Барша адамзатты бей-жай қалтырмайтын Білім күні, яғни алғашқы қоңырау мерекесі кең-байтақ қазақ жерінің әр түкпірінде айрықша сән-салтанатымен өтті. Алтын ұя білім ордалары мектеп табалдырығын алғаш аттаған мыңдаған бүлдіршіндерге есігін айқара ашты. Аудан орталығындағы тұлғалы білім беру мекемесі, іргелі қара шаңырақ Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектеп және Көкпекті орта мектебінің ауласы алғашқы қоңырауға сай әдемі безендірілген. Кім-кімнің болмасын өзіндік ерекшелігі мен мәңгі есінде сақталатын жайдары мерекеге тұлымдарына ақ бантиктерін байлаған түймедей ғана сүйкімді қыз балалар мен мойнына галстук тағып, нағыз ержігітше жасанған балғын ұлдар, оларды қызықтауға келген ата-аналар, сала ардагерлері мен ұстаздар қауымы, жалпы оқушыларға лық толы.
Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектепте мемлекеттік Ту аспандап, Әнұранның шарықтауымен шымылдығы ашылған алғашқы қоңырау салтанатына құрмет-қошеметпен шақырылған бүгінгі күннің басты қаһармандары - 1 сынып бүлдіршіндерін жетектеп сынып жетекшілері Қымбат Байбусинова мен Самал Байсеңгірова бастап жүрді. Мектеп табалдырығын енді ғана аттаған кішкентай бүлдіршіндер ұстаз, алтын ұя мектеп туралы тақпақтарынан шашу шашты.
Мереке барысында өз кезегімен көпшілікке ізгі тілектерін мектеп директоры Қажет Жүнісбеков, Аудандық білім бөлімінің басшысы Шолпан Мұстафинова, ата-аналар атынан 1 сыныпқа барған Жанелдің апасы Фарида Жағыпарқызы арнаса, ардагер ұстаз Нұрила Сақтағанова ақ батасын берді. Биылғы оқу жылында Ж.Шайжүнісов атындағы орта мектебінде 350 ге жуық, ал Көкпекті орта мектебінде 584 оқушы білім алады.
Құшақтарды гүлге, жиналған көпшіліктің жүздерін нұрға бөлеген, сағыныш пен шаттыққа толы мерекенің соңы сыныптардағы «Сапалы білім, жарқын болашақ» тақырыбындағы тәрбие сағаттарымен сабақтасып, білім ордасын әдеттегідей тағы да оқушылардың у-шуы мен сыңғыр күлкісі кернеп, білім шаңырағы өзінің қалыпты жұмыс ырғағына көшті.
Ал Көкпекті орта мектебі білім күнін үлкен дайындықпен қарсы алды. Мерекенің алғы сөзі мектеп директоры Нұргүл Сармановаға берілді.
«Биыл кіші орталықты қоспағанда 584 оқушы мектеп табалдырығын аттады. Оның ішінде 65 оқушы 1 сыныпқа қабылданды. Мектебімізде сапалы білім мен саналы тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Жаңа оқу жылына білім ордасы сақадай сай», - дей келе, барша жиылған жұртшылықты қуанышқа толы мерекемен құттықтап, жаңа оқу жылына жаңа табыстар, биік белестер тіледі.
Мерекелік жиын ашық деп жарияланысымен әуезді Әнұранымыз орындалды. Мерекелік шараға арнайы келген Көкпекті ауданы әкімінің орынбасары Марат Қапарұлы Теміржанов оқушылар мен ұстаздар қауымын, ата-аналарды мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
Білім теңізіндегі үлкен сапарларыңда талмай ізденіп, «Мектеп» атты кеменің желкенін биік те нық ұстаңдар, ақ жол, сапарларың сәтті болсын деген ниетпен білім ордасына 1 сынып оқушылары бастап кірді. Салтанатты мереке білім күніне арналған «Сапалы білім, саналы ұрпақ» тақырыбындағы тәрбие сағаттарымен жалғасын тапты.
Нағима Қияқпаева, 1 сынып оқушысы Айназдың апасы:
- Немеремді мектеп табалдырығын аттаған қуанышты күнімен құттықтаймын. Барлық ізгі армандары орындалып, өмір жолы ашық, болашағы жарқын болып, егеменді еліміздің білікті азаматы болып өсе берсін!
Сәуле Байсалбаева, 2 сынып оқушысы Шерханның анасы:
- Мектепте балалардың білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Осының бәрі еліміздегі тыныштық пен татулықтың арқасында деп ойлаймын. Барлық ұстаздар мен ата-аналарды, шәкірттерді Білім күнімен құттықтаймын! Бүгінгі күн барша сәттіліктердің бастамасы болсын!
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.