Еңселі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының туған күнін Көкпекті және Самар ауылдары дәстүрлі түрде жәрмеңкелер өткізумен бастады. Жергілікті тұрғындар ауылдық округтердің ауыл шаруашылық өндірушілерінен қолжетімді бағамен жаңа өнім сатып алды.
Таңертеңнен бастап толтырылған сөрелер Көкпекті ауылындағы "Патхан" базарында орналасқан. Өз өнімдерін Көкпекті, Үлкенбөкен, Теректі, Үлгілімалшы, Тассай, Көкжайық, Биғаш, Шұғылбай, Қойгелді Аухадиев атындағы ауылдық округтер ұсынды.
Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің берген ақпараты бойынша, жәрмеңке барысында 960 кг сиыр еті, 250 кг қой еті, 300кг балық, 60 кг бал, 300 кг картоп, 100 кг қырыққабат, 100 кг сәбіз, 50 кг тартылған балық еті, 90 кг сары май, 900 жұмыртқа, 40 л тұз, 54 кг қаймақ, 46 кг талқан, 54 кг құрт, 54 кг сүзбе сатылды.
Самар ауылының тұрғындары Мариногорка, Миролюбовка, Бас-таушы, Палатцы, Құлынжон, Самар, Сарыбел ауылдық округтерінің және Аққала ауылдық округінің тауарларын сатып алды. Барлығы 840 кг сиыр еті, 200 кг қой еті, 300 кг балық, 70 кг бал, 300 кг картоп, 200 кг қырыққабат, 150 кг сәбіз, 70 кг тартылған балық еті, 80 кг сары май, 800 жұмыртқа, 40 л тұз, 48 кг қаймақ, 40 кг талқан, 48 кг құрт, 48кг ірімшік сатылды. Сұранысқа ие азық-түліктердің бекітілген бағасы келесідей болды: сиыр еті – 1350 тг/кг, қой еті – 1250 тг/кг, тартылған балық еті – 400 тг/кг, сүт - 150 тг/л, қаймақ – 1400 тг/кг, сүзбе – 350 тг/кг, сары май – 2000 тг/кг, құрт – 1200 тг/кг, талқан – 400 тг/кг, бал – 1000 тг/кг, жұмыртқа-25 тг /кг.
Нұрия Әбілханова, Көкпекті ауылының тұрғыны:
- Маған жәрмеңкелер өте ұнайды. Оларға үнемі баруға тырысамын. Ауылдық жерлерде өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, барлығымызда бақша өсіруге немесе малға күтім жасауға уақыт пен мүмкіндік жоқ. Ал мұнда қажетті табиғи өнімдерді қолайлы бағамен сатып алуға болады. Үлкенбөкен ауылдық округінің өкілдерін бөлек атап өткім келеді. Оларда әрқашан дәмді және қолжетімді бағадағы өнімдер бар. Жәрмеңкеге келгенде, бірінші кезекте олардың сөресіне барамын. Осы іс-шара үшін ұйымдастырушыларға үлкен рахмет.
Жыл сайынғы дәстүрге айналған аудандық шағын футболдан жарыс биыл әсем елордамыздың туған күнімен тұспа-тұс келді. Ұйымдастырып демеушілік көрсеткен, ата-анасының аруағына ас беріп, құран бағыштатқан кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің маманы Артықпаев Бауыржан.
Мереке күнінде қол қусырып жатпай, бақтарын сынауға әр ауылдан жиылған спортшы саңлақтардың қарасы қалың болды. Шараға барлығы 13 команда қатысты. Ауа-райының шыжыған ыстығына қарамастан өздерінің шеберліктерін дәлелдеуге келген командалардың ешқайсысы осал емес. Сайыс жеребе тарту бойынша өткізілді. Ойын 2 таймнан тұрып, әр тайм 10 минутты құрады. Ойынның бас төрешісі аудандық спорт бөлімінің әдіскері С.Темірханов. Таң атқаннан кешке дейін созылған дүбірлі ала доп додасының алғашқы ойыны «Ықылас» және «Шәріптоғай» командаларының арасында өтті. Кездесу екінші аталған команданың айқын басымдылығымен аяқталды. Футбол бәсекесіне шалғай ауылдардан келген командалардың жеңіске деген ұмтылысы мен белсенділігі көңіл қуантады. Жүзден жүйрік шығып жүлделі ІІІ орынға аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінен құрылған командамен «Луговой» командасы таласты. Тартысты бәсекеде негізгі уақыт аяқталып, ойын экстра-таймға көшкен соңғы сәтте«Луговой» командасы жеңісті жұлып әкетті. Барлығымыз асыға күткен кіл мықтылардың ойыны финалдық сайыста «Шәріптоғай» командасымен «Толағай» командалары кездесуімен жалғасты. Соңғы демдері қалғанша аянбаған қос жүйрік команданың бір біріне жасаған өткір шабуылдары, талайдың көңілінен шығып нағыз финалдық бәсекеге лайықты команда екендіктерін көрсетті. Десе де шын мықтыға тұсау жоқ екені белгілі, өздерінің үздік екендіктерін дәлелдеген «Шәріптоғай» командасы жеңімпаз атанып, биік тұғырдан көрінді. Марапаттау рәсімінде жүлделі үшінші орын алғаны үшін «Луговой» командасы 20 мың, «Толағай» командасы 30 мың теңгемен марапатталса, бас жүлде 50 мың теңгені «Шәріптоғай» командасы қанжығаларына байлады. Футбол додасында ерекше көзге түскен ойыншыларға арнайы аудандық спорт бөлімінің атынан үздік қақпашы А.Шәкеновке, үздік қорғаушы М.Каусовқа, үздік шабуылшы Д.Алатаевқа 10 мың теңгеден табысталды. Жарыс соңында ойыншылар естелік суретке түсіп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.