Қалба тауы қойнауының қысы ерекше, Кеңтарлаудан бастап қымтаған ақ көрпесін Аққалаға дейін жайып, Жұмба мен Талды да бір қайырады. Көкпекті ауылынан Ажы күзеуіне дейін Өртеңтау мен Сарыбасқой биігін бірақ жабады. Осы аралықтағы ауылдар мүлгіген мамық қарын жамылып, қысқы ұйқыға кетердей самарқау. Осы жайлы тыныштықты бұзатын ақ боранда із тауып жол күреген жол техникасының гүрілі мен дүрілі.
Ауданға қарасты 52 елді мекеннің қыстағы қарым-қатынсын жеңілдетіп, көше жолдарын тазарту шаруашылық жүргізу құқығы бар мемлекеттік коммуналды мекемелер «Көкпекті» мен «Самарға » жүктелсе, бұлармен бірге тізе қосып қысқы жолды қардан тазалау жұмыстарын атқаратын «Көкпекті жолдары» мен «ДСУ 14», «ПДУ 6», «ДЭУ 29» мекелері екен. Көкпекті ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қ.Джилкишевтің мәлімдеуінше: «Көкпекті ауданындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 470,7 км құрайды. Айта кетсек, қар құсауынан елді мекендерге барар жолды тазалау кезінде жол тазалау ұйымдарынан соның ішінде: «Көкпекті» ШЖҚ КМК - Камаз, грейдер, фронталды жүктеуіш, 2 МТЗ-82) және «Самар» ШЖҚ КМК - Камаз,фронталды жүтеуіш, 2 МТЗ-28, «Көкпекті жолдары» ЖШС 2 фронталды жүктеуіш, грейдер, 2 К-700, МТЗ-1221, «ДСУ-14» ЖШС- грейдер, 2 К-700, 2 МТЗ-82,фронталды жүктеуіш және «Батраков» шаруа қожалығы 3 К-700 мекемелерінің 24 қар тазалағыш техникасы жұмылдырылды», - дейді басшы.
Қазіргі уақытта барлық жолдар қардан тазартылып, жол көлік қатынасы қалпына келтірілді. «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ күнделікті округтардан ақпарат жинап, жол қалпын патрульдау арқылы қадағалауда.
Бүгінгі күні аудан аумғынан өтетін республикалық, облыстық күре жолдар ашық. Аудан теңгеріміндегі 470 шақырым жолдарда дер кезінде тазаланып, тұрғындарға қиындық тудырмайды.
«Көкпекті ауылдық округі бойынша ауыл іші көшелерін қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде. «Көкпекті» ШЖҚ коммуналдық мемлекетік кәсіпорны тарапынан – 5 бірлік техника жұмылдырылуда. «Ауылым» деп жүректері соққан, ауылдастарының қамын ойлаған күрегіш техникасы бар мекемелер басшылары ауа-райының қолайсыз жағдайында қол ұштарын беріп, жәрдемдерін көрсетіп жатыр. «Көкпекті Жолдары» ЖШС-нің басшысы Г.Нұрғалиева тарапынан - 5 техника және жеке кәсіпкер «Ибраимов Р» - 1 техника шығарылып, қармен күресте көмектерін көрсетіп жатыр. Ауылдық округ және «Көкпекті» ШЖҚ КМК тараптарынан техника күші үлгермей жатқандықтан, ауылдың жанашыр азаматтары, жеке кәсіпкерлері ауыл тұрғындары қардың көлемді болуына байланысты жоғарыда аталған азаматтар сияқты қол ұштарын беріп, көмек көрсетулеріңізді сұраймыз. Барлық жұмыстар ауыл игілігі үшін» - дейді ауыл әкімі Қайрат Алғазинов. Көкпекті ауылы көшелері қардан тоқтаусыз тазартылуда. Тазартылған көше-лердің қиылыс-бұрылыстары кеңейтіліп жатыр.
Самар аулының жастары қалың қармен күресте нағыз жанқиярлық танытып, қарт адамдар мен жалғызбасты кейуаналарға көмек көрсетуде. Ауыл бойынша Александр Федосов басқаратын «ДСУ 14» жол жөндеу мекемесі қызмет көрсетуде. Қар тазалауға осы мекеменің грейдері мен екі беларусь, бір шынжыр табанды ауыр техникасы жұмылдырылған. Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының салтанатты түрде ашылуына орай, «Самар аграрлы-техникалық колледжі» студенттері Абай атындағы орталық алаңын абаттандыруға өз үлестерін қосып, ескерткіш маңайын қардан тазалады. Соңғы аптада ауданымызда қар толассыз жауды. Жауған қардың қалыңдығы 65-70 см ге дейін жетті. Қардың көп жаууына байланысты Самар ауылының «Самар аграрлы-техникалық колледжі» студенттері мен ауыл мектептеріндегі Тимуршылар командалары тыл еңбек ардагерлері және зейнеткер ұcтаздардың, жалғызбасты ата-апаларымыздың, мүгедек жандардың үйлеріне барып, қарын тазалап, отынын жарып, көмек көрсетті. Бүгін «Самар аграрлы-техникалық колледжінің» 1-курс студенттерінен жасақталған команда «Birgemiz» республикалық акциясы аясында жалғызбасты қарт, тыл еңбек ардагері Агафонов Леонид Филипповичтің үйіне барып, көмектесіп қайтты. Ақсақал өз кезегінде жастарға алғысын білдіріп, батасын берді.
Еріктілер жастық шақтарын еліміздің гүлденуі мен өркендеп дамуына арнап, маңдай терлерін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету - бүгінгі жас буынның басты парызы екенін айтып, мұндай шаралардың алдағы уақытта да жүзеге асатынын ерекше атап өтті.
Аудан әкімшілігі төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан ауыл тұрғындарын қалың қар басқан аулаларын дер кезінде тазартып, үйлерінің төбесіндегі, шатырлардағы қарды күреу кезінде мейлінше абай болу керектігін ескертеді.
Көкпекті - қардың қамбасы
Көкпекті қардың қамбасы,
Байбура қыстың Отаны.
Желтоқсан жылдың еркесі,
Қаңтар айдың сұлтаны.
Қалбатаудан қарғытып,
Толағайдан сабылтып,
Ақ түтегі еседі,
Боранның бауын ағытып.
Қайырып әкеп Тассайдан,
Үлгілімалшы үйіріп,
Шұғылбай мен Қойтасқа,
Тығындайды жидырып.
Қарақол мен Қараштан,
Ақ ұлпа бұлт жылжиды.
Қайыңдының орманы,
Қар астында мүлгиді.
Самар менен Сарыбел,
Ақ кіреуке жамылған,
Аппақ тау мен дала да,
Көз қарыққан сағымнан.
Осы қысы өлкемнің,
Теректіні қымтаған.
Үлкенбөкен мен Өрнекті
Ақ қырауға құрсаған.
Биғашымды бипаздап,
Қарғалыны тұмсаған.
Егінбұлақ өлкесін
Қорғалатып тыстаған.
Ұзынбұлақты қаумалап,
Шегелекті жентектеп,
Жансары мен Ақойды,
Коршап қойған кесектеп
Қарағандыкөл, Мамайды,
Жып-жылмағай етіпті,
Көкжайыкты әспеттеп,
Айналдыра төгіпті.
Жұмба менен Жаңажол,
Аққала менен Маринагор,
Қымтап жатыр көрпесін,
Жақсылығын бара гөр!
Осы қысы өлкемнің,
Осы райы жерімнің.
Теңдесі жоқ әлемде,
Туған жерім өзімнің.
Қайрат
Малғаждаров
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.