Серіктестер

                                                                                                                    

                                                                                         

 

 

Көкпекті аудандық Қалихан Алтынбаев атындағы Мәдениет үйінде  «Толағай сұлтаны - 2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысысының екінші күнінде сынға түскен оғландарымыз білімі мен өнерін ортаға салды. 

Білектің күші емес білімнің асқандығы сыналар тұста сайыскерлердің бағасын берген әділ қазылар Ерлан Төлеутай – әнші-композитор, режиссер, киногер, «Жігіт сұлтаны» республикалық сайысының жүлдегері, Омар Жәлелұлы – абайтанушы ғалым, Лев Гумилев атындағы Еуразия унивеситетінің қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, Айбек Нұғымаров – түйе палуан, ауыр салмақта халықаралық дәрежеде спорт шебері, «Әлем барысы» және «Қазақстан барысы» турнирлерінің екі дүркін чемпионы, Айдын Салбанов - Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының көркемдік жетекшісі, Ришат Рамазанов – Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болды.


Сайыстың «Ел үмітін ер ақтар» кезеңінде қатысушылар өздерін таныстырып туып-өскен ортасы туралы ән мен өлең, қарасөзбен нақыштап айтты. Қара сөзді қисындырып, әнді әсем әрлеп, ата-тегін түгел қамтыған сайыскерлер көрерменді тәнті етті. Өзін-өзі таныстыруда ауданымызға көршілес Тарбағатай ауданынан келген Ерқанат Әлихан үздік болды.
Екінші кезеңдегі «Өнерлі өрге жүзер» атты сайыста қатысушы жігіттер сахналық көрініс, жанды дауыста ән айту, ұлттық аспаптарда ойнау, қолөнер шеберлігі, монолог, өлең оқу, ерекше нөмір көрсету бойынша сынға түсті. Бұл сайыста астанамыз Нұр-Сұлтан қаласынан келген Алтай Бимен ешкімге дес бермеді. Осы номинацияда 7 пұттық зеңгі баба тұқымын көтерген Әкбар Елубайұлы көрерменді таң-тамаша етті.
Сайыстың кульминациясы «Білімді мыңды жығар» бөлімінің тез өткені берілген екі сұрақты жастардың білгенін «білдім», білмегенін «жоқ» деп бір-ақ қайырғанынан болды.
Осы сайысты әзірлеп өткізуде облыстық жастар ресустық орталығының басшысы Арайлым Керімбекқызы Есімбекованың командасы тік түрегеліп қызмет етті. Жерлесіміз Аманкелді Бахтинов басқа-ратын Семейлік «Дариға-ай» театры Айбек Тлеуханның сценарийі бойынша «Толағай батыр» аңызы қойылымын көрсетті. Облыстағы мәдениет қызметкер-лерінің абыз-ақсақалы Адай Азаматов басқаратын филармонияның әншілері де концерт қойып, той қызығын еселей түсті. Гүлдана Ноғайбаева бастаған күміс көмей әншілер Қалба түнінің түндігін әсем әуенмен серпіді.
Көктім аймақ ханының ұлы тойына келген Қобыланды батырдай сайланған жастарымызды таныстыра кетсек: Қалың қыпшақ жайлаған Қараспан таудың сілемінен келген қостанайлық Рүстем Сәрсенәлі, «Кереку адыра қалсын қала болып» деп атақты Майра апамыз наз-дана әніне қосатын Павлодардан келген бахадүр Батырбек Қошқарбаев та кер бестіні ойнатып, әлекендей жаланып тұрды. Алматы облысынан келген Мейрамбек Рахимбаев ұлы жүздің туын желбіретіп Толағайда қаракерей Қабанбай батырдың ақ байрағының түбінен табылған Райымбек батырдай болып жарқылдады.
Кешегі генерал губернатордың қызын алып қашатын ер Мәдидей жарқылдап, аттыдан жаяу жүріп кегін алған Жаяу Мұсадай саңқылдап қарағандылық Тлеухан Мейірханұлы ортаға шыққанда қалың көпшілік қолдауын білдіріп, қоша-метін аяған жоқ. Түркістан облысынан келген, қалың қоңырат жайлаған Жиделі-байсынннан Алпамыстай алып Әкбар Елубайұлы ат үстінен көрінгенде «міне қазақтың жігіті» деп тамсанбаған адам қалмады. Маңғол мемлекетінің Баянөлгей аймағынан келген Төлеухан Сұраған да Оспан батырдың көзіндей, Дәулеткерейдің өзіндей болып шыққанда, ел қошеметіне ие болды. Ақмола облы-сының арманын арқалап, үмітін жандырып келген жас өрен Ерден Нұртайлы жеңісті қолдан берместей мығымдығын көрсетті. Мұнан соң аудандардан келген дарабоз саңлақтарымыздың ішінде Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаевтың мысы басым болды. Көкпектіліктер той иесі ретінде екі жігітке - Нұрболат Қауан мен Ерлан Әзімбаевқа үміт артыпты. Нұр-Сұлтан мен Өскемен қаласының намысын – Бимен Алтай мен Слямбек Қабиев қорғап келген екен. Бородулихалық Нұрберген Төлеген, глубокийлық Тілек Мухаметханұлы, бесқарағайлық Данияр Бекболатұлы, жармалық Жандос Қалижаров, Алтай ауданынан Ақжол Жомархат Шүршітбаев, тарбағатайлық Ерқанат Алихан, Ұланнан Бағжан Маркс және күршімдік Ерасыл Ержан Ахметов, зайсандық Рауан Сахановтар да «кандай сайыс болсын дайынбыз» деп білек сыбанып, сақадай сай тұрды.
Мерекенің жабылу салтанатында сөз алған Омар Жәлел: «Құрметті елдің азаматтары! Бүгін міне үлкен мереке болып жатыр. Толағайлар дүниеге келіп жатыр. Алла қаласа Толағайдай ел қамын ойлайтын , ел үшін еңбек ететін азаматар шығатынына сенеміз. Келесі жылы дәстүрлі өтетін осы жобаға жігіттер жыл бойы дайындалсын. Бұл заман тек қана білегі күштілердің заманы емес, интеллектуалды білгірлер заманы. Сондықтан үміткер қатысушылар бір жыл қазақ мәдениетін зерттеп, әдебиетін оқысын. Қазір білімді мыңды, білекті бірді жығатын заман. Атқа міне білу, садақ ата білу, бес сайыс осының бәрі бұрын болған. Кезінде қазақтың әр жігіті домбыра тартатын, өлең айтатын. Түйе мінген қазақ та төрт ауыз өлең шығарған. Қазақтың аты шыққан биі Майқы би айтатын «Майқыдан асқан ақын жоқ, тамағыңнан жақын жоқ, Мамада атың болмаса, ер жігітте тақым жоқ» деп, сондықтан жігіттер атқа мініп жыл бойы дайындалыңдар. Бұрынғы қазақ өнері жоқ адамды адамға санамаған. Шәкәрім: «Өнері жоқ адам - өлі адам, ондай адамға жолама», - деген екен. Қазақ рухы қайта тіріліп келеді, сол рухқа сай болыңдар жігіттер», - деп шешен сөзін жалындата аяқтады.


«1991 жылы «Жігіттің сұлтаны» деген бұл сайыстың тұсауы кесілді, одан кейін әр түрлі деңгейде Алматы, Көкшетау, астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткізіліп жүрді. Еліміздегі экономикалық қиындықтарға байланысты бұл үлкен шара 1998 жылы тоқтатылған болатын. Содан бері бұл шараны өткізуді көп жерлерге ұсындық, ешкім қамданып қолға ала қойған жоқ. Биыл бағы жанып, жоба қайтадан тіріліп, «Толағай сұлтаны» деп жаңаша аталып, жаңа салмақпен Республикамыздың мәдени аренасына шықты. Құттықтап қоюларыңызға болады. Міне бүгін аттың дүлдүлін анықтау, түйе палуанды бағалау оңай болса, кім алдымен келеді, кімнің күші тасып таза жеңіп тұрғаны көзге көрінеді, жігіттің жампозын, жігіттің сұлтанын, жігіттің Толағайын анықтау қиын болды. Қазылар алқасы өте қатты қиналды. Үш күнге созылған «Толағай сұлтаны» сайысы қызықты болды. Бүгін біз жаңа заманның жастарын көрдік. Еліміздің болашақтарын көрдік. Ғажап талантты азаматтарды, шешендерді, палуандарды, көрдік. Ендігі естіп тұрған жаңалығымыз келесі жылы бұл шара Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай халықаралық масштабта өт-кізіледі екен. Жігіттер, жеңістеріңіз құтты болсын! Халық, қуаныштарыңыз құтты болсын!», - деп сөзін аяқтады әділ қазылар алқасының төрағасы.
«Лада гранта» автокөлігі тігілген бас жүлдеге әділқазы мүшелерінің шешімі бойынша Абай ауданынан келген Айдос Үркімбаев лайық деп танылды. І орын1 миллион теңгені Түркістан облысының оғланы, көкпектіліктердің табындағы торпақтарын қаңбақша көтерген Әкбар Елубайұлы алды. «Толағай сұлтаны - 2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысының екінші жүлдесі 700 мың теңгені карағандылық сері Тілеухан Нұрхан қанжығасына байлады, ІІІ орынға тігілген 500 мың теңге керекулік Батырбек Қошқарбаевтың қанжығасына байланды. Бұдан өзге 100 мың теңгелік атаулы сыйлықтар:
«Тапқыр жігіт» - Моңғолия халық республикасынан Сұраған Төлеуханға, «Өнерлі жігіт» - Нұр-Сұлтан қаласынан келген Алтай Бименге, «Білімді жігіт» - Тарбағатай ауданынан келген Ерқанат Әлиханға, «Қайсар жігіт» - Глубокий ауданнынан келген Тілек Мұхамедхановқа, «Мерген жігіт» - көкпектілік сайысшы Ерлан Сайлауғазыұлына, «Палуан жігіт»- Зайсан ауданынан келген Рауан Сахановқа, теңге ілуден алдына жан салмаған «Епті жігіт» - Слямбек Қабиевке, «Білекті жігіт» - Алматы облысынан келген Мейрамбек Рахимбаевқа берілді. Көкпекті ауданы әкімінің 50 мың теңгелік арнайы сыйлығын көрермен көзайымына айналған, жарақат алуына қарамастан өнер көрсетуді жалғастырған Бородулиха ауданының қатысушысы Төрехан Нұрберген иеленді.
Үш күндік ұлы дүбір тойдың бас демеушісі сенатор Дүйсенғазы Мусин ауданды басқарғаннан бері өркендеп дамып келе жатқан – «Елім-ай –Көкпекті» агрокешенінің басшысы ағайынды Болат пен Түсіпбай Бекбердиновтер болды. Мұнан өзге ауқатты шонжарлар, қолы ашық меценаттар – Ержан Қойгелдин, Владимир Виничук, Бауыр-жан Рапеков, Жұмабек Күшікпаевтарға аудан жұршылығы атынан аудан әкімі Асхат Смаилов алғысын білдірді.
Бәрінен де тойға келген ел қызық көріп, әсем алаңды аралап, субұрқақта салқындап қаладай жайнаған Көкпекті ауылының көркін тамашалады. Мерекені қызықтаған елге облыстық жастардың ресурстық орталығы қойған тоңаштқыш, теледидар, тоқ пешті лотерея ойынына шығарып, билеттерді тегін үлестіруді ұйымдастырған Жақия Шайжүнісов атындағы орта мектептің ұжымы болды. 500 билет алушының ішінде жолы болып жүлдені алған Шегелек ауылынан Ақан Сарманов - тоңазтқыш, аудандық мәдениет үйінің қобызшысы Гүлмира Апсалямова – теледидар, түзету кабинеті қызметкері Раушан Тлеукенова – тоқ пешті ұтып алды.
Нұр-Сұлтан мен Алматыдан, Өскемен мен Семейден келген той қонақтары ішінде облыстың, ауданның құрметті азаматары, кезінде ауданды басқарып, ел билеп атқа мінген ағалар мен апалар да болды. Сайыс басталған күні әулие Ырғызбай ата мұражай кешенінде ата аруағына зиарат етіліп, ас берілді.
Көне Көкпекті ауданы жерінде ұлтымызды ұлықтап, өткенімізді екшеген, болашағымызды бағдарлаған салтанаты шара аяқталды. Жүйріктерімізді таныған сайыс та мәресіне жетті.
Самар ауылында орнаған Абай ескеркіші бұл өңірге жаңа леп, кең тыныс, үлкен серпіліс әкелері хақ. Абай ата өлеңдерін бүлдіршіндер жаттап, үлкендер мереке-мейрамда ән қылып айтып, жастар махаббат гимніндей сүйген жүректің назын жеткілгелі жылдар өтіп келеді. Бұл үрдіс ұрпақтан ұрпаққа жетері сөзсіз. Ұрпағымыз Абай ескеркішіне келіп тәу етіп, Абай ескерткішіне қарап бой түзер. Ескерткіштің ашылуына дөп келген «Толағай сұлтаны - 2019» халықаралық спорттық-шығармашылық сайысы да көремендер мен жанкүйерлердің көңіл көтерер қызықты мерекесі болды.
Мереке соңы Толағайдың тамылжыған кешінің аспанын жарқылдатып, от шашу атумен аяқталды.

Пікір:

Редактордың блогы

 Көкпекті аудандық  

«Жұлдыз - Новая жизнь» 

 газетінің сайтына

қош келдіңіздер!

 Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!

Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов. 

 

 

Күнтізбе

<< < Қыркүйек 2019 > >>
Дс Сс Ср Бс Жм Сб Жс
            1
3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Қаралым санағы

HotLog

Біз әлеуметтік желідеміз