Қалбатауды жайлаған ел әлмисақтан мәрттігімен, ерлігімен, бір ауыз сөзге тоқтар, уәдесін бұзбас серілігімен белгілі болған. Тіпті ел мен ел жауласқан жаугершілік заманында айтқан серттен қайтпай, берген уағдаларын берік ұстанған. Қазақ-қалмақ арасындағы кантөгіс қырғын болар бір ұрыста екі жақ шеп құрысып, майданға тұрады. Әскердің дені өрімдей жастар, енді бұларды біріне-бірін қырғызса, ертең ұрпақ та қалмауы мүмкін. Тақ осы кезде, екі жақтың сардарлары келіссөз жүргізе келіп: «Кімде кімнің сарбазы, анау Қалбатаудың биігіне түйетасты бірінші болып көтеріп шықса, қантөгісті тоқтатып, бейбіт жолмен келісімге келейік» десіпті. Сондағы қазақ-қалмақтың арасынан шыққан қос палуанның ішінен Көкжал Барақ батыр түйетасты Қалбаның шыңына бірінші болып көтеріп апарыпты. Қазақ-қалмақ әскері соғысты тоқтатып, күш атасын мойындап мәмлеге келген екен.
Міне Қалбатауының қабыландары білек күшімен атам заманынынан қарсыластарын мойындатқан. Осы дәстүрді қайта тудырып, Қазақстанға әкелген әлемге әйгілі армрестлингші, гір спортының әлемдік тұлғасы – Мұхамедолла Сағидоллаұлы Ағзамов.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бек Назарбекұлы Нұғыбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мейрамына орай «Көкпекті ауданнының құрметті азаматтарымен» ауданның мекемелері мен бөлімдерінде, мектептері мен балабақшаларында кездесулер ұйымдастырылды. Осындай тағылымды кездесу жақында ұжымы Қабанбай батыр атын алуға ұсыныс жасаған Көкпекті орта мектебінде өтті. Ауданымыздың мақтанышы, қазақ халқының ардагер спортшысы гір көтеруден 3 дүркін әлем чемпионы, 6 мәрте жүлдегері Мұхамедолла Ағзамовпен кездесуге Көкпекті ауылдық округінің әкімі Қайрат Алғазыұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Слямбек Насырбайұлы, аудандық маслихаттың депутаты, спорт жанашыры, ауданымызда әскери-спорттық клубтарды алғаш ашып жасақтаған, спорт шебері, ардагер спортшы Бекболат Ешмұханбетұлы, белгілі ұстаз, білім саласының майталман маманы, мектеп директоры Нұргүл Мұратқызы, спорт, ішкі саясат, білім бөлімі мамандары мен Көкпекті орта мектебінің «Жас сарбаздар» сыныбы, Л.Фахрутдинов атындағы әскери клуб мүшелері, Көкпекті орта мектебінің «Жас ұлан» балалар ұйымының мүшелері қатысты.
Сахна мен зал мерекеге сай безендіріліп, мектептің үздік споршылары медальдарын тағып, қызыл кілемнің екі жағына сапқа тұрды. Құрметті қонағымыз әр балаға аялай қарап, ерекше толқыныспен саптан өтіп, төрге жайғасқанда, кезінде жастардың көшбасшысы болған, аудан жастарын талай дүбірлі додаларға қосқан, өзі де палуан, өзі де боксшы Слямбек ата сөз алды.
- Бүгінгі кездесу көптен күткен шара. Мұқан аға ауданға күнде келіп жүрсе де, дәл осындай арнайы шақыру бірінші рет болып тұр. Ауданның құрметті азаматы ретінде осындағы елдің игілігіне, егемендік алған күннен етене араласып, еңбегін сіңіріп жүрген азамат ағамыз. Көкпекті ауданының тарихын қамтыған «Ата жұртым Көкпекті» кітабын шығартқан да осы кісі. Қымбатты балалар, Мұқан аталарың ел мақтан етіп, үлгі алатын тұлға.
Осы сөзден кейін балаларға атақты спортшының өмір жолы мен спорттағы бағындырған биіктері туралы слайдтар көрсетілді.
Мектептің беделді мұғалимасы Хамида Мұқатаева ардагер спортшының өмірбаянына тоқ-талып, егжей-текжейлі таныстырып өтті:
- Мұхамедолла Ағзамов 1951 жылы 2 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданының Өрнек ауылында дүниеге келген. Техникалық ғылымдар кандидаты, Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің профессоры, Әлемдік қол күрес федерациясының вице-президенті, қол күрестен халықаралық класстағы спорт шебері, ардагерлер арасында Азия чемпионы. Мұқан ата бұрынғы Кеңес Үкіметі кезіндегі гір көтеру және қол күрес спорт түрлерінің негізін қалаушылардың бірі. 1985 жылы гір көтеру спорт түрінен КСРО Чемпионатына қатысты, қол күрестен 5 дүркін Азия чемпионы. Мұхамедолла Сагидоллаұлы гір көтеру спорт түрінен бірінші санаттағы халықаралық төреші, қол күрестен де халықаралық төреші атағын алған бірден бір жерлесіміз. Мұхамедолла Сағидоллаұлы өз басшылығымен Қазақстанда гір көтеру және қол күрес спорт түрлерінің Федерациясын құрып, 12 жыл басшылық жасады. Қазіргі уақытта да Құрметті Президенті болып табылады. 2005 жылдан бері құрамына әлемнің 84 мемлекеті кіретін қол күрестен Халықаралық Федерацияның вице-президенті. Қазіргі уақытта республикамызда, облыс пен ауданымызда өтетін барлық ауқымды спорт шараларына белсене араласады. Оған дәлел, біздің ауданымызда дәстүрге айналған жыл сайын өткізілетін волейбол ойынан турнирді айта аламыз. Міне, осындай ел ағасын барша қазақстандық мақтан тұтады, – деп атап өтті.
Кездесу барысында балаларға арнап Мұқан аға өз шеберлігін көрсетті. Мектеп оқушылары Дмитрий Вишняков пен Раиль Мавлютов спортшы атаның тәлімін алды. Көкпекті ауылының тұрғыны Қайрат Бесбайыс ардагер ағаға арнауын оқып, майлы бояумен салынған Мәди Қайырханның «Шұғылбай ауылының балықшысы» картинасын мектеп ұжымына сыйға тартты.
Бүгінгі кездесу жас ұрпақтың аға буынмен бетпе-бет жүздесуі болды. Атақты спортшы туған елінде де өзіне қарап бой түзеп, ізімен келе жатқан өскелең ұрпақтың бар екенін көрді. Жас ұстаздар Ринат Найзабаев, Ринат Орынбеков, Ержан Ғабитханов, Талгат Тұрсынов және мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Зарина Омарова іс-шараны тыңғылықты даярлап, мағыналы-мәнді етіп өткізді. Мектеп тәлімгері Аяулым Қайдарқызы шараны ұйымдастыруда іскерлік танытты.
Тағылымды шараны ұйымдастырған Көкпекті орта мектебінің ұжымына Мұқан мен Слямбек аксақалдар алғыстарын айтып баталарын берді.
Қайрат МАЛҒАЖДАРОВ
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.