа жазып орнату жос-парланып отыр. Осы орталыққа кіші футбол, балаларға арналған ойын алаңдарын салып, шамдар, субұрқақ осы жерді халықтың демалу орталығына айналдыру көзделіп отыр. Самат Бақытбекұлы жастардың ауылға тұрақтануы қалыпты деңгейде екенін айта келе, ауылдық округтегі көшені жарықтандыру мен жол мәселесіне тоқталды. Жол жөндеу осы округтегі өзекті тақырыптың бірі болған бірақ мәселе бірте-бірте өз шешімін тауып келеді.
Округте жақын арада жолдарды грейдерлеу жұмысы басталады. Бүгінгі күні Александр Ивановонич Федосов басқарып отырған ДСУ-14 ЖШС-мен су өткізу құбырларын қалпына келтіру бойынша жұмыс қызу жүргізілуде.
- Су өткізу құбырлары - бұл автокөлік магистралінің астына салынып жатқан және ағын суларды өткізу үшін пайдаланылатын жасанды құрылыстар. Қазір осындай 6 ғимаратты қалпына келтіріп, ауыстырумен айналысудамыз. Бұған 11 жұмысшы және 6 бірлік техника жұмылдырылды. Жақын арада қызметкерлер саны 25-ке дейін артады. Қандай да бір күтпеген қиындықтар туындамаса, жұмысты тамыз айында аяқтауды жоспарлап отырмыз, - деді участке шебері Алексей Михайлов.
ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫНА АЛҒЫС
Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауыз су мәселесі жыл өткен са-йын оңтайлы шешімін тауып келеді. Таза ауыз сумен қамтамасыз ету мемлекеттік дәрежедегі кезек күттірмес мәселе екені ақиқат. Теректі ауылында 2018 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының «Ақ бұлақ» бағыты бойынша таза ауыз су кіргізілген.
Ғайникамал Құнафина, округ тұрғыны, зейнеткер:
– Сусыз тіршілік жоқ екені бәрімізге белгілі. Ол – барлық игіліктің көзі. Қай кезде болмасын ауыз судың сапалы болуы маңызды. Су – тіршілік көзі. Халық денсаулығының мықты болуы да таза ауыз судың сапасына байланысты. Жұртшылықтың талап-тілегі біреу. Ол ауыз судың сапалы әрі қолжетімді болуы. Осы жайттар мемлекет тарапынан ескеріліп, мемлекеттік қазынадан қаражат бөлінді. Халықпен жүзбе-жүз кездескен халық қалаулысы ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз етуге берген уәдесін орындаған болатын. Округ тұрғындарының атынан Қазақстан Рес-публикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Салихұлы Сабильяновқа, аудан және округ басшылығына біздің мәселемізге көңіл бөліп, қамқорлық көрсеткендері үшін шын жүректен аналық алғысымды білдіремін. Ауылдық жерде туған және өскен жан қарапайым ауыл адамының қажеттіліктерін жақсы түсінеді. Нұртай Салихұлы - осындай адамдардың бірі. Бүгінде ауылымыз ауыз су азабынан құтылып, «Ақ бұлақ» бағдарламасының игілігін көруде. Әрдайым осындай қуанышты күндеріміз көп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
ЕЛ БОЛАМ ДЕСЕҢ - БЕСІГІҢДІ ТҮЗЕ
Ауылды аралап, ақпарат алып жүрген біздер алыстан көз тартып, мен мұндалап тұрған балабақшадан өтіп кете алмадық. «Ерке-Нұр» жеке меншік балабақшасы 2014 жылдан бері жұмыс атқарады. 42 балаға арналған мекеме ұжымында 14 қызметкер жұмыс істейді. Округтегі көпбалалы отбасынан шыққан 8 бала мекемеге тегін келеді. «Ерке-Нұр» балабақшасында бүгінгі таңдағы пандемияға байланысты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті ШҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы аудандық мемлекеттік меке-месінің талаптарын сақтай отырып, 1 кезекші топ жұмыс істейді. Кезекші топта 15 балдырған тәлім алуда. Балабақша ішіне кіргенде ертегі әлеміне енгендей болдық. Кіре берістен күле қарсы алған балабақша меңгерушісі Индира Мұратханқызы балабақша бөлмелерін аралатты. Әрбір бөлме шебер ойластырылып, түрлі қолөнер бұйымымен әсем безендірілген.
– Мұндағы әрбір зат өз қолымыздан шыққан. Бұл мекеме қызметкерлерінің еңбегі, – дейді «Ерке-Нұр» меңгерушісі. Сүйкімді балдырғандардың тәтті тілімен ән тыңдап, сапарымызды әрі қарай жалғастырдық.
ЕЛДІ МЕКЕН ТІРШІЛІГІН ЖАНДАНДЫРҒАН КӘСІПОРЫНДАР
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында кәсіпкерлікке көп көңіл бөлінуде. Келесі кезекте аудан басшысының, ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен өтетін бұл жәрмекелерде өз өнімдерін ұсынушы Бейбітгүл Сағатбекованың дүкеніне бардық. «Дана» дүкені 25 жылдай жұмыс істеп келеді. Дүкен иесі 3 адамды жұмыс қамтып отыр. Сауданы әр жәрмеңке сайын үзбей жасайтын теректілік Бейбітгүл апайдың айтуынша: «Келген сатып алушыларға береріміз көп - өзіміз пісіретін нан өнімдері, сүт, ет өнімдерін апарамыз. Әкелген азық-түлік тауарларымызды іздеп жүріп алатын тұрақты клиентеріміз де баршылық», - дейді теректілік саудагер.
Теректі ауданына сапар барысында біз жергілікті жетекші кәсіпорындардың бірі – «Қасымжан» ЖШС-не келдік. Бұған дейін аудан тұрғындарына «Теректі» ШҚ ретінде белгілі болды. Негізгі бағыты - өсімдік шаруашылығы, алайда қазір мұнда жылқы өсіру де қолға алына бас-тады.
Серіктестікті Мұрат Садықов басқара-ды. Серіктестік басшысымен әңгіме барысында шаруашылықтың айналысатын кәсібі туралы білдік. Жалпы ЖШС егістік ауданының мөлшері 3 000 гектарды құрайды. Сонымен қатар, күнбағыс (960 га), күздік қара бидай (200 га), көпжылдық шөптер (120 га) және соя (103 га) егілді.
Кәсіпорынның еңбек ұжымында 25 адам бар, олардың басым бөлігі округ тұрғындары. Машина-трактор паркінде 25 бірлік техника бар. Қазіргі уақытта егістіктерде химиялық өңдеу және өсіру жұмыстары жүргізілуде.
«Қасымжан» ЖШС ауылдық округте өткізілетін шараларға қаржылай қолдау көрсетіп, демеушілік жасайды. Бұдан басқа кәсіпорын техникасы қыс уақытында ауылды қардан тазаласа, қалған мезгілдерде қоқыс шығару және т. б. жұмыстарға қатысады. Бірлігі жарасқан еңбекқор ауылдан түйгеніміз – тынымсыз тірлігінің арқасында ауыл түрленіп дамып келеді.
Шолпан АСЫЛБЕКҚЫЗЫ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.