Көкпекті ауданының коммуналдық шаруашылық қызметкерлері мен техникалары қызу жұмыс үстінде. Бұған жұмыс атқарылып жатқан жерлердегі тақтайдай тегіс ауыл жолдары мен түзу көшелерге қарап көзіміз жетеді. Көктемнің алғашқы күндерінен бастап «Көкпекті» коммуналды шаруашылығының техникасы ауыл жолдары мен аудан орталығының ішкі көшелеріне жұмылдырылды. Бұрын бұл жұмыспен мердігерлер айналысып келген.
Аудан басшысы Асхат Смаиловтың бастамасымен коммуналдық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту, жұмысын жандандырып, жаңа арнаға бұру бағытында қыруар шаруа атқарылды. 2018 жылы «Көкпекті» және «Самар» коммуналдық мекемелерінің техникалық базасы жаңартылды. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 99 миллион 300 мың теңге қаражат бөлініп, жаңадан 5 бірлік техника және 4 техниалық құрылғылар сатып алынды. 2019 жылғы аудан бюджетінен жаңа техника сатып алуға тағы 160 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. Шаруа-сы шатқалақтап кеткен коммуналдық мекемелердің жұмысын жолға қойып, дұрыс арнаға бұрудың алғашқы нәтижесін бүгін көріп отырмыз.
Бүгінгі күннің өзінде «Көкпекті» коммуналдық мекемесі 62 шақырым жергілікті маңыздағы ауыл жолдарын грейдерлеу жұмысын аяқтаған. Бұл Тассай ауылына апаратын 18 шақырым жол жиегі, 9 шақырым Тассай – Үшкөмей, 30 шақырым Бастаушы – Қараөткел, 4 шақырым Көкпекті – Шәріптоғай автокөлік жолдары.
Сонымен бірге, аудан орталығы Көкпекті ауылының 7 көшесіне құм, қиыршық тас төсеу және грейдерлеу жұмыстары басталды. Мағжан Жұмабаев көшесіне грейдер жүргізіліп, жол жиегіндегі арық жыртылды. Шоқан Уәлиханов және Николай Авдеев көшелерінің тозығы жеткен бөлігіне қиыршық тас төселіп, грейдермен тегістелуде. Ағымдағы жылы 100 жылдығы аталатын Кеңес Одағының Батыры Николай Дмитриевич Авдеев атындағы көшенің жолы 1952 жылдан бері жөндеу көрмеген екен. Бұл туралы осы көшенің байырғы тұрғыны Дамир Мырзасов баяндап берді.
- Ауданға келетін қонақтардың, ауыл халқының жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызу үшін жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны қуантады. "Жол қадірін жолаушы біледі" демекші, соңғы кездері аудан орталығындағы ішкі көшелер бойынан жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар да әдемілеп салынуда. Бұл игі істердің барлығы ауданымыздың көркін одан сайын аша түсері анық. Аудан әкімі Асхат Смаиловтың шаруаның қырын білетін іскер азамат екенін коммуналдық шаруашылық жұмысын қысқа уақытта қалай ұйымдастырып қойғанынан-ақ көруге болады. Өзім тұратын Авдеев көшесінде соңғы рет жөндеу жұмыстары сонау 1952 жылы жасалды. Ол кезде мен 6 жастағы бала едім. Енді міне көшеміз түзеліп, көңіліміз көтеріліп қалды. Ауылдар ажарланып, көшелер көрікті болып тұрса халықтың да көңілі әрдайым шат болатыны анық. Сол үшін де аудан басшысына шексіз ризамыз. Жолда жүрген жігіттердің жұмысы алға баса берсін, - дейді Дамир аға.
Шәріптоғай ауылының тұрғыны Рафаель Насибуллин аудан орталығымен арадағы 4 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда міз бақпай бақылап тұрды. - Аяқ астынан жетіп келіп, жедел іске кірісіп кеткен бұл қандай техника деп таңданып қалғаным рас. Өзіміздің «комхоздың» жігіттері екен ғой. Сақадай сай техниканың жұмысын көріп, көзің еріксіз сүйсінеді екен. Жаңа әкімнің жұмысын күнделікті көзбен көріп жүрміз. Қысы–жазы тынымсыз жұмыс істеп тұрған коммуналдық шаруашылықтағы жігіттер де ысылып қалған сияқты. Тың серпіннің болғаны анық, – дейді Шәріптоғай тұрғыны.
Коммуналдық мекеменің автосамосвал Камаз, грейдер, МТЗ-80, МТЗ-82 тракторлары аудандық маңыздағы жолдарды грейдерлеу, қиыршық құм төсеуді жалғастырады. ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жылқышев жөнделетін жолдарды да тізіп берді. Алдағы күндері Преображенка – Шұғылбай, Қойтас, Биғаш – Егінбұлақ, Үкіліқыз – Кішібөкен, Толағай, Ұзынбұлақ, Үлкенбөкен – Көкжайық – Үлгілімалшы бағытына техника жіберіледі.
Дархан БЕРДІБЕК
Пікір:
Көкпекті аудандық
«Жұлдыз - Новая жизнь»
газетінің сайтына
қош келдіңіздер!
Біздің заманымыз – күнделікті өмірімізге дәстүрлі, қарапайым іс-әрекеттерімізді жаңа әрі жетілдірілген түрімен алмастыра отырып енген жаңа технологиялар уақыты. Бүгінде ғаламтор өміріміздің белсенді бөлігіне, қарым-қатынас орнатудың ыңғайлы және заманауи үлгісіне айналып отыр. Соған сай, біздің газетіміз ашық пікір алмасуға әрдайым дайын. Сіздердің әр пікірлеріңізге қуана жауап береміз және редакция тарапына қойылған қандай сауалдарыңызды да жауапсыз қалдырмауға тырысамыз. Газет сайтынан ауданымыздың ең соңғы жаңалықтарымен таныс болумен қатар, көптеген жаңа және танымдық материалдарды таба аласыздар. Пікірлеріңіз бен тілек-ниеттеріңізді Facebook, Вконтакте әлеуметтік желілеріндегі парақшамызға жолдай аласыздар. Әріптестігіміз қызықты, жаңашыл әрі пайдалы болады деген үміттемін!
Құрметпен Көкпекті аудандық «Жұлдыз» - «Новая жизнь» газетінің редакторы Ф.М.Таянкенов.