Сіздерді қасиетті де ұлы мереке – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Жеңіс Күні – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының куәсі. Ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары адам төзгісіз қиыншылықтарды Сіздер қайыспай көтеріп, елдің қамал-қорғаны бол-дыңыздар. Сіздер сияқты жеңімпаз ұрпақтың ерен ерлігі, жалындаған жігері, өршіл рухы, Отанымыздың тәуелсіздігі жолындағы халқымыздың құрыштай берік бірлігі – бізге әрқашан да үлгі болып, рухтандырады.
Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі. Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын - байрақ, намысын - найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандар рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Ерлігімен тарих парағында өшпес із қалдырған аға буын алдында өлшеусіз қарыздармыз. Олардың есімдері халықтың жүрегінде мәңгі сақтаулы. Сонымен қатар, бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен Елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі.
Биыл ХХ ғасырдың сұрапыл со-ғысы, алапат майданы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жыл-дығы. Қасиетті күннің ұлық мереке-сімен Сіздерді құттықтай отырып, осы сәтті жақындатуда көзсіз ерлік көрсеткен даңқты аталарымыз, Кеңес Одағының Батырлары Қойкелді Аухадиев, Николай Авдеев, Лаврентий Константинов, Федор Полынин, Иван Сапалев, Сергей Седнев, Николай Фонов, Николай Шарабарин, Иван Яроцкий есімдерін құрметпен еске аламыз.
Біз дүниежүзін азат еткен қаһарман халықтың ұрпағымыз. Көкпекті ауданынан Ұлы Отан соғысына 18 мың 528 сарбаз қатысқан. Олардың 4191-і ұрыс даласында ерлікпен қаза тапса, 3154 адам хабарсыз кеткен. 11 мыңнан астамы жеңіс жалауын желбіретіп, аман-есен елге оралып, бейбіт еңбекке араласты. 9 көкпектілік «Кеңес Одағының батыры» атанса, кейінгі зерттеулер бойынша Кеңес Одағы батырлығына ұсынылып, бірақ атақ берілмеген тағы 6 адам бар екен. Олар - Ысқақбай Айжақсин, Омарғазы Тұрысов, Мұхамәди Мадьяров, Виктор Гутковский, Бейсембек Қозыбаев, Иван Керенцев. Бүгінгі батыр жауынгерлердің ізін жалғап отырған соғыс ардагерлері Валентина Федосова, Елеусіз Кинбаев, Мүталәп Ықыласов көзі тірі, қасымызда жүр.
28 батырдың сертін жоғары көтеріп, атақты Бауыржан Момышұлының батальонымен бірге шайқасқан көкпек-тілік капитан Қайым Гарипов бейбіт күн үшін күресте жанын қиды.
«Отан деген бір-ақ сөз. Бірақ осы бір сөздің мағынасына тең келер ешбір сөз жоқ. Сол ардақты Отан бүгін қауіпте тұрғанда жан аямай ел қорғаған сол батырлар болды», - деп жазды майдангер Баубек Бұлқышев өрімдей Қазақстан жастарына.
Ерлік пен батырлықтың өшпес даңқын ұрпаққа жеткізген ардагер-лерімізді бүгінгі жас буын әсте естен шығармай, аудан көлемінде 2 Даңқ мемориалына, 5 ескерткіш пен 34 обелискке есімдерін алтын әріппен жазып қастерлейді. Аудан көлеміндегі елді мекендерде Кеңес Одағының батырлары Қойкелді Аухадиев, Николай Авдеев, Лаврентий Константинов, Сергей Седнев, Николай Фонов, Иван Яроцкий, Николай Шарабарин, Федор Полынин есімдері ауылдардың көрікті көшелеріне берілген. Кеңес Одағының батыры Қойкелді Аухадиев атындағы Таисия Шнайдер жетекшілік ететін «Зерде» клубы хабарсыз кеткен жауынгерлерді іздеп табуда. Олардың қажырлы еңбегінің арқысында хабарсыз кеткен 20 жауынгердің есімі Преображенка ауылдық «Даңқ мемориалына» жазылды.
Біз еркіндіктің туын көтерген азат елде өстік. Бейбіт күнді жақындатуда тыл еңбеккерлері күндіз-түні аянбай еңбек етті. Бүгінде Көкпекті ауданында 300 тыл еңбеккері Ұлы Жеңіс әперген бейбіт күннің рахатын көріп отыр. Кейінгі жылдарда Отан соғысы ардагерлерінің көзі тірісінде бәріне дерлік жеке үй, ақшалай-заттай сыйлықтар беріліп тұрады. Тыл ардагерлері әрбір мерекелі, мерейтойлық жылдарда үкімет тарапынан қамқорлыққа алынған. 2020 жылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы барысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 600 мың теңгеден, тыл ардагерлеріне 100 мың теңгеден сыйақы қарастырылған. Ардагерлер ерлігі мен өмірі жайлы «Көкпекті» журналында, аудандық «Жұлдыз – Новая жизнь газетінде» мақалалар жарияланды.
Қазіргі күні бүкіл әлемді дүрліктірген «COVID-2019» пандемиясына байланысты шектеулер аталарымызға көрсетер құрметімізді азайта алмайды. Қан майданда жанын аямаған ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне деген бүгінгі ұрпақтың құрметі мен сүйіспеншілігін ешнәрсе де тыймақ емес.
Әр сарбаздың ерлігімен, қанымен, жанымен келген бейбіт күнді бүгінгі тыныш өмір кешкен ұрпақ мәңгілік есте сақтайды. Ардагер аталарымыз жасаған ерлік әрқашан жадымызда.
Бүгінгі ұрпақ аға буын ардагер-лер танытқан қаһармандық пен қай-сарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, көкпектіліктер, сіздерді Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз!
Асхат Смаилов,
Көкпекті ауданы әкімі
Талғат Сарманов,
аудандық мәслихат хатшысы
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.